Саясат

Бәрі де Отанды сүюмен байланысты

Бәрі де Отанды сүюмен байланысты

Елбасы Ақордада қазіргі жағдайда жүзеге асырылуы тиіс экономикалық саясаттағы нақты шараларды айқындауға арналған Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Үкіметке, Ұлттық Банк пен өңір басшылары алдына бірқатар міндеттер жүктеді. Мұның бәрі де қаржы дағдарысына байланысты туындауы ықтимал ішінара қиындықтардың алдын алуға бағытталып отырғанын біз жақсы түсінеміз. Осы орайда Мемлекет басшысы «Алдағы уақытта орын алуы мүмкін қиындықтарды еңсеру жолында біз елдің қаржысын үнемдеуіміз керек. Бірақ, жұмыстан шығару болмау керек. Жұмыс орындарын сақтай отырып, үнемге үйренуіміз керек» деп, еліміздегі бүгінгі ахуал қазіргі жаңа жағдайға бейімделуді талап етіп отырғанын айтты. Шынында да, қазіргі нақты өмір шындығынан орағыта өте алмасымыз анық. Сын сәтінен «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» аман-есен өтудің мезгілі жеткенін шынайы ұғынғандаймыз. Мемлекетіміз дағдарысқа қарсы тегеурінді шараларды қарсы қоя отырып, елді үнемдеу саясатына да шақырып отыр. «Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, қоймай жесең нең қалады» демекші, біз ұшан-теңіз байлығымызды үнемдеу арқылы ғана ұшпаққа шыға аламыз, ертеңгі ұрпағымыздың игілігі үшін де мол несібе қалдырамыз. Елбасы ағымдағы экономикалық ахуалды ескере отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы бағытталған жаңа шаралармен толықтырып, қаржылай қолдау аясы кеңейтіле түсетінін де атап өтті. Мұндай қолдау отандық өнім өндіру, білім, денсаулық, әлеуметтік салаларда кеңінен көрініс таппақ. Жұмыссыздықты кемітуге бағытталған, тиімділігін танытқан «Жұмыспен қамту–2020» жол картасы бағдарламасы сақталады. Бізді, әсіресе, білім саласында «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру одан әрі де жалғастырылатыны қуантып отыр. Балалар – болашағымыз. Ендеше, олардан ештеңе аяп қалуға болмайды. Орта білім беру жүйесінің жаһандық білім беру кеңістігіне кіріктірілуі айрықша маңызды. Осы ретте 12 жылдық білім беру моделіне кезең-кезеңімен көшу де күн тәртібінен түспек емес. Өзіміздің отандық өнімдерімізді көбірек тұтынып, қадіріне жете алғанымыз жөн. Түйіп айтқанда, «өз қағазымызға өз қаламымызды өз сиямызға малып алып жазу», аздан да, көптен де үнемдеу, ең бастысы, патриот болу дағдарысқа қарсы қолданылар бірден-бір тиімді жол екені естен шықпаса деймін.

Айгүл ҚАБИЕВА,  ТарМУ-дың мәдениет  және өнер кафедрасының  меңгерушісі, профессор.

Тараз қаласы.