Уақыттың өзі тудырған бастама
Уақыттың өзі тудырған бастама
Қожахан ЖАБАҒИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің биыл елімізде мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы көтерген бастамасын қоғам өкілдері оң қабылдауда. Көптің көзі ашық. Қолдау танытып жатыр. Мәселе мынада, 2016 жылы Конституцияға сәйкес, Президент пен Парламент сайлаулары өтуге тиіс. Сол Конституция бойынша, бір жылдың ішінде бұл екі науқанды қатар өткізуге болмайды. Бұл – бір. Екіншіден, жұртшылық бағамдап отырғандай қазіргі таңда оқиғалардың қаншалықты жылдам қарқында дамып бара жатқаны сондай, 2016 жылы екі бірдей науқанды өткізу сайлаушылар үшін де, саяси жүйе ретінде мемлекет үшін де өте ауыр жүк болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері осындай жайттарды тап басып, маңызды бастама көтерді. Бұл ұсынысты уақыттың өзі тудырып отыр деп айтуға толық негіз бар. Кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу еліміздің гүлденуі мақсатына қол жеткізу үшін барша қазақстандықтардың жасампаз күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік беретін қадам екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда біз үшін мемлекеттің, қоғам мен барша азаматтарды Елбасы-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтастыра отырып, Бірлік, келісім мен тұрақтылықты сақтай білу ауадай қажет. Бұл біздің бұрынғыдан да қуатты болу мүмкіндігімізді арттырады, әрі «Қазақстан-2050» Стратегиясы және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын мерзімінен бұрын орындауды қамтамасыз етеді. Біздің халқымыз ел тарихының ең бір шешуші сәттерінде болашақ ұрпақ қамы үшін даналық таныта отырып, өз көшбасшысының төңірегіне топтасу мен бірігудің ең биік деңгейін көрсете білген. Бұл жолы да тағдыры ортақ, тарихы бір, тағылымы терең халқымыздың өсіп-өнгендіктің өнегесін танытатындығына кәміл сенеміз. Барша отандастарымыз Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын қолдайды деген сенімдемін. Көптің талқысынан өткен бұл қадамды халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санаймыз. Астана қаласы.