Ана тілді ардақтаған іс-шара
Ана тілді ардақтаған іс-шара
№36 орта мектепте ана тіліміздің мәртебесін асқақтататын тартымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Соның бірі деп жақында өткен «Қазақ тілі – Мәңгілік Ел тірегі» тақырыбындағы әсерлі кешті айтуға болады. Онда қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Қайрат Матхалықов тіл жайлы кеңінен әңгімеледі. Оқушылардың бойына қазақ тілінің қасиетін сіңіруге, оның түпсіз тұңғиық байлығын дарытуға деген талпынысы оған қатысушылардың ойынан шықты. Мектеп ұстаздары Г.Сейтәлиева, Ж.Смақова, Ж.Ибраева, А.Нүсіпәлиев, А.Көбенова өткізген ашық сабақтарда жыр алыбы – Жамбылдың, қазақ әдебиетінің классиктері М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Соқпақбаевтың шығармаларындағы кейіпкерлердің ана тілі жайлы ой-армандары көрініс тапты. Қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлінің туғанына 80 жыл толуына орай «Қадыр – ұлтын шексіз сүйген ақын» тақырыбында өткен әдеби-сазды кеште мектеп директоры Мұхтар Досмаханұлы осындай кештердің жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеуге маңызы зор екендігін, алда өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұлтымыздың жүріп өткен бай тарихынан сыр шертетін іс-шараларды өткізуге мектеп ұжымы барынша атсалысатынын айтты.
Жанар Смақова, мектеп мұғалімі.
Тараз қаласы.