Экономика

«АЛТЫН АСЫҚ», «ҚҰЛАН» ЖӘНЕ «СЫБАҒА»

«АЛТЫН АСЫҚ», «ҚҰЛАН» ЖӘНЕ «СЫБАҒА»

Нәсібімді малдан табамын деген шаруаларға арналған бағдарлама

Аймақта былтыр қабылданған, қой және жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған «Алтын асық» пен «Құлан» бағдарламаларына қызығушылық танытып, оған қатысуға тілек білдіргендер саны артуда. Өткен жылы «Құланның» арқасында қырық шаруа қожалық 850 жылқы сатып алды. Сөйтіп, жылдың жоспары екі есеге артығымен орындалды. Оның орындалуына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 228 миллион теңге қаржы бөлді. Ал «Алтын асықпен» 83 шаруа қожалығы 17288 бас саулық қой мен 349 бас қошқар сатып алып, жылдық жоспар бұл бағдарлама бойынша да артығымен орындалып отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Алтын асыққа» 442,6 миллион теңге қаржы бөлген. Жалпы, облыс бойынша 180 шаруа қожалық аталған қос бағдарлама мен «Сыбағадан» үлес алып отыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылда ірі шаруашылықтардағы мал саны 14,4 пайыздан 20,6 пайызға дейін өсті. 2010 жылы еттің 15,4 пайызы ғана ірі шаруашылықтарда, ал 84,6 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілген болса, өткен жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш керісінше болады деп күтілуде. «Алтын асыққа» да, «Құланға» да қатысуға көптеген шаруа қожалықтары қызығушылық танытуда. Мысалы, Талас ауданында «Әулие-Ата» несие серіктестігі ЖШС арқылы үш шаруа қожалығы 17,7 миллион теңге несие алып, оған 55 бас жылқы, 159 бас қой алып, мал басын көбейтуде. Атап айтсақ, Ақкөл ауылындағы «Қарабатыр» шаруа қожалығы – 3, Ойық ауылындағы «Мұса» шаруа қожалығы – 12 және Қызыләуіт ауылындағы «Тіленші-Ата» шаруа қожалығы 2,7 миллион теңге несие алып, аталған бағдарламаға қатысып отыр. Жалпы, бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы алдыңғы қатардан көрінген аудандарды атап өткен де жөн болар. «Құлан» арқылы 179 бас жылқы алған Жуалы ауданы бірінші орыннан көрінсе, «Алтын асықпен» 6449 бас қой алған Т.Рысқұлов ауданының шаруалары да белсенділік танытты. Сонымен қатар, былтыр бұл бағдарламадан шет қалған да аудандар болды. Атап айтсақ, «Алтын асыққа» Жамбыл ауданы қатыса алмаса, «Құланнан» Сарысу ауданы құр қалды. Биыл да алдын ала құрылған жоспарымыз бар. Оған сәйкес, «Алтын асықпен» 22000 бас қой және «Құланмен» 2000 бас жылқы алуды ойластырып отырмыз.

Аман ҚОШАНБЕКОВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы.