Саясат

Бірауыздан қолдауға тиіспіз

Бірауыздан қолдауға тиіспіз

27Ерболат САУРЫҚОВ,

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынып отырған бұл бастаманы барша халық қолдайды деп ойлаймын. Мемлекет басшысының Жолдауларында айтылғандай халықтың ұстанымы – тыныштық, татулық, бейбітшілік. Елбасының еліміздің дамуы жолында, әлемде бейбітшіліктің сақталуына жасаған еңбегі өлшеусіз екендігін Қазақстан халқы ғана емес, шетелдің белді саясаткерлері де айтуда. Қазіргі дамыған өркениеттің көшінен қалмай, керісінше кейбір салаларда көш бастап келе жатқан Қазақстанның әрбір жетістігі Елбасы есімімен тікелей байланысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын өз ұпайын түгендеу үшін емес, елдің тыныштығы, жарқын болашаққа бағыт алған жас мемлекеттің келешегін ойлағандықтан деп түсіну керек. Түрлі саяси ахуалдардың салдарынан көптеген мемлекеттің төбесінен бұлт төніп тұрғанда бар-жоғы ширек ғасырға жуық мерзімде әлемнің алпауыт елдері санасатын деңгейге жетіп, жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын іргелі елге айналу жүйелі саясат жүргізгенде ғана мүмкін болады. Ал мұндай жүйені қалыптастырып, дамудың тиімді стратегиясын жаңылмай қолданып, дағдарыстан дамуға жол таба білу терең білім мен жан-жағыңа байыппен қарауды талап етеді. Бұл үдеден шыға білген Мемлекет басшысына халықтың сенімі одан әрі арта түсетіні анық. Негізі, Конституция бойынша Президент сайлауы келесі жылы өткізілуі тиіс. Алайда 2016 жылы бұдан бөлек Парламент сайлауы күтіп тұр. Екі бірдей ірі саяси науқанды бір жылда жасау мемлекеттің саяси жүйесіне жүк болуы ықтимал. Сонымен қатар, былтырғы жылдың қараша айында Президенттің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын және «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді стратегиясындағы бағдарламаларды дамытуға, іске асыруға белсене кірісу үшін мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу тиімді болмақ. Әрі бұл қазіргі жағдайда уақыт талабы. Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда жұмылған жұдырықтай болып, бір ауыздан Елбасын қолдауымыз керек.