- Advertisement -

«Жүзінші бригаданың» жампозы

248

- Advertisement -

немесе ар мен парызға адал азамат

Біздің тарихи жадымызда ешқашан ұмытылмайтын 5 жыл бар. Бұл 1941-1945 жылдардағы фашизммен бетпе-бет келген сұрапыл шайқастар. Болашақ ұрпақтардың бейбіт күндерде бақытты өмір сүруі үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа төсеген ерлер есімін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тағы да еске алу азаматтық борышымыз. Мақсат — 1418 күн мен түндегі ел тағдырын еңкеймей көтерген алдыңғы толқын-аға ұрпақтың қаһармандығын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсету. Бұл баян Алматыда жасақталып Калинин майданындағы стратегиялық маңызы зор Ржев бағытындағы шешуші шайқастардың алдыңғы шебінде ерлікпен аты шыққан, Алматыда жасақталған жүзінші ұлттық дербес атқыштар бригадасы сарбаздарының бірі «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Үшінші дәрежелі Даңқ» ордендері мен 18 жауынгерлік және бейбіт еңбекте алған медальдің иегері мойынқұмдық Дүйсен Асанбайұлы туралы болмақ.

Бұйда бұру:
Қоғамда өмір сүріп жүріп ешкім одан тыс тұра алмайды. Тұрмыс-тіршілік, көңіл-күй әр тарихи кезеңде билік жүргізіп жатқан саясатқа, саяси-экономикалық жағдайға тәуелді қазақ өзінің тарихында не бір зұлматты бастан өткерді. Әріге бармай-ақ, қазақ халқы үшін ең ауыр да апатты болған өткен ғасырды алайықшы. Ел басына қара бұлттай үйірілген Ресей патшалығының столыпиндік отарлау саясаты кесірінен байырғы жер мен судың иелері шұрайлы жерлерден қуылып «қарашекпенділер» қаптады, бірінші дүниежүзілік соғыста қазақтар қара жұмысқа алынып көзсіз ажалға байланды. Одан кейінгі Қазан көтерілісі, азамат соғысында қызылдар мен ақтардың арпалысында көптеген ауылдар жойылып, тоз-тоз болып бас сауғалап талайлары шетел асты, ұжымдастыру кезінде елді асырап келген ауқаттылар тәркіленіп итжеккенге айдалды. Бұлар аз болғандай халқымыздың 42 пайызын жалмаған қолдан жасалған үш ашаршылық, 103 мың қазақстандықтардың тағдырын тәлкекке түсіріп, оның көзі ашық, көкірегі ояу 25 мыңын оққа байлаған саяси қуғын-сүргін, бұлар қазақ деген қаһармен ұлттың ерік-жігерін жасытып, сағын сындыра алмады, қайта қайратын қатайта, намысын ширата түсті.
Алты кез алдаспанын қолына алып, алты мың жауға жалғыз өзі қарсы шабуылға шығар алдында «Маған бәрінен де арым қымбат!» деп айғай салған Ер Тарғынның ұрпақтары ел басына күн туғанда ар мен перзенттік парызға адалдығын, батыр бабалардан дарыған, ана сүтімен сіңген жауынгерлік биік рухын қайта тірілтіп, неміс фашистері бейбіт елге бүлік әкелген, 27 миллион өмірді жалмаған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының майдан далаларындағы сұрапыл шайқастарында көрсеткен ерліктерімен тарихта өшпес із қалдырды. Көп ұлтты Қазақстаннан шыққан 528 Кеңес Одағы Батырларының әрбір бесіншісі қазақ болғаны соны айғақтайды. Десек те, өзі батыр, өзі қолбасшы аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы «біреу батыр болғанша, мыңы батыр болсын» деп соғыстағы басты тұлға — қатардағы жауынгерлердің жаппай ерлігін жеңістің жебеушісі деп таныған. Бұған ауыл баласы Дүйсен Асанбайұлының майдандағы сарбаздық өмірі куә.
…Соғыс «Асанбай талдары» деп әкесінің атымен аталатын елді мекендегі жаппа тамның есігін қаққанда Дүйсен 18 жасқа иегін енді артқан еді. Пошташы оның қолына аудандық әскери комиссариаттың шақыру қағазын ұстатып кеткен. Дүйсен оқи сала сең соққан балықтай меңіреу күйге түсті. Орта мектепті бітіріп, жоғары білім алып, күнкөріс қиындығының ащы тауқыметін тартқан анасы Ырғал мен екі қарындасы Жібек пен Нұржамалды қамқорлыққа алсам, жар сүйсем деген арманы көбелектей көлбеңдеп көз ұшында бұлдырап бара жатты. Алдымен ойға оралғаны «енді анамның күйі не болар екен?» деген сұрақ. Кейуана не көрмеді. Ашаршылықта кеселі меңдеген отағасымен Қырғыз асып «Қара балта» қаласында ауыр жұмысқа жегілді. Әйтеуір шалақұрсақ болып өлместің күнін кешті. Ауылдың аузы аққа ілініпті деген жақсы хабарды мелденіп туған топырағына оралған-ды. Келісімен ауыр халдегі әкесі көз жұмды. Басқа түскен ауыртпалық Дүйсендерді ерте есейтті. Таңның атысы, күннің батысы бұғанасы бекімеген ойын балалары үлкендермен бірдей еңбек етті. Қол орақпен тары орды, бастырды, қырмандағы қызу жұмыстың ортасында жүрді. Шөп шапты, мал бақты тыным көрмеді.
…«Дүйсен, неғып тұрсың состиып» деген анасының даусы ойын үзіп жіберді. Қолындағы бір жапырақ қағазды апасына ұсына берді. «Бұл не? «Пәуескі ғой» Жалғызын жасытпайын деді ме, жанары жасқа толған ана ұлының басынан сипап, бетіне мейірлене ұзақ қарап тұрды да ауыр күрсінді. Сол сәтте анасының мұң басқан шерлі ішкі жандүниесін күрсініс арқылы білдіргені Дүйсеннің жанына қатты батты, одан гөрі көзінің жасын көл етіп жылағаны әлдеқайда жеңіл еді. Таңертең жұрт жиналғанға дейін Дүйсен әкесінің бейітінің басына барып бір шөкім топырағын бет орамалына түйіп жанқалтасына салып, «бабалардың рухы жебей гөр!» деп тілеген. Ауылдан алғашқылар болып майданға аттанған Дүйсен мен оның құрдасы әрі жиені Амантай екеуін ақсақалдар ақ батасын беріп, бүкіл ауыл болып шығарып салды. Жүрер алдында Дүйсен жұртқа қимас көзбен қинала қарап тұрып: «Ел шетіне тиді жау, ер шыдар ма намысқа. Қош, есен тұр туған ел, ұлың кетті алысқа» деді де алпыс шақырым жердегі Шу стансасына бет алған анасы, екі қарындасы, төрт-бес туыстары отырған арбаға отырып жол тартты… Оқ пен оттың ортасында ажалмен бетпе-бет болған үш жылдан соң ауыр жараланып кеткен жолмен ауылына қайта оралатынын Дүйсен о кезде білген жоқ еді.
Тоғыз жолдың торабы – Шу стансасы. Ығы-жығы. Өмір қиындығының ащы дәмін тартса да, қызығының шетін де көріп үлгірмеген тепсе темір үзетін жас жігіттер енді қан майданға аттанып барады. Шығарып салып жүрген әрбір ата-ананың, ет жақындарының ұнжырғасы түскен, көңілдері пәс. Қоштасатын сәт те келіп жетті. Иығынан дем алып жүруге дайын тұрған паровозға тіркелген қызыл вагондар. Жылап-сықтау, вокзал маңы күңіреніп кетті. Дүйсенді бір топ ағайындары қоршап тұр. Анасы сабырлы. Ұлын құшағына алды да Дүйсеннің маңдайынан мейірлене иіскеді. Көзінен аққан мөлдір тамшылар ананың омырауына тырс-тырс тамып тұрды. Қашан да шығар жаны перзентімен бірге қайран, Ана!
Рухани күш беріп парыз бен намысты оятатын ата-ананың жүрекжарды ақ тілектері мен баталарының қуатымен қанаттанған Дүйсендер туған топырағын қимай-қимай жүректеріне ауыр жүк артып жаумен жан берісіп, жан алысуға аттанып кете барды. Бұл 1941 жылдың 12 қазаны еді.
Соғыс басталысымен Алматыда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қаулысымен 1922 жылы туған әскери міндеттілер есебінен тек қазақтардан тұратын жүзінші ұлттық дербес атқыштар бригадасы құрылған болатын. Оның негізін Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған соғыс өнерінің әліппесінен хабары жоқ өрімдей қазақ жастары құраған-ды. Шу, Көктерек (қазіргі Мойынқұм) аудандарынан бірге аттанған 30 жігіт өздерімен тағдырлас бауырларымен оқу-жаттығу жұмыстарын толассыз жүргізіп жатты. Бригада командирі подполковник В.Шевцов, әскери комиссары аға политрук – Сақтаған Бәйішев (кейіннен белгілі ғалым-экономист, академик) және де кіші командирлер сарбаздарды алдағы өліспей-беріспейтін қанды майданда қанқұйлы жаудан айла-күшін асырып жасымас жігермен, қайтпас қайсарлықпен, берік бірлікпен, жалынды отаншылдықпен атой салып жеңіске ие болудың тәсілдеріне баулып, жауынгерлік рухын шыңдаумен болды. Талғарға, Қапшағайға, сонау «Қапал-Арасанға» араға айлар салып асынған қару-жарақпен жаяу бірнеше рет «марш-бросок» жасатып олардың ащы терін шығарып төзімділікке дағдыландырумен болды.
Әскери бөлімдердің саяси-тәрбие жұмысымен айналысатын қызметкерлері жауынгерлер арасында күн сайын ауыр шайқастар жүріп жатқан ұрыс далаларынан жан-жақты хабардар етіп отырды. Әсіресе, сарбаздар Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандықтар туралы бригада командирінің комсомолдармен жұмыс жөніндегі орынбасары қазығұрттық Егемқұл Тасанбаевтың (соғыстан кейін Өзбекстанда совхоздар министрі, обкомның бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері) әңгімелерін ынтыға тыңдайтын. Уақытша жеңіске бастары айналып ентелеп келе жатқан фашистердің ентігін басқан Алматыда жасақталған генерал-майор И.В Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының атқыштар полкі 4-ротасының саяси жетекшісі В.Г.Клочков басқарған взвод жауынгерлері әр ұлттың өкілдері, алтауы қазақ, барлығы 28 сарбаз мылтықпен, жанармай құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланып Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезінде 1941 жылдың 16 қарашасында жаудың 30 танкісінің жартысын қиратып соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасап, 23-і қазаға ұшыраса да жауды өз шебінен бір адым да асырмағаны жайлы саяси жетекшінің ақпараттары күні ертең ұрысқа кіргелі тұрған жауынгерлердің намысын қайрай түсті. 1941 жылдың соңғы айларындағы орталық, республикалық баспасөз құралдарында жарыса жазылған Мәскеу үшін шайқаста күші басым басқыншылардан бірнеше рет амалын асырып жау қоршауынан шығынсыз шығып отырған батальон командирі жуалылық Бауыржан Момышұлының тактикалық тапқырлығы мен ерлігін паш ететін мақалаларды оқыған Дүйсендер жерлесіне деген мақтаныш сезіміне бөленіп, жұдырықтай жұмылса, ажал деген үңірейген үрейді жеңе білсе, белі бүгіліп, қабырғасы сөгілмейтін жау жоқ деген сенімді жүректеріне терең ұялатқан-ды.
Ақыры көптен күткен күн де келіп жетті. 1942 жылдың ортасында арнайы әскери дайындықтан өткен қатарында 5 мыңға жуық солдаты бар ұлттық 100-ші дербес атқыштар бригадасы Калинин майданына аттанды. Ұлттық бригадаға өзге де әскери құрылымдармен иық тірестіре отырып Ржев бағытындағы жаудың Сталинград түбіне жіберілмекші болған ірі күшін тежеп қана қоймай, оны үлкен шығынға ұшыратып талқандау міндеті жүктелген еді. Өйткені, егер Ржев маңында шешуші шайқастар жүргізілмегенде, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі жеңістер де, Мәскеуді қорғау да мүлде мүмкін болмас еді. Бұл әскери мамандардың пікірі.
Жолы қиын жұмбақ тағдырдың салғаны да, сөйтіп ұлттық атқыштар бригадасының жауынгерлері екінші дүниежүзілік соғыс тарихында «Ажал алабы» («Долина смерти») атанған он екі гүлінен бір гүлі ашылып үлгермеген боздақтар ең көп қырылған соғыс алаңына тап болған еді. Калинин майданындағы соғыс далаларында ұлттық бригаданың жартысынан астамы яғни 2572 жауынгер туған топырағынан алыста арманда кетті. 2572 ата-ана перзенттерінің ақ жүзін көре алмай көздерінің жасын көл етті, 2572 бейтаныс сұлулардың жүрегі қара жамылды.
Ұлттық бригаданың жаумен алғашқы айқасы 39 армияның құрамында 1942 жылдың 25 қарашасында Оленино түбінде басталып Калинин облысының Молодой туд ауданының 11 деревнясын фашистерден азат етіп, 1943 жылдың басында «Великие Луки», «Невель» қалалары үшін болған шайқастарға жалғасты. Ақ қар, көк мұзда, белуардан өткен сыз да, бет қаратпай қарып түсетін сарышұнақ аяз да қызыл әскердің екпінді шабуылын тоқтата алмады. Соғысқа да, көлеңкеңдей бір елі ажырамай ілесіп жүретін ажалға да бой үйренген ержүрек жауынгерлер жан-жақтан атқылаған зеңбіректер мен оқтарға қарамастан, өмір мен өлімнің арасында жүрсе де, кейбір толастаған сәттерді пайдаланып көңіл көтеріп, ән айтуды әдетке айналдырған-ды Майдан шебінде жауынгерлерді жиі аралап жүретін бригаданың политругі Сақтаған Бәйішев олардың әндетіп отырған сәттерін көргенде «Дұрыс, ән керек! Нанмен қарын тоқ, әнмен көңіл тоқ. Күшті еселейтін де, бойды сергітетін де ән. Солдатқа керегі де осы. Тек, жауға деген кекті естен шығармаңдар»-деп жігерлендіреді екен.
Халқымыздың көпғасырлық тарихы сын сағаттарда рухани байлықтың шешуші рөл атқарғандығын талай рет дәлелдеген. Оған халық аузында жүрген мына бір әпсана куә. Жоңғар шапқыншылығы кезінде екі жақ ертең таңертең майдан алаңына шығып соғысуды жекпе-жектен бастамақшы. Жоңғарлық әскербасы түнде қазақтардың не істеп жатқандығын білмекші болып жансызын жібереді. Әлден уақыттан кейін оралған тыңшы «қазақтар ертеңгі айқасқа дайын емес. Алқам-салқам, ән салып, күй тартып сауық-сайран құрып жатыр» деп келеді. Сонда жоңғар қолбасшысы «қосты жиыңдар, отты сөндіріңдер мұндай халықты жеңу мүмкін емес» деп сол түнде соғыс даласын тастап көшіп кетеді. Бұл рухани қазынаның рухтандырушы күші жауынгерлерге жігер — қуат беретіндігін дәлелдесе керек. Жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» жыры мен Шостаковичтің жетінші симфониясы аса ауыр күндерде әбден қажыған блокададағы жұрт пен сарбаздардың еңсесін көтеріп жеңіске бастағанынан Дүйсендер хабардар болатын. Бригада сарбаздары стратегиялық мәні зор Невель қаласын жаудан босату туралы майдан қолбасшысының бұйрыған орындауға қызу дайындық үстінде еді. Кешке Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның қазақтардан құрылған әскери ансамблі концертке келді. Орман ішінен алаңқай жер тауып, аспалы шамдар ілінді. Кешті жүргізуші жауынгер былай бастады:
Гитлер бөсіп фрицтерін жинады,
«Москва жанып, әлдеқашан қирады» – деп,
даурығып, қайталады қарқылдап,
Ал Москва тұр бұрынғы қалпында-ақ!
Қашты неміс тым-тырақай домалап,
Москваның шетіндегі аңғарға,
Біразының шинелі жоқ, обал-ақ,
Кейбірінің бұтында жоқ шалбар да!
Қыран күлкі. Қол соғу. Концерт жалғаса берді. Асылын ардақтап, сағынышы мен мұң-зарын, қуанышы мен қайғысын осылайша әнмен сабақтап, өлеңмен өру соғыс жылдарында тылда да, майданда да әдетке айналған-ды. Ансамбльдің әншілері жауынгерлер Темірбек Көкебаев, Ербатыр Ермеков домбыраға қосылып жас композитор, сарбаз Рамазан Елебаевтың Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арнап жазған «Жас қазақ» әнін орындады. Әсіресе, әуезді әуенмен әдіптелген ән сөзінің :
Сол бетінде жан берді, ол тұрмады.
Ары үшін елінің боп құрбаны.
Жас қазақ,
Бәрің соған ұқсап бақ!
– деген жеріне келгенде Отан қорғаушылар қол соғып, еліріп, арқаланып кетті. Рамазан гармонмен өзінің «28 батыр» әнін құйқылжытты, Бригаданың атақты пулеметшісі Мәншүк Маметова сол кезде жауынгерлердің сүйікті әніне айналған М. Төлебаевтың сағынышқа толы «Кестелі ақ жібек орамалын» әсем қоңыр даусымен әуелетіп, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Концерттің соңына таман жамбылдық, бірінші батальонның командирі капитан Садық Ескелдиев жауынгер Дүйсен Асанбаевты ортаға шығарып «Мына Дүйсеннің анасы Әулиеата, Жетісу өңіріне есімі таныс, «Аралтөбе түбінде бес үй отыр, Ақбөпеден айырылып несіне отыр?» деп басталатын әннің авторы, әйгілі сазгер Сауытбек Ұсаұлының қарындасы екен. Ұлын әскерге өлеңмен шығарып салыпты. Дүйсен жаттап алып әріптестері арасында үнемі айтып жүр. Соны тыңдайық деп қолқа салды. Дүйсен тартынбады, анасы Ырғалдың өлеңін оқи жөнелді.
Дүйсен қарағым.
Аттанғалы сен тұрсың
Ұзақ алыс сапарға.
Сені аман көргенше,
Күн шығып, таң атар ма?!
Ел шетіне жау тисе,
Ер жігіт үйде жатар ма?
Ержетті деген осы ғой,
Барасың кетіп қатарда.
Жорытқанда жол болып,
Әруақтар қолдасын.
Арам ниет фашистің
Ойлағаны болмасын.
Жалғызым жарық Дүйсенім,
Жаратушы Аллаға,
Жалғыз жаның аманат.
Тілеуін беріп анаңның,
Кездестірсін саламат.
Соған тілек қосады,
Ағайын-туыс, жамағат.
Көкем қайда кетті – деп,
Нұржамал, Жібек жылап тұр.
Аман барып сау қайт – деп,
Туған елің тілеп тұр.
Қайда жүрсең Дүйсенжан,
Ақырын Құдай оңдасын.
Қара бұлт елге төніп тұр,
Жау болып өткен жерлерде,
Қаланың шамы сөніп тұр.
Жауыңды жеңіп қайтасың.
Болжауым анық көріп тұр.
Жайратыңдар жауызды,
Мойындасын қатасын
Құтырған жауды жеңбесең,
Қалай тыныш жатасың.
Ержүрек ел қашанда,
Егескен жауды жеңеді.
Өжетсіңдер шетіңнен
Сендерге халқым сенеді.
Алаңдама бізді ойлап,
Күн кешерміз қиналып.
Майданға көмек береміз,
Бүкіл ел боп жиналып.
Қош аман бол, Дүйсенім!
Қоштасайық жыламай,
Аналық жүрек барады,
Жыламауға шыдамай.
Шығарып салып жалғызым
Жыламайын күлейін,
Аман-есен орал, деп
Бір Алладан тілейін, – деп анасының ақ тілеуін аяқтағанда жауынгерлер «анамыздың тілегі қабыл болсын» деп дауыстап жатты. Енді Дүйсен: бауырлар, – деді толқып:
Құл боп күн көргенше,
Фашистерге бас иіп,
Бостандықтың ақ жолында,
Өлген абзал жан қиып.
Қайғы жұтып, қан құссам да
Елім үшін көнемін.
Қағып қанат, сәтті сағат
Жеңіс күніне сенемін!
Жауынгерлер толқындата ұзақ қол соқты. Кеш бойы көтеріңкі көңіл-күй болды. Сөздің рухты көтерер құдіреті деген сірә, осы болар. Бұл 1943 жылдың қазан айы еді.
Ертеңіне Невель қаласы маңындағы жаудың мықты бекінісін бұзып арттағы әскери құрамалардың жаппай шабуылына жол ашу міндеті жүктелген ұлттық атқыштар бригадасы өмір мен өлім айқасқан ұрысқа кіріп кетті. Дүйсен қызмет ететін С. Ескелдиев басқаратын батальон бұған дейін әртүрлі жеке дара операцияларды абыроймен атқарып жүріп берік бекінген жаудың осындай сұмдық сұрапыл қарсылығын көрмеген еді. Қардай бораған оқ астында екі күн бойы взвод бірде тұрып, бірде жығылып қарға адымдап алға жылжумен болды. Мерт болған мен жаралылар қарасы көбейе түскен. Үшінші күні фашистердің атысы сәл саябырлаған шақта командирдің бұйрығы бойынша бұлар ара кідік шабуылға шығып жау шебіне құлаш жететін жерге дейін жақындаған еді. Дүйсен бағанадан бері жау окопынан атқылап тұрған пулеметтің үнін өшіруді ойлап жатқан. Сәті келді-ау дегенде орнынан қарғып тұрып бар құлашымен екі қол гранатасын бірінен соң бірін окопқа дәл түсірді. Пулеметтің үні өшкені сол еді взвод командирі Әбдіқадыр Тұрлыбаевтың «алға» деген бұйрығымен автоматтан оқ жаудырып жүгіріп келе жатқанда қатарындағы жерлесі Сарманбеттің омақаса құлағанын байқап, көмек беруге бұрыла бергенде жон арқасын біреу бұзау тісті дырау қамшымен тіліп жібергендей болды. Дүйсеннің бойынан әл кетіп, көзі қарауытып құлап бара жатты. Осы ерлігі үшін жауынгер Дүйсен Асанбайұлы «үшінші дәрежелі Даңқ» орденімен марапатталғанын 35 жылдан кейін награда адасып жүріп иесін тапқанда бір-ақ білді.
Дүйсен есін жиып, көзін ашқанда мұрнына дәрінің исі келді. Айналасы ыңқылдаған, бебеу қаққан дауыстар. Дала госпиталында жатқанын сонда білді. Жауырын асты ауырғаны сонша дем алудың өзі мұң. Ұмсынып басын көтермекші болып еді, бір дауыс сірә, дәрігер болу керек, «қимылдамаңыз жарақатыңыз ауыр. Оқ жауырынды тесіп өтіп омыртқаға қадалып, жұлынға сәл жетпей тұр. Дала жағдайында оны алып тастау мүмкін емес.Түбі үлкен қаладағы ауруханалардың біріне жөнелтерміз» деді. Екінші топтағы мүгедек болып елге оралған Дүйсен Асанбайұлы сол жауырын астына жабысқан жау оғын 30 жыл өткенде, 1973 жылы Шу қаласындағы темір жол ауруханасының хирург Г.Хон деген азаматтың батылдығының арқасында алып тастаған еді.
Невель қаласын фашистерден азат етуде батыр атанған бригада жауынгерлері Мәншүк Мәметова мен сұрмерген жерлесі Ыбырайым Сүлейменовтің қаза тапқанын госпитальда есіткен Дүйсен қатты қиналды. Соғысқа қатысқалы бері Ыбырайым уыстап оқ себетін автомат емес жалғыз оқты винтовкамен немістің 299 солдаты мен офицерінің көзін жойғаны соғыс тарихындағы бұрын-соңды болмаған ерлік еді. Ыбырайымның ерлігі Кеңес Одағының Батыры атағына лайық болса да Мәскеудегілер оны бір саты төмендетіп Ленин орденіне алмастырғаны, жиырма жастағы Мәншүкке батыр атағы сол кезеңде Мәскеуде Қызыл армияның саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың арасында үгітші болып істейтін Мәлік Ғабдуллиннің араласуымен тек алты айдан кейін әрең шешілгені, әскери қолбасшы, қазақ халқының ары мен намысы Бауыржан Момышұлына Кеңестер Одағының Батыры атағы 1990 жылы яғни соғыстың аяқталғанына 45 жыл өткен соң Елбасы Н. Назарбаевтың тегеурінді талабының нәтижесінде ғана берілгені ұлы империялық астамшылдықтың тіпті Отан тағдырының сын сағатында да айылын жимағанына көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтары, майдандастары секілді Дүйсен ағамыз да қатты налып отыратын еді.
Қатардағы сарбаз Дүйсен Асанбайұлы әскерге шақырылған күннен бастап қан майданда бірге болып аман-есен елге оралған қандыкөйлек жолдастары мыңаралдық взвод командирі Қасымбек Ахметбеков, Биназар ауылынан пулеметші Тұрсынтай Бошанов, Сарманбет Қоқымбаев, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласынан Садық Ескелдиев, Тұраш Әбуевті, Ағабек Шолпанов, Базар Сыбанбаев, көктеректен Мұсахан Зәуірбеков, Жұбаныш Пралиев, Балуан Шолақ ауылынан Бәкір Әбуев, Калинин колхозынан Қанықұл Нұрланов сынды құрдастарын әркез бауыр тұтып, қиын кезде бір-біріне сүйеу болған, ұйқысыз, күлкісіз күндерді бірге өткізген кездерін жиі есіне алатын-ды. Оның уақыт өтіп сарғыш тартқан бір жапырақ қағазға :
Аман-есен жүрмісің құрдасым-ай!
Сағынышым өзіңе жүр басылмай.
Хабар алып тұрмасам өздеріңнен,
Көрінеді бір күнім бір ғасырдай.
Аспан ортақ, Күн ортақ көргеніміз,
Қанбаған ек өмірге шөлдеріміз.
Оқ пен оттың астында жамыраған,
Бір жылдың жарық көрген төлдеріміз, – деп жазып кеткен өлеңі соның дәлелі.
Дүйсен Асанбайұлы 1944 жылы 22 жасында екінші топтағы мүгедек болып туған ауылына оралды. Жамбылдағы мұғалімдер даярлайтын училищені, содан кейін қазақтың біртума азаматы, Отан соғысының майдангері, облыстың бірінші басшысы Асанбай Асқаровтың ақылымен Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын сырттай оқып тауысты. Дүйсекең зейнетке шыққанға дейін партия, совет, сауда орындарында басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Ол аудандық Кеңестің бірнеше дүркін депутаты, аупарткомның бюро, пленум мүшесі болып сайланды. Еліміз егемендік алған тұста Елбасымыздың қолынан «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін омырауына тақты.
Дүйсен ағамыз Құдай қосқан қосағы Қаршығамен ұзақ болмаса да бақытты ғұмыр кешті. Жан жары мына жарық дүниеге 12 перзент әкеліп, 42 жасында ауыр науқастан қаза болды. Шиеттей бала шағаны маңдайынан сипап, арқасынан қағып аялап өсірген анасының орнына ана болған Базаркүл апайды балалары, ауыл жұрты ардақтап, мейірімі мол жанға балап алғысын айтумен болды. Ақындығымен ауыл-аймаққа аты шыққан анасы Ырғал Дүйсен елуге толғанда жалғыз ұлынан 12, екі қызы Жібек пен Нұржамалдан 13 немере сүйіп өмірден озды. Бұл күнде Дүйсекеңнің тұңғышы аудан көлемінде ел басқарған Ермұраттың өзі зейнеткер. «Тозбасты ұста соқпайды» дегендей Мойынқұм ауданының және «Бірлік» ауылының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, жастардың ақылшысы Дүйсен Асанбайұлы артында халық жадында өшпейтін із, тәуелсіздігіміздің ертеңі бүгінгілердің санасында өнегелі сөз қалдырып, Ұлы Жеңістің 60 жылдығының тойланғанын өз көзімен көріп 83 жасында 2005 жылы қайта оралмас мәңгілік сапарға аттанып кетті. Оның жарқын бейнесін аудан жұртшылығы, 12 ұл-қызы, 38 немересі, 50 шөбересі, бір неменесі, әлі де болашақта өмірге келетін шөпшектері мен туажаттары, туыстары, құда-жекжаттары ұмытпайтындығына кәміл сенеміз. Жақсылар әруақытта да халық жадында сақталып, олардың өмірлері өнеге ретінде танылады. Жас ұрпақ әрдайым соларға қарап бойын да, ойын да түзеп, елі мен жерін, ұлттық құндылықтарымызды қалтқысыз сүюге үйренетін болады.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, саясаттанушы,

облыстың Құрметті азаматы. 

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support