Жеке қабылдауға келетіндер көп
Жеке қабылдауға келетіндер көп
Әр шағымның артында адам тағдыры тұр. Сондықтан, оған асқан жауапкершілікпен қарау керек. Облыстық прокуратура өткен жылы жеке және заңды тұлғаларды, сонымен қатар жеке қабылдауларда қаралған арыздарға талдау жасады. Аталған мерзімде облыстық прокуратура органдары 10738 арызды қараса (2013 жылы 9597), оның 9611-і (8671) жеке тұлғалардан, 1127-сі (926) заңды тұлғалардан түскен. Яғни, арыздардың саны 11,9 пайызға өскен. Жеке қабылдаудан 4029 (4651) жеке және заңды тұлғалардың арызы қабылданса, оның 2669-ын (2349) прокуратура басшылары, ал 235-ін (230) облыс прокуроры қабылдаған. Мысалы, өткен жылдың үшінші маусымында облыс прокурорының жеке қабылдауында Г.Тажиеваның Шу аудандық ІІБ-нің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы аудан прокуратурасының шешімімен келіспеуі туралы арызы қабылданды. Арызды қарау барысында арыз иесінің күйеуі Б. Бұхбанбаевты полиция қызметкерлері ұрып-соғып, жәбірлегендіктен, ол 26.04.2014 жылы аудандық прокуратураға арызданғандығы анықталды. Алайда, полиция қызметкерлерінің қысым көрсетуімен жәбірленуші арызын қайтып алған. Жеке қабылдаудан соң тоғызыншы маусымды облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы аудан прокурорының шешімін бұзып, аталған дерек бойынша Шу АІІБ-нің жедел уәкілі А.Байкубековке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сөйтіп, ол аудандық соттың үкімімен шартты мерзімге сотталды. Жоғарыда келтірілген деректерден келіп түскен арыздардың жыл сайын артып келе жатқандығы байқалады. Бұған бір жағы, прокуратура органдары басшылары тарапынан облыс тұрғындары арасында «Ашық есік» күндерін өткізу және құқық қорғауға байланысты заң талабын насихаттау жұмысының жүргізілуі себеп. Жалпы алғанда, облыс прокуратурасы тарапынан жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, прокуратураларда арызды қабылдайтын арнайы бөлмелер заң талабына сай жабдықталған. Бөлме қабырғаларында жеке және заңды тұлғаларға қажетті мәліметтер мемлекеттік және орыс тілдерінде ілінген. Облыс прокуроры аптасына бір рет жеке қабылдау өткізсе, оның орынбасарлары мен қала аудан прокурорлары мен олардың орынбасарлары белгіленген кестеге сай азаматтарды қабылдайды. Сонымен қатар, қала, аудан прокуратуралары мемлекеттік органдар және «Нұр Отан» партиясы, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен тұрғындар арасында кездесулерді тұрақты түрде өткізеді.
Талғат МЫҚТЫБЕК,
облыс прокурорының аға көмекшісі.