Саясат

Бақытты болашақ бүгіннен

Бақытты болашақ бүгіннен

32

Светлана БОЙКО, «Мерей» өнер студиясының құрылтайшысы. Мен қашанда қазақ халқының алдында басымды иемін, қасиетті топырағын сүйемін. Себебі қазақтың шұрайлы тілін, дариядай дархан көңілін, дос пейілін өміріме үлгі, жаныма медет һәм серік етіп келе жатқан жанмын. Қазақтың байтақ даласының самалы маңдайыма, дәмі таңдайыма тиген, адал ниеті мен жылы сөздері жұдырықтай жүрегімнің төрінен орын алған перзентімін. «Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының тең құқылы балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі» деп Елбасымыз өте орынды, дәл айтты. Жүзіміз басқа болғанымен, жүрегіміз, тілегіміз бір біздің, яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақ жерінде тұрып, өсіп-өніп, оқып, білім алуына, қалаған жұмысын істеуге барлық жағдайлар жасалып отыр. Әсіресе, жастарға қолдау ешқашан ұмыт қалған емес. Президентіміздің арқасында бүгінде барлық ұлт өкілдерін ұйыстырып отырған мемлекетімізде ел бірлігінің мерейі үстем. Халқымызды етене жақындастыра түсетін Ассамблея жылын тойлау – соның бір ғана айғағы. Сондықтан бізге осындай мүмкіндіктің бәрін жасап отырған Елбасымыздың саясатын біз қашанда қолдауға дайынбыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсынысын аса зор қуанышпен қабыл алдық. Өйткені жаһандық дағдарыс жан-жақта қыспаққа алған тұста, қиындықтарды еңсере білетін, біздің болашағымызға жауапкершілікпен қарайтын, мызғымас бірлік пен татулықты орната білген Мемлекет көшбасшысын сайлап алғанымыз өте орынды деп есептеймін.

Тараз қаласы.