Экономика

Орынды жасалған ұсыныс

Орынды жасалған ұсыныс

31Керімқұл Бегалиев,

«Зылиха» ШҚ төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты.

Бүгінде біз ақпарат құралдары арқылы әлемде болып жатқан түрлі жайлардан хабардармыз. Әлемді шарпыған дағдарыстың, мұнай бағасының құлдырауы мен Ресейге салынған санкциялардың біздің елге де тигізер әсерін бағамдаймыз. Бұл дағдарыстың алдын алу мақсатында Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын арнап, алда атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді айқындап берді. Десе де дағдарыстың ұзаққа созылар түрі бар. Соған байланысты елімізде мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі көтерді. Қарап отырсақ, баршамыз жаһандық экономика тұрақсыздығының куәсіміз. Әлемдік экономика дамуының 2015-2016 жылдарға арналған болжамдары көңілге демеу бола алмайды. Металл мен мұнайға әлемдік баға айтарлықтай құлдырауда. 2016 жылы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс шырқау шегіне жетеді деген сарапшылардың болжамы бар. Негізінен ел Президенті сайлауы мен Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс сайлауы 2016 жылы қатар өтуі керек-ті. Бірақ дағдарыс жағдайында бір жылда екі сайлауды қатар өткізу ел экономикасына ауыр тиетіні айтылуда. Ең алдымен біз ел Президенті сайлауын мерзімінен бұрын өткізіп алсақ, жаңа сайланған Президент барлық назарын Қазақстанның дамуына, экономиканың дағдарысқа ұшырамауына бұрады деп сенеміз. Мен аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының жаңа 50 тұлғасының бірі ретінде әлемдегі күшейіп келе жатқан экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан Президентінің сайлауын кезектен тыс өткізу идеясын толық қолдаймын. Бұл Елбасы бастаған «Нұрлы жол» мен ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарламаларын іске асыруды үздіксіз жалғастыруға мүмкіндік береді деп санаймын. Жуалы ауданы.