Мәдениеттің мәні де, сәні де артып келеді
Мәдениеттің мәні де, сәні де артып келеді
Басқарма басшысы өз баяндамасында басқармаға қатысты барлық салада атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. «2013 жылы мәдениет, мұрағаттар салалары бойынша жалпы облыста 543 мәдениет мекемелері халыққа мәдени-көпшілік қызмет көрсетсе, 2014 жылы Байзақ ауданында Қарасу ауылдық кітапханасы ашылып, жалпы саны 544-ке жетті. Ұлттық тарихты зерделеу мақсатында «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру үшін биылғы жылы бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, қалашықтың қорғаныс жүйесі, цитадель, шахристан, рабад бөліктерінде қазба жұмыстары жүргізілді. Облыстағы мәдениет ошақтарының жағдайы кейінгі жылдары біршама жақсарды. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 2012 жылы 240,4 миллион теңгеге 15 нысан, 2013 жылы 249 миллион теңгеге 9 нысан жөндеуден өтсе, 2014 жылы 54 мәдениет нысанына 983,3 миллион теңгеге, облыстық басқармаға қарасты мәдениет және өнер мекемелеріне 113,5 миллион теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік Елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес-жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы бизнес жоспар негізінде Ежелгі Тараз қалашығын ашық аспан асты мұражайына айналдырып, туристік кластерді дамыту жұмыстары жүргізілетін болады. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне енгізілген 33 элементтің қатарына Қазақстаннан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 8 нысан қосылған болатын. Соның 5-уі біздің облыстың үлесінде. Олар: Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені. Аталған жерлерде қазба жұмыстары жүргізіліп, «Ежелгі Тараз» қалашығын ұсынуға құжаттар рәсімделуде. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында биыл Тараз қаласы мен Сарысу ауданының «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» жарық көрді. Жалпы мәдениет мекемелерінің кәсіби дамуы мен халыққа қызмет көрсету барысына тоқталар болсақ, биыл облыс театрлары 69 113 көрерменге 407 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында 19 жаңа қойылым сахналады. Сондай-ақ, аудандардағы халық театрларының облыстық «Театр KZ» фестивалі және «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған І халықаралық театр фестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және республикамыздың белді театр ұжымдары қатысты. Театр ұжымдарының жетекшілері мен актерларына атақты режиссерлар Тәжікстаннан Барзу Абдразахов пен Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай әл-Тарази шеберлік сағаттарын өткізді. Клуб мекемелеріне келер болсақ, облыста мемлекеттік жүйе бойынша барлығы 199 клуб мекемесі тұрғындарға мәдени қызмет көрсетеді. Аталған клуб мекемелерінің 161-і типтік ғимаратта орналасса, 38 клуб бейімделген ғимаратта жұмыс атқарады. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында аудандарда да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Art mix» клуб қызметкерлерінің семинары (шеберлік сағат), фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің байқауы, Меркі ауданында «Би әлемі» байқауы, Мойынқұм ауданында «Ән аға!» атты Шәмші Қалдаяқов әндерін орындаушыларының фестивалі, Байзақ ауданында «Алты Алашқа танылған ақын еді...» атты Ә.Жанқұлиев атындағы ақындар айтысы және «Жырменен өткен көп күні» атты жас жазба ақындардың жабық жыр мүшәйрасы, Нұрғиса Тілендиев атындағы ІV Республикалық «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты әншілер және күйшілер конкурсы, Шу ауданында «Ерке сылқым» атты Әбдімомын Желдібаевтың күйлерін орындаушыларының байқауы, Т.Рысқұлов ауданында М.Өзбеков атындағы «Келші Құланға!» ІІІ облыстық әншілер конкурсы өтті» деп бірқатар атқарылған шаруаларды сөз еткен Дүйсенәлі Дыбысалыұлы облыстық филармония, мұрағат саласы тарапынан да ілкімді тірліктердің іске асқанын тілге тиек етті. Бұған қоса, өткен жылдың тамыз айында Қытай елінің Циян провинциясынан шыққан керуен ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз топырағына табан тірейтінін де айтып өтті. Соңынан жарыссөзге шыққан Меркі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қыдырәлі Бөрібаев аталмыш ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың жайын қозғап, бүгінде салаға көп көңіл бөлініп жатқанын сөз етті. Осы тұста облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов аудандағы бейнемобильдің жұмысын сұрады. «Жұртшылық қандай киноларды жақсы көреді? Халық қаншалықты кино көруге ынталы?» деген сауалдарға Қыдырәлі Бөрібаев мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшаларда балалар мультфильмді жанындай жақсы көретінін сөз етті. Дегенмен, бөлім басшысы жұртшылықтың қандай киноларға қызығатынын, жұмыс ырғағының қалай жүріп жатқанын айта алмай кібіртіктегені көңілге қаяу түсірді. Жиында сөз алған мұрағатшы Мақұлбек Рысдәулет басқарма жұмысы жайлы егжей-тегжей сөз қозғап, өңір тарихын толықтыру үшін сырттағы құжаттарды да жинастыру қажеттігіне тоқталды. Ерқанат Нұрбапаұлы сонымен қатар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмыстары жүрмей жатқан аудандарға жұмысты жандандыруды тапсырды. «Айталық, Байзақ ауданында маман тапшылығы байқалмайды екен. Қала маңындағы өңір болған соң да солай шығар. Ал Сарысу ауданы неге жас мамандарға зәру емес? Әлде Сарысу да Таразға жақын ба? Осы бағытта жұмысты оңтайландырған ләзім» деді облыс әкімінің орынбасары мәселенің мәнісіне тереңінен үңіліп. Тағы бір түйінді мәселе, бүгінде өңірдегі мәдениет саласы мамандарының тапшылығын жою. Әрине, қазіргі таңда бар болғаны кәсіби тұрғыда 40 пайыз ғана сала мамандары жұмыс жасап жатыр. Өзекті мәселе мәдениет және өнер колледжі ашылған соң ретке келетін көрінеді. Оған Дүйсенәлі Бықыбаев та сендірді. Бүгінгі таңда сол бағыт бойынша жұмыстар да жүріп жатқан сыңайлы. Басқосу соңында Ерқанат Нұрбапаұлы атқарылған жұмыстарды оңды бағалап, Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында атқарылатын жұмыстарға қызу кірісу керектігін атап өтті. Соңынан жыл үздіктері марапатталды. Бұл ретте облыстың 75 жылдығы аясында өткізілген қылқалам шеберлерінің жабық байқауында қатарынан оза шапқан Айнұр Жұмаділова жеңімпаз деп табылса, құландық Дана Еркебекова екінші орынға, тараздық Жансая Бұхарбаева үшінші орынға лайық деп танылды. Бұдан бөлек әуесқой фотографтар сынында тараздық Нина Гальцева үздік шықса, құландық Талғат Досмембетов екінші, жамбылдық Талғат Тұяқбаев үшінші орыннан көрінді. Облыстық «Театр кз» фестивалінің қорытындысына сәйкес, халықтық театрлар да алғыс хаттарға ие болды. «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб-2014» облыстық байқауында үздіктер санатынан көрінген Шу ауданы Бірлікүстем ауылдық Мәдениет үйі бірінші дәрежелі дипломға ие болса, екінші орын Сарысу ауданы Саудакент ауылдық Мәдениет үйіне бұйырды. Екі бірдей үшінші орынға Жамбыл ауданы Бектөбе ауылдық Мәдениет үйі, Байзақ ауданы Дихан ауылдық Мәдениет үйі лайық деп танылды. Ал клубтар арасында Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылдық клубы үздік шықса, Талас ауданы Аққұм ауылдық клубы екінші орынға, Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылдық клубы мен Қордай ауданы Өтеген ауылдық клубы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, өзге де үздіктер марапаттан қалтарыс қалған жоқ. Жалпы, аты аталған байқауларда ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының жағдайын жақсартуға айрықша назар аударылды. Он жеті жүлдеге 10 миллионнан астам қаржы жұмсалды. Сыйлыққа дыбыс күшейткіш аппараттарын, бейнекамералар мен теледидарларды ұтып алған олар дән риза болып тарқасты.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЕВ.