Чемпиондар шеруі
Чемпиондар шеруі
бұл жолы Облыстың жас боксшылары топ жарды
Жамбыл боксының жұлдызы қашанда жарық. Оны жерлестеріміз тағы да дәлелдей алды. Қарағанды шаһарында өткен жастар арасындағы ел чемпионатында 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды қоржынға салған облыс құрамасы командалық сында да қарсыластарынан қара үзіп кетті. Оларды облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бастаған топ Тараз қаласының темір жол бекетінде күтіп алды.
Кеншілер қаласында кеңінен көсіліп, керме арқан тартылған рингте қарсылас шыдатпаған 46 келідегі Рустам Хамидов, 56 келідегі Хасен Азизбеков, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл секілді саңлақтар алтыннан алқа тақса, 56 келідегі Әлімжан Бескемпір күміс медальды еншіледі. Сондай-ақ, 64 келідегі Шахан Аяпбергенов, 75 келідегі Ғабит Өмірәлі, 81 келідегі Ертай Мейірмандар қола жүлдені қанағат тұтты. Иә, боксшыларымыз жарады дедік қой. Әсіресе, 75 келідегі Аманқұл Әбілхан жасындай жарқылдап, турнирдің үздік боксшысы атанды. – Техникаңа бола сені үздік таныды ма? – деп сұраймыз ғой. Батырымыз: «Аға, төрт кездесу өткіздім, біреусінде ғана қарсыласыммен үш раунд жұдырықтастым, қалғандарын техникалық нокаутпен ұттым. Не үшін екенін қайдам, мүмкін сол еңбегіме бола берген шығар», – дейді міз бақпай. – Арманың, жоспарың қандай? деген сұрағымызға да қысқа жауап қайырды. «Олимпиада шыңын бағындыру, Шама келсе, Бақтияр ағам секілді алтыннан алқа тағып, Вел Баркер кубогын иелену». Басқа жігіттердің де арманы сол. Ал жастар құрамасының аға бапкері Нұржан Қондыбаев: «Биыл жігіттер сенімді ақтады. Әлемдік сынға қатысқан оғландарды жеңді. Командалық есепте топ жардық. Бес боксшымыз ұлттық құрамаға енді. Ендігі мақсат – осылардың шын шебер ретінде қалыптасып, биік белестерді бағындыруына сарқа күш жұмсау» дейді. Арман асқақ. Орындалсын дейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».