Экономика

Меже – 40,5 гектар!

Меже – 40,5 гектар!

облыс тұрғындарын көкөніс өнімімен толық қамтамасыз етуге сонда ғана мүмкіндік туады

Қытайдың алмасы, қырғыздың қызанағы мен картобы базар біткенді жаулап алғалы қашан. Өзбектің бау-бақша, көкөніс өнімдері де көп келеді облысқа. Тіпті, Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облысының бағбандары да жамбылдық тұтынушыларға өнімін өткеруге асығады. Бұдан бірінші, облыстан тысқары жерге, тіпті шетелге қыруар қаржы кетеді, екінші, көкөніс өнімдерінің сапасы тасымалданған соң төмен болады. Үшінші, сырттан жеткізілген өнімнің бағасы қымбат. Бұл мәселені «Ақ жол» газеті бұған дейін де жазды. Меркінің алмасы мен қызанағы, Байзақтың қияры мен қырыққабаты, Жуалының картобы шетелдің және көрші өңірлердің өнімдерін базардан ығыстыра бастады. Бұған бірінші, қызанақ пен қиярды жыл-он екі ай бойы өсіретін жылыжайлардың қанат жаюы әсер етуде. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке қарағанда, облыс аумағында 29,2 гектар аумақта 406 жылыжай ашылған. Оның 3,5 гектар жердегісі автоматтандырылған заманауи үлгідегі өнеркәсіптік жылыжайлар. Жұмыс істеп тұрған жылыжайлардан былтырғы маусымаралық кезеңде 2000 тонна көкөніс өндіріліп, оның 300 тоннаға жуығы Астана және Алматы қалаларының тұтынушыларына жөнелтілсе, қалған өнім Тараз қаласы айналасында азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бағытында өткеріліпті. Облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл және Байзақ аудандарындағы 20 гектар аумақтағы жылыжай өнімдері облыс тұрғындарына өткерілген. Жамбыл ауданындағы Досымжан Оразқұлов басшылық жасайтын «Орақбай» шаруа қожалығы бұрынғы «Зияда» шаруашылығының 5 гектар жерге орналасқан 100 жылыжай кешенін күрделі жөндеуден өткізіп, өткен маусымда өндірген 600 тонна өнімін Тараз қаласы мен барлық аудандарға шығарған. Жылыжай кешенінде 100 адам жұмыс істейді. Мұнда жұмысшыларға жағдай жасалған. Олардың жұмысқа келіп-кетуі үшін автобус тасымалы ұйымдастырылған. Қазір биылғы бірінші өнімге көшеттер отырғызылып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Байзақ ауданындағы «Талап» шаруа қожалығы 2,5 гектар алқапты құрайтын жерге 225 миллион теңгенің корей технологиясын орнатып, жылыжай кешенін ашты. Үкіметтің 2014 жылдың 29 сәуірдегі қаулысымен бекітілген «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, жылыжай кешені құрылысына жұмсалған қаржының 30 пайызы субсидия қаражаты арқылы өтеледі. Былтыр жергілікті бюджеттен жылыжай өнімдерін өсіретін шаруашылықтарға «Қорғалған топырақ жағдайындағы көкөніске субсидиялау» бағдарламасы бойынша 95,9 миллион теңге субсидия төленген. Жамбыл ауданындағы «Азамат» шаруа қожалығы бір гектар жерге жалпы құны 157,3 миллион теңге түрік технологиясы бойынша өнеркәсіптік жылыжай құрылысын жүргізуде. Биылғы сәуір айында пайдалануға беру жоспарланған. Байзақ ауданындағы «Серік» шаруа қожалығы өзінің 70 миллион теңге қаражатына екі гектар фермерлік жылыжай құрылысын жүргізуде. Т.Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бір гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуды жоспарлауда. Іске асырылатын барлық жылыжай кешендерінің сыртқы инженерлік инфрақұрылымдарын жүргізу «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Шу ауданында да жылыжай шаруашылығының көлемі жыл сайын артып келеді. 2014 жылы «Самат» шаруашылығы 1,28 гектар жерге орналасқан кешеннен екі маусымда 120 тонна өнім өндіріп, аудан тұрғындарына өткерді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер «Мәдина» 0,2 гектар, тағы бір жеке кәсіпкер «Салима» 0,4 гектар жерге фермерлік жылыжайларды іске қосты. Биыл ауданда тағы да екі гектар жерге жылыжай ашу жоспарлануда. – Облыстағы жылыжай өнімдерін өсірумен айналысатын шаруашылықтарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан өнімді кезең-кезеңімен өсірудің арнайы кестесі жасалып ұсынылған. Ол-тұрғындардың көкөніс өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруға және маусымаралық кезеңде бағаның негізсіз өсуін болдырмауға бағытталған. Облыс және аудан орталықтарындағы коммуналдық базарларда жылыжай өнімдерін өсіріп, өткеретін шаруашылықтар үшін арнайы орындар бөлінген. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды басқарма үнемі назарда ұстап, Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер шаруаларға жіті түсіндіріле беретін болады, – дейді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауылдық тұтыну кооперациясын дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Аманов. Дегенмен, облыс жұртшылығын жылыжай өнімімен толық қамтамасыз етуге әлі де мүмкіндік жоқ. Қазір облыстағы жылыжайлар тұрғындар сұранысын маусымаралық кезеңде жаңа піскен көкөніс өнімдерімен 41 пайыз ғана қамтамасыз етуде. Облыс халқының сұранысын толық қамтамасыз ету үшін тағы да 40,5 гектар жерден жылыжай кешенін ашу қажет. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен. Облыс тұрғындарын 2018 жылға дейін жылыжай өнімімен толық қамтамасыз ету де жоспарланыпты. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда жылыжай кешендерінің алатын орны ерекше екенін ескерсек, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы ғана емес, бұл мәселемен аудан әкімдері мен ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары да мықтап тұрып айналысқандары жөн.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».