Саясат

Тренингте заманауи әдістермен танысты

Тренингте заманауи әдістермен танысты

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында Саяси менеджмент мектебінің ұйымдастыруымен «БАҚ-пен өзара іс-қимыл технологиялары» тақырыбында тренинг өтті. Оған мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері қатысты. Тренингті партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Саяси менеджмент мектебінің жаттықтырушысы Михаил Дорофеев жаңа және дәстүрлі медиа арқылы қоғамдық пікірді қалыптастырудың қазіргі заманғы технологиялары, солар арқылы көпшілікке әсер етудің тиімді жолдары туралы әңгімеледі. Қатысушылар бұл жиыннан «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің халықпен қарым-қатынасты жолға қоюдың заманауи тәсілдерінің мәнін түсініп, әлеуметтік желілердегі жұмыс ерекшелігі туралы мәлімет алды. Сонымен қатар, өзге де түрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас дағдыларынан хабардар болды. Тренинг барысында депутаттар нақты кейстерді талқылап, қорытындылап, қоғамдық пікірге дәстүрлі және жаңа медиа арқылы әсер ету әдістерімен танысты және практикалық сабақтарға қатысып, «Соңғы он жыл ішінде ақпаратты тарату заңдары қалай өзгерді және неге оны ескеру қажет?», «Медиа дағдарысы: не істеу керек?» деген сауалдарға жауап алды. Соңынан барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».