Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа үндеу
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа үндеу
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 72-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мәселелері регламенттелген Республика Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағын ресми түсіндіру туралы Үндеу жолдады.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 2015 жылғы 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы толығымен қолдайды. Уақыт талабынан туындап отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болып, қазақстандық қоғамда оң пікірлер туғызуда. Халықаралық ахуал шиеленіскен, әлемде қақтығысты жағдайлар туындаған және жаһандық экономикадағы дағдарыстық құбылулар орын алып отырған уақытта ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етіліп, әлемнің ең дамыған елдерінің тобына кіру мақсатында Сіздің «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегияңызды, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын және «Нұрлы Жол» бағдарламасын табысты іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Сіздің дана әрі мықты көшбасшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы барлық қиындықтарды абыроймен еңсере білді. Сіз тәуелсіздік жылдарында дамыған нарықтық экономикасы, халықаралық қоғамдастықтағы беделді ұстанымдары бар табысты мемлекет құра білдіңіз. Сондықтан да, қазақстандықтардың бүгінгі таңдағы барлық жетістіктерін: тұрақты экономикалық өсуді, демократияның дамуын, ұлтаралық келісім мен әлеуметтік игілігін Сіздің есіміңізбен байланыстыруы заңды. Қазақстан дамудың жаңа сатысына аяқ басуда. Осы орайда, белгіленген реформаларды одан әрі жүргізуге бағытталған Сіздің бағдарыңызды табысты жүзеге асырудың сөзсіз шарты болып табылатын тұрақтылықтың маңызы зор. Біз, Парламент Сенатының депутаттары, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу елімізде бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал ететіндігіне сенімдіміз. Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізден Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдап, кезектен тыс президенттік сайлауды белгілеу туралы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз. Астана, 2015 жылғы 19 ақпан.
* * *
Қазақстан үшін бұл саяси науқан ауадай қажет деген сенімде жоғары палатаның депутаттары. Өйткені, әлемдегі экономикалық жағдай күн санап құлдырап барады. Сондықтан, ел ішіндегі ірі бағдарламаларды шұғыл жүзеге асыру керек. Ол үшін ертерек Президентті қайта сайлап, алаңсыз болашақ жобаларды орындауға кіріскен дұрыс екен. Жалпы, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған еді. Осы аралықта науқанды еліміздегі ірі саяси күштер, ұйымдар мен партиялар және парламенттің қос палатасы да қолдап үлгерді. «2015 жылы Президент сайлауын өткізген дұрыс деп ойлаймыз. Аржағында «2050 Стратегиясы», «Нұрлы жол» бар. Екінші бесжылдық басталды. Сондықтан Елбасының қасына жұмылып, жұмысқа кіріскен дұрыс деп ойлаймыз», - деді сенатор Мұхтар Алтынбаев.