Дебютант дес берер емес
Дебютант дес берер емес
Волейболдан ұлттық лига ойындары жалғасын тауып жатыр. Еліміздің бас турнирі саналатын ұлттық лигаға осы маусымда ғана жолдама алған «Тараз» волейбол клубы қарсыластарына дес берер емес. Үшінші жалпы турда да жерлестеріміз қарсыластарының барлығын қалпақпен ұрып алды. Біздің команда турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Павлодар» волейбол клубын оңай еңсерді. Солтүстік өңір командасы жамбылдық жігіттерге қарсы еш қайран қыла алған жоқ. Есеп – 3:0. Турнир кестесінің үшінші сатысына мықтап жайғасқан «Алматы» волейбол клубы да «Тараз» командасына қарсы ойында соншалықты мығым ойын көрсете алмады. Шабуылы да, қорғанысы да тастай жамбылдық ұжым 3:1 есебімен айласын асырды. Хромтаудың «Казхромының» да шамасы бір партияға ғана келді. Елімізде бұрыннан танымал «Конденсат Жайық Мұнай» деп аталатын оралдық ұжым «Таразға» тегеурінді қарсылық көрсеткілері келгенімен, шамалары жетпеді. Есеп – 3:1. Өскеменнің «Шығысы» да тура осындай есеппен есе жіберді. Турнир кестесінің ең соңғы сатысында келе жатқан Петропавлдың «Есіл» командасын «Тараз» оңай еңсерді. Аутсайдерлер біздің ұжым алдында дәрменсіздің күйін кешті. Олар үш партияда ойсырай ұтылды. Турдың соңғы күнінде Азияға танымал Атыраудың қала аттас командасымен жолымыз түйісті. Алғашқы екі партияда «Тараздың» айқын басымдылығы аңғарылғанымен, үшінші кезеңде «Атыраудың» мерейі үстем болды. Төртінші партия тартысқа толы болды. Ұзақ уақыт бойы ұпай теңесіп келгенімен, шешуші сәтте шабуылда керемет өнер көрсете білген «Тараз» волейбол клубы жеңісті жұлып алды. Осылайша «Тараз» көш тізгінін нығырлай түсті. Жерлестеріміздің еншісінде – 60 ұпай. Екінші орындағы «Павлодар» 18 ұпайға артта қалса (42 ұпай), үшінші сатыдағы «Алматыда» бар болғаны 33 ұпай бар. Бір сөзбен айтқанда, «Тараздың» биыл чемпион атануға мүмкіндігі мол...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».