Саясат

«БІЗ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!»

«БІЗ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!»

«ДОСТЫҚ» ҮЙІНДЕ ӨТКЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР ОСЫЛАЙ ДЕДІ

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастамасы бүгінде жер-жерде қызу талқылануда. Осындай мақсаттағы басқосудың бірі облыстық «Достық» үйінде өтті. Оған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшелері, этномәдени орталықтардың жетекшілері, осы орталықтар жанындағы ақсақалдар алқасының, аналар кеңесінің, жастар қанаттарының өкілдері түгел жиналды. Дөңгелек үстел отырысын ашқан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Лариса Лысова басқосудың мән-маңызына тоқталды. – Баршаға белгілі, апта аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтерген болатын. Өз басым бұл дер кезінде жасалған ұсыныс болды деп ойлаймын. Тәуелсіздік жылдарында еліміз толайым табыстарға қол жеткізді. Әлем елдері қызыға да, қызғана да қарайтын күнге жеттік. Мұның бәрі Елбасы-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің жемісі. Біздің алға қойған мақсаттарымыз да айқын. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты – сол биіктерге жетелейтін қадам. Міне, сондықтан да біз тұрақты даму тенденциясын сақтай отырып, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек. Елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу – осы бағыттағы оңды бастама. Оның үстіне, келер жылы Парламент сайлауы қатар келіп тұр. Ал бір жылда қос сайлаудың бірге өткізілуі конституциялық нормаларға да қайшы келеді. Әлемде геосаяси жағдай мен экономикалық ахуалдың күрделене түсуі де бізді ойландыруы тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Үндеуі осындай негіздерді ескере отырып жасалған дұрыс бастама болды деп ойлаймын, – деді Л.Лысова. Басқосуда сонымен қатар «Дніпро» украин, М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени орталықтарының жетекшілері Федор Клименко мен Махаббат Тұрдыева, тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдау елімізде орныққан татулық пен тұрақтылықты қолдау екендігін айтты. Көптің пікірі осылайша бір арнада тоғысты. Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар мұнан соң Үндеу қабылдады. Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері сонымен қатар осындай жиындарды аудандарда да өткізуге уағдаласты.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».