Саясат

Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы

Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы

21«Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнеске айналмауы керек. Мемлекеттік қаржыны фирмаларға, өздерінің таныстарына, достарына және туысқандарына шашуларына жол бермеу керек. Өкінішке қарай, облыстың үш әкіміне қатысты дәл осы себеппен тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді. Елбасы ел көкейіндегі сөзді айтты. Шынында қоғамдық дамуымызға кері әсер ететін осыбір жағымсыз құбылысты түп-тамырымен жоюға бар күш-жігерді жұмсайтын кез келді. елімізде бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа жол берген ірілі-ұсақты мемлекеттік қызметкерлер тиісті жазаларын алып та жатыр. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменділігі бұрынғыға қарағанда арта түскенін көрсетеді.  «Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары – облыстық  Тәртіптік кеңестің  төрағасы  Ғалым Тұрсынбаев қоғамымыздағы «індетке» айналған өзекті мәселеге байланысты сауалдарымызға жауап берді.

– Ғалым Сұлтанұлы, өзіңіз жақсы білесіз Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет пен қоғам күштері бірігуінің маңыздылығын атап өтті. Осы бағытта біздің өңірде қандай шаралар атқарылуда? – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге баса назар аударады. Президенттің мемлекеттік басқару құрылымындағы өзіндік орны болған екі органды қосу жөніндегі шешіміне әсер еткен объективті себептердің бірі осы деп ойлаймын. Бұл жерде, ең бастысы, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қоғамды жұмылдыру. Ал ол үшін қоғамның тиісті органға деген сенімі нығаюы тиіс. Мысалы, Агенттікте құқық қорғау органының мәртебесі сақталғанымен, оны милитаризациядан сақтау принципі көзделді. Дәлірек айтқанда, қазіргі таңда Агенттіктің құқық қорғау қызметін атқаратын қызметкерлерінен әскери шендер алынып тасталды. Сондай-ақ, жеке құрамның қатары әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен толықтырылды. Біздің қызметкерлер үшін қызмет ету барысында ұстануға тиіс арнайы әдептілік нормалары әзірленіп, барлық қызметкерлер қарапайымдылықты дәріптейтін ерекше міндетті шектеулерді қабылдады. Қорыта айтқанда, заң сыйлаушы халықпен жақын бола отырып, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың субъектілері болып табылатын тұлғаларға талап қоя білетін орган болуымыз қажет. Сондықтан, біздің жұмысымызда халықтың осы органға деген сенімін ұялататын заңдылық, жоғары кәсібилік, мәдениеттілік және қарапайымдылық стильдері доминантты болады деп сенемін. Қазіргі таңда біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында қоғамды жұмылдыруға бағытталған идеологиялық жұмыстар атқарып жатырмыз. Облыс жұртшылығының түрлі санаттарымен кездесулер өткізе отырып, жемқорлықтың мемлекетімізге төндіріп жатқан қаупін түсіндіріп, оған қарсы тұруға шақырудамыз. Атап айтсақ, жыл басынан бастап мұғалімдермен, дәрігерлермен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, жастармен, мемлекеттік қызметшілердің өздерімен бірнеше кездесулер өткіздік. – Елімізде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы мен «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл маңызды құжаттардың қайсысы болсын қоғамның жегіқұртына айналған сыбайлас жемқорлық әрекеттің жолын кесуге бағытталған. Облыста осы құжаттар негізінде қандай кешенді жоспар жасалды? Бүгінде оның жүзеге асырылу барысы қалай? – Стратегияда белгіленген 6 бағыт бойынша тиісті жауапты мемлекеттік органдармен және олар арқылы қоғамдық ұйымдармен өткізілетін бірлескен жоспарлар құрдық. Ол жоспар бір жылға емес бірнеше жылға есептелген. Яғни, жылда тұрақты көзделген шаралар топтамасы болмақ. Сыбайлас жемқорлықты бір жылда жеңу мүмкін емес, оны барлығымыз жақсы білеміз. Дегенмен, жүйелі жұмыстарды енгізу арқылы, оның ішінде сыбайлас жемқорлық мәселесіне деген қоғамның көзқарасын бұра отырып өзгертуді көздейміз. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыруды, оның ішінде мектеп жасындағы жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын, түрлі санаттағы қоғам өкілдерін қамти отырып іске асыратын боламыз. Мәселен, осы ақпан айының ішінде ғана департамент қызметкерлерімен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының білімгерлерімен жоспарланған 44 кездесулер өткізуге кірістік. – Сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары аудандарда қай деңгейде жүргізілуде? Өзіңіз Тәртіптік кеңестің аудандардағы көшпелі қоғамдық қабылдауында жиі болып тұрасыз. Ауыл тұрғындары көбіне қандай мәселені алға тартады? – Қазіргі таңда Тараз қаласында, Байзақ, Жамбыл аудандарында жергілікті қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, тиісті жерлерде «Нұр Отан» партиясы филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдаудамыз. Өткізілген қабылдауларға жалпы 15 адам өз сұрақтарымен қайырылған болатын. Сұрақтардың арасында жұмысқа орналасу, мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттері бойынша, мемлекеттік қызметті өткеру және тағы басқа мәселелер кездесті. Дегенмен, сұрақтардың көбісі біздің департаментіміздің құзырына жатпайтын мәселелер болатындығын айта кету керек. Яғни, көбісі жергілікті жердегі билік өкілдерінің шешетін мәселелеріне қатысты болады. – Бүгінде құзырлы органдар тарапынан бақылау қаншалықты тегеурінді болғанымен, мемлекеттік қызметшілер арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптарын белден басып, қызмет бабын асыра пайдаланушылар таусылар емес. Олардың мәселесі облыстық Тәртіптік кеңестің де назарында. Халық үміт артып, сенім білдірген мемлекеттік қызметшілер неліктен заңсыздықтарға жол беруді тоқтатпайды? Осыған орай сіздің пікіріңізді білсек. – Әрине, Тәртiптiк кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өз өкілеттігіне сәйкес жұмысын атқаруда. Бұл – мемлекеттiк тәртiпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын және Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызметшiлерiнiң Ар-намыс кодексін сақтау мәселелерi. Тәртiптiк кеңестер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңнамалардың және Ар-намыс кодексінің талаптарын сақтамаған мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істерін қарайтын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысын үйлестіретін алқалы органдар болып табылады. Тәртіптік кеңес өз қызметін ашық, жариялы түрде атқарады, барлық мәжілістерге, көпшілікпен өткізілетін іс-шараларға міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылатындықтан да облыс тұрғындары қаралған мәселелер жайлы ұдайы хабардар етіліп тұрады. Жемқорлық проблемасын шешуде кешенді және жүйелі түрде қарау керек. Жазалау әдісі мен алдын алу әдістерін үйлестіре отырып жемқорлық құбылысының тамырын зерттеу қажет. Бұл жерде негізгі назар жемқорлықты пайда болатын себептерді анықтап, оған жол беретін немесе итермелейтін жайларды жою тиімді болмақ. Мемлекеттік органдарда әлі де болса өз қызметіндегі өзекті мәселелерге терең талдау, сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептеріне мониторинг жасалмай отыр, өз бастамасымен ұсыныс жасамайды. Орын алып отырған келеңсіздіктердің басым бөлігі мемлекеттік қызметшілердің заңды тиісті деңгейде білмеуінен туындап отыр. Мемлекеттік қызметшілер өздеріне жүктелген қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарайды. Кей жағдайда жүктелген қызметтік міндеттерін тиісінше атқаруға мемлекеттік орган басшыларының тарапынан тиісті бақылау жасалынбай отырғандығын да атап айтар едім. Осы күні жемқорлықпен күрестің негізгі жолы ретінде тек анықталған құқық бұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту, сөйтіп көрсеткіштерімізді жаһанға жариялау дағдыға айналып бара жатқан сияқты. Негізінде жұмыстың негізгі күшін жоғарыда айтқандай, жемқорлықтың пайда болу себептеріне үңіліп соны болдырмауға бағыттасақ, жемқорлыққа жағдай туғызатын себептерді жойсақ жемқорлық та азаятыны сөзсіз. Осы бағыттағы шаралардың маңыздысы күшті ақпараттық-насихаттық үгіт және халықты жалпылай құқықтық сауаттандыру болып табылады. – Өткен жылы облыстық Тәртіптік кеңес қанша отырыс өткізді? Қаралған мәселелердің қорытындысы жөнінде не айтасыз? – 2014 жылдың 12 айында Тәртіптік кеңестің мәжілісі 21 рет өткізілді, онда 127 мәселе талқыланып, олардың арасында 98 тәртіптік іс қаралды. 14 тәртіптік іс мәні бойынша шешім қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жолданды. 17 тәртіптік іс тоқтатылды. Өткен жылдың 12 айында Тәртіптік кеңестің ұсыныстары бойынша 66 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар иелерінің арасында 59 мемлекеттік қызметші, сондай-ақ, 7 өзге тұлға бар. Осылардың арасынан 40 тәртіптік іс бойынша сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергендері үшін тәртіптік жаза қолданылды. Қолданылған тәртіптік жазалар: 3 – атқаратын қызметінен босату (2 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін); 3 – қызметінен төмендету (3 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін); 42 – қызметіне толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту (35 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін); 12 – қатаң сөгіс; 5 – сөгіс; 1 – ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. – Облыста жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылық әрекеттер қай салаларда ерекше көзге түседі? Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын құқық бұзушылық әрекеттерді де тарқатып айтсаңыз. – Талдау көрсеткендей, өткен жылы тәртіптік кеңестерде қаралған материалдар бойынша сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың үлесі 88% болып отыр. Демек, көп жағдайда ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 10) тармақшасында қарастырылған өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзғандықтары үшін тәртіптік жауапкершiлiкке тартылуда. Ал құқық бұзушылыққа жол берілген мәселелерге тоқталсақ, олар: мемлекеттік сатып алуды өткізу, сот шешімдерін орындаудағы атқарушылық өндіріс, тұрғын үй қатынастары тағы басқа мәселелер. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Жетібаевқа, Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е. О. Сейтбековке, Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің басшысы Б.Байболатовқа, Сарысу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Т.Аймағамбетовке, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Ж.Сүгірбековке, Сарысу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Т.Есқұловқа, Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Т. Т. Қырғызбаевқа, Мойынқұм ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Жақсымбетовке тәртіптік жазалар қолданылды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін Мойынқұм ауданы әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы К.Сейсебеков атқарып отырған қызметінен босатылды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін Сарысу ауданы әкімінің орынбасары К.К.Әукеновке, Шу ауданы әкімінің орынбасары Е.К.Өмірәлиевке қызметiне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Тәртіптік кеңестің басты мақсаты – қоғамда бүкіл халықтық мақсат, мүддеден туындап отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қолдауға деген көзқарасты одан әрі дамыту, мемлекеттік қызметшілердің халыққа көрсететін қызметі, қарым-қатынасы тек заң шеңберінде ғана жүргізілуі тиіс екендігі және оған деген талап күшейтіліп отырғандығы, ал бұл талаптар сақталмаған жағдайда атқарып отырған лауазымына қарамай заң алдында бірдей жауапкершілікке тартылатындығын үнемі көпшілік назарына салып отыру, яғни, жасалған құқық бұзушылықтарға тиісті баға беріп, оны болдырмауға шаралар қабылданып отырғанын жеткізу. – Халық бұрынғы қаржы полициясы органдарының сенім телефонына хабарласа ма? Ол бойынша азаматтардың шағымы қаншалықты шешімін табуда? – 2014 жылдың тамыз айында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында бірыңғай мемлекеттік саясатын іске асыру жаңадан құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құзырына жатқызылған. Жаңадан құрылған агенттіктің басым бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлықты болдырмау, яғни оның алдын алу болып табылады. Қойылған міндеттерді орындауда азаматтарды ақпараттандыру, білікті құқықтық көмек көрсету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға баса назар аударылады. Осы мақсатта Агенттікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңдылық нормаларын түсіндіру бойынша азаматтардың өтініштеріне арналған республика бойынша бірыңғай 1494 нөмірлі консультациялық орталық құрылған. Қылмыстық фактілері бар өтініштер де осы нөмір арқылы тіркеліп, Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тексерулер ұйымдастыруда. – Сыбайлас жемқорлық көбінесе мемлекеттік сатып алу (тендер) барысында орын алады. Осы «нысанасы» белгілі жерде болатын қылмыстық істердің неге алдын алмасқа? Ел аузындағы «откат», «шапка» деген жағымсыз сөздер осы мемлекеттік сатып алушылар мен сатушыларға қатысты айтылады емес пе? – Қоғамда мемлекеттік сатып алу барысында мемлекеттік қызметкерлер тарапынан заң бұзушылыққа жол беріліп жатқандығы көпшілікке белгілі. Ол туралы күнделікті БАҚ-тан естіп те, көріп те жатырмыз. Сондықтан да департамент өзінің күнделікті жұмысында мемлекеттік сатып алу (тендер) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесін негізгі бағыт деп есептейді. Айтып кететін жағдай, департамент нақты өзінің жұмысына ағымды жылдың басынан кірісті. Қазіргі таңда департаменттің талдау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бөлімімен облыс аумағында электронды түрде өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алу процедураларына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Жыл басынан бөлім тарапынан бірқатар мемлекеттік органдарында өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алу барысында жіберген заң бұзушылықтарды анықтап, оларға әзірше ақпараттық хаттар жолданды. Аталған шаралар нәтижесінде облысымыздың бірқатар мемлекеттік органдардың бюджеттік қаражатты негізсіз пайдалануына шектеу қойылды. Бюджеттік қаражатты негізсіз пайдаланған мемлекеттік органдар арасында атқарушы билік және бірқатар білім мекемелері бар екендігін айта кету керек. – Сыбайлас жемқорлыққа мекеме басшылары мен олардың орынбасарлары, бухгалтерлері жол беріп жатады. Бұл неліктен? Жаза жеңіл ме? Әлде оларды әшкерелеген кездегі тағылған айыптың әлсіздігі ме? – Қазіргі заңнама талаптары қатал. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларында тиісінше тәртiптiк, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiк көзделген. Бірақ ондай жәйттер ішінара заңды тиісті деңгейде білмеуі салдарынан, немқұрайлықтан да орын алып жатады деп ойлаймын. Осы орайда «Заңды білмеу, тиісті жауапкершіліктен босатпайтындығын» атап өткім келеді. 2015 жылғы қаңтардан бастап жаңа ҚР Қылмыстық кодексі күшіне енгізілген болатын. Жаңа кодекс тұжырымдарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған лауазымды тұлғаның, мемлекеттік қызметте лауазымға орналасу құқығына өмір бойына тыйым салынады. Мысалға айтатын болсақ, жылдың басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерімен облыстың мемлекеттік кіріс департаментінің ұйымдастыру-қаржы басқармасының басшысы азаматша Ж.-ға қатысты сотқа дейінгі тергеу қылмыстық ісі тіркелді. Ол 3,5 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып, қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта бұл іс соттың қарауында. Бұл мысалмен айтқым келіп отырғаны, мемлекеттік қызметке келген әрбір азамат баю жолын іздеп емес, халыққа адал қызмет жасауға ұмтылуы тиіс және мұны алғашқы күнінен өзіне басты қағида етіп ұстағаны абзал. Менің ойымша, жаңа кодекс талаптарының арқасында заңсыз жолмен ақша тапқысы келетін азаматтардың қатары сиреп, мемлекеттік қызметшілердің ішінде тек қызметіне адал, үлгі тұтатын азаматтар болады деп есептеймін. – Бұрнағы, оның арғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен ұсталған кейбір мекеме басшысы ақталып, қазір жауапты қызметтерде жүр. Бұл мысал халықтың сыбайлас жемқорлармен күреске деген сенімін жоғалтпай ма? – Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, бірақ сот шешімімен ақталуға жататын негізбен қылмыстық жазасын алмаған тұлға мемлекеттік органда жұмысты жалғастыруға жалпы негізде құқы бар екендігіне байланысты, ондай жәйттердің орын алуы мүмкін. Бірақ қазіргі Заң талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, сот шешімімен кінәлі болып танылған тұлға, мемлекеттік қызметте лауазымға орналасу құқығынан өмір бойына айырылады. – Сыбайлас жемқорлықпен күрес пәрменді болуы үшін оларға қарсы қандай шаралар қолдану керек деп ойлайсыз? – Қоғам тазалану керек. Қоғамда заңға бағыну, оны қайткенде де сақтау принципі пайда болуы шарт. Сыбайлас жемқорлық екі субъекттің арасында пайда болатын құбылыс. Көп жағдайда, осы екі субъект сол қылмысты жасасуға мүдделі болғандықтан, өзгеге тіс жармайды. Бірақ түптеп келгенде оның біреуі сол жемқорлық сипатындағы іс-қимылдың бастамашысы. Яғни, әрбір қоғам өкілінің бойында, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа өзі қатыспаса да сол көріністерге куә бола тұра, шет қарап тұрмай оған төтеп бере алатын мінез-құлық пайда болуы керек. – Ғалым Сұлтанұлы, өзгеден Заң талаптарын бұзбауды талап етпестен бұрын өз қызметкерлеріңіздің тәртібі дұрыс болуы керек шығар. Осы тұрғыда қызметкерлеріңіздің тәртібіне бақылау қандай екендігін білгіміз келеді? – Департаменттің мақсатты және жүйелі жұмыс жүргізуі үшін өз қатарымыздың таза болуына аса көңіл бөлінеді. Мемлекеттік қызметшінің арына кір келтіретін кез-келген іс-әрекеті көзден таса қалмайды. Департамент қызметкерлерінің тәртіп бұзушылық жасаған фактілері бойынша кез-келген азамат 1494 сенім телефонына хабарласа алады, сонымен бірге ондай қызметкерлерге тиісті қатаң шаралар қолданылады. Мәселен, жыл басынан бері департаменттің 4 қызметкері тарапынан тәртіп бұзушылықтар жіберілген. Оның ішінде 2 қызметкердің үстінен этика нормаларын бұзғандығы жөнінде шағым түсу нәтижесінде департаменттің ішкі қауіпсіздік бөлімімен қызметтік тексеру жүргізіліп, департаменттің тәртіптік комиссиясында қаралып, аталған қызметкерлерге қатаң тәртіптік шаралар қолданылды. Жалпы, біздің департаменттің ішкі тәртібіне сәйкес барлық қызметкерлер қызмет барысында қарапайымдылық пен этика нормаларын ұстану жөніндегі арнайы шектеулерді сақтауға міндетті. Осы міндеттердің сақталуына ішкі қауіпсіздік құрылымы бақылау жүргізеді. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Көсемәлі Сәттібайұлы, «Ақ жол».