Жаңалықтар

«Қамалды» бұзған қаламгер

«Қамалды» бұзған қаламгер

Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетіндегі «мұзжарғыш»

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №5 кітапхана филиалында І.Есенберлиннің 100 жылдығына, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай «Қазақ хандығымен қауыштырған қаламгер» атты тарихи-танымдық конференция өтті.

«Конференцияның мақсаты – оқырмандарды қазақ халқының дара тұлғасы, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің халқына қалдырған шоқтығы биік әдеби туындыларымен таныстыру. Қазақ хандығы туралы ақпарат беру арқылы ұлттық тарихымызды ұлықтауға тәрбиелеу, ұлт жауһарларын қадірлеуге үйрету», – дейді кітапхана меңгерушісі Раушан Манкентбаева. Кітапхана қызметкерлері «Ұлт рухын оятқан қаламгер» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, І. Есенберлиннің «Жан сырым», «Көшпенділер», «Алтын орда» кітабына шолу жасады. «Тарихи романдардың тұңғыш қаламгері» тақырыбында «Болашақ» колледжінің оқытушысы Талап Шымырбаев, «І. Есенберлин – қазақ әдебиеті тарихындағы мұзжарғыш кеме» тақырыбында Елмира Сәрсенова, «Қамалды бұзған қаламгер» тақырыбында №13 мектептің мұғалімі Нұрлан Есенов баяндама жасап, оқырмандарға жазушының шығармашылығын жан-жақты ашып көрсетті. «Қамалды» бұзған қаламгердің 100 жылдық мерейлі тойы Қазақ хандығының 550 жылдық тойымен тұспа-тұс келуі жай сәйкестік болмаса керек. Төл әдебиетімізде «мұзжарғыш» атанған І.Есенберлиннің еңбегі ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жете берері даусыз. Басқосудың түйіні де осы болды.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».