Саясат

Қоғамдық қабылдау өткізілді

Қоғамдық қабылдау өткізілді

Кейінгі кездері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, көптің көкейіндегі сауалдарға сол сәттің өзінде тиісті жауаптар беріп жүргені байқалады. Бұл әрине жақсы. Бұқарамен байланыстың тағы бір тиімді тәсілі – қоғамдық қабылдау. Осыны ескергендіктен болар, апта басында департамент басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендер әр алуан мәселелерді алға тартты. Мысалы, Тараз қаласының тұрғыны Үрзада Күнтубаева әке-шешеден жастай жетім қалған немере қызының тағдырына алаңдаушылық білдіріп, оның кезекте тұрса да тиісті пәтерге қол жеткізе алмай келе жатқанын ашына айтты. Әжейдің сөзіне сенсек, немересі осыдан 2-3 жыл бұрын тұрғын үй кезегінде 88-ші болып тұрған. Тиісті мекеме басшысына кіріп, қайта сұрағанында ондағы қызметкерлер немересінің шын кезегі 88 емес, 63-ші екенін айтады. Арада тағы 1 жыл өткізіп барса, «баяғы жартас, сол жартас». Кезектің жылжитын түрі жоқ. Ал қолданыстағы заңнама бойынша ҰОС ардагерлері мен жетім балалар баспананы кезектен тыс алуға құқылы. Бұл мәселе бойынша қоғамдық қабылдауға қатысып отырған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Сапарәлиев түсініктеме берді. «Биыл қала бойынша бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілді. Бірақ, олар ипотекалық мақсаттағы үйлер. Егер немереңіздің кезегі шын мәнінде 63-ші болса, алда тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін соғылатын баспананың біріне ие болады», – деді Ж.Сапарәлиев. Ғ.Тұрсынбаев бұл мәселені өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді. Келесі кезекте жас келіншек Жадыра Сейтбекова бұдан бес жыл бұрын заңды түрде ажырасқан күйеуінен алуға тиісті алиментке әлі күнге қол жеткізе алмай жүргенін, сот орындаушылары оның өтінішіне салғырт қарайтынын айтты. Қоғамдық қабылдауға келушілер осы сынды түйткілді мәселелерімен бөлісті. Тіпті, кейбірі нақты қайда бару керектігін білмей осында бас сұққандарын да жасырмады. Олардың бәрінің де өтініш- тілектері мұқият тыңдалып, тиісті жауаптар берілді. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан қандай да бір әділетсіздік орын алып жатса, департаментке қайырылуға болатындығы түсіндірілді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».