«Жеңіс пойызы»
«Жеңіс пойызы»
жолға шықты
Ақпанның алғашқы күндерінен облысымызда «Жеңіске тағзым» айлығы жүруде. Айлық аясында «Денсаулық және қамқорлық» автокеруені барлық аудандарға шығып, соғыс ардагерлерімен кездесті. Отан үшін от кешкен майдангерлер мен Жеңісті жақындатуға атсалысқан тыл еңбеккерлеріне құрмет мұнымен толастап жатқан жоқ. Ендігі кезекте облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Жамбыл жол бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Жеңіс пойызы» жолға шықты.
Бейсенбі күні «Тараз» темір жол бекетінде құрамына денсаулық сақтау және өнер саласының қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, үкіметтік емес ұйымдардың, ардагерлер кеңестерінің өкілдері мен белсенді жастар қамтылған «Жеңіс пойызын» салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Биылғы жыл – ерен ерлікке ерекше тағзым ететін жыл. Бұл жыл – ардағы биік ардагерлерімізді ұлықтайтын ұлы жыл. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухтарына бас иетін жыл. Өйткені, қасиетті де қастерлі Отан үшін жанын пида еткен боздақтарды еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойына үлкен мән беріп, ардагерлерге қамқорлық жасауды міндеттеді. Біздің облыстан қан майданға 50 мыңнан астам азамат аттанды. Олардың елге 12 мыңға жуығы ғана оралды. Бүгінгі күнге облысымызда сұрапыл соқыстан аман келіп, еліміз үшін аянбай еңбек еткен 245 соғыс ардагері ортамызда. Облысымыз ардагерлерді ардақтау шараларын бастап кетті. Ағымдағы жылдың 2 ақпанынан бастап облыс көлемінде «Жеңіске тағзым» айлығы жарияланды. Айлық аясында «Қамқорлық және денсаулық» автокеруені барлық аудандарға шығып, соғыс ардагерлерімен кездесті. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлерінің жағдайларын зерттеп, тиісті шараларды қабылдады. Жергілікті жерлерде наурыз айында ескерткіштерді абаттандыру және қайта өңдеу жұмыстары басталады. Айлық аясындағы ендігі кезек – шалғай стансалар мен разъездерде тұратын аға ұрпақтың жасаған ерліктері мен еңбектеріне, Ұлы Жеңіске қосқан үлестеріне тағзым ету. Осы мақсатпен облыс орталығынан «Жеңіс пойызы» жолға шыққалы тұр. Бұл «Жеңіс пойызы» облыс аумағындағы 38 стансаға тоқтап, темір жол саласында жұмыс істеп жатқан 2449 қызметкердің отбасындағы қарияларға, тыл еңбеккерлеріне де қызмет көрсететін болады.
Жеңіс жолында ең қымбатын – өз өмірін құрбан еткендердің қаһармандық ерлігін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Егемен елі барда ерлер есімі ешқашанда өшпейді. Біздің борышымыз – сол алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қызмет көрсету. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс пойызының» жолы ақ, сапары сәтті болсын! – деді облыс басшысы. Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков сөз сөйлеп, ел ағаларының ардагерлерге көрсетіп отырған қамқорлығы үшін алғысын білдірді. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Дәулетбай Есімбеков ізгі тілегімен бөлісті. Тілектер тізбегінен соң «Жеңіс пойызы» «Жамбыл-Жуалы-Жаңатас», «Жамбыл-Шу-Шығанақ-Отар» бағыттары бойынша салтанатты жағдайда жөнелтілді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.