Тоғыз жолдың торабында тірлік көп
Тоғыз жолдың торабында тірлік көп
Аудан көлемінде есепті мерзімде жалпы өндірілген өңірлік өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 58,8 миллиард теңгені құрапты. 2013 жылмен салыстырғанда бұл 6,0 миллиард теңгеге артық. Яғни, 111,3 пайызға өскен. Жалпы өндірілген өңірлік өнім көлемі ішінде құрылыс жұмыстарынан басқа барлық салада өсім қамтамасыз етілген. Өнеркәсіп өндірісі саласында 16,6 миллиард теңгеге өнім шығарылды. Оның ішінде өсім көлемін қамтамасыз еткен тау-кен өндірісі және карьерлерді қазу, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ, электр қуатымен, сумен қамту, кәріз жүйесінің қызметі бар. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын дамудың жаңа сатысына көтерілу үстінде. Кәсібінің көкжиегін кеңейтуге ниетті тұрғындарға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, егінге жаңа технологиялар енгізіліп, мал басы саны артып, шаруа қожалықтарды ірілендіру мақсатында мардымды жұмыстар атқарылып келеді. Аудан бойынша 125076 гектар егістік жер бар. Барлық пайдаланылған егістік жер көлемі 107 мың 268 гектар, оның ішінде18 мың гектар егістік жерге пар көтеріліп, яғни, егістік жерді пайдалану коэффициенті 85,7 пайызды құрады. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға жоғары деген сөз. Шаруа қожалықтарды ірілендіру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. 2012-2013 жылдар аралығында 131 шаруа қожалық 18 ауылдық тұтынушылар кооперативіне біріксе, 2014 жылы Ақсу селолық округі бойынша 2, Ескі-Шу округінде 1 АТК құрылған. Есепті мерзімде тозығы жеткен техниканы жаңарту мықтап қолға алынды. Яғни, 157,2 миллион теңгеге 49 техника әкелінді. Оның 29-ы тракторлар. Былтыр аудандағы мүйізді ірі қара 26 750 басқа жетті. Ал қой мен ешкі – 266143, жылқы – 10000, құстар саны – 72 672. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы өндірісін қолдау, қаржылай көмек көрсету бағытында аудан көлемінде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге 255,1 миллион теңге субсидия берілді, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің шығынын өтеуге 231,2 миллион теңге, мал шаруашылығы өнімдеріне 23,9 миллион теңге субсидия төленді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік – мықтап жолға қойылған саланың бірі. Шағын кәсіпкерлік есебінен аталмыш мерзімде 1058 адам жұмыспен қамтылған. Тіркеуге алынған 5456 кәсіпкердің 4788-і – нақты жұмыс атқарып, 13,6 миллиард теңгенің қызметін көрсетті. Қызмет көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 1,0 миллион теңгеге артқан. Орта кәсіпкерлікке келсек, 278 адам жұмыспен қамтылып, өндірілген өнім көлемі 382,8 миллион теңгені құрады. Ауданда шағын бизнес бойынша 11 нысан пайдалануға берілген. Ауданда индустриялдық-инновациялық бағдарламаны орындау бойынша біраз ауқымды жұмыстар атқарылды. Kaz Ir Agro ЖШС-ның «Сафлор май өнімін өндіретін зауыт» жобасы Индустрияландыру картасына 2012 жылы енгізілген болатын. Қуаттылығы тәулігіне 1,7 тонна болатын жобаның құны 5,7 миллион АҚШ долларын құрайды. Есепті жылдың желтоқсан айына дейін 185 тонна мақсары майы, 633 тонна мақсары жмыхы өндірілді. Индустрияландыру картасына енгізілген «Бірлескен химиялық паркі» АҚ АЭА басқару және құрылысын жүргізу бойынша тәжірибесі мол «Jurong Town Consultants» (Сингапур) компаниясымен бірлесіп жұмыс істейтін болады. Инвестициялық кезең 6 жылды құрайды. АЭА инфрақұрылымының құрылыс жұмыстары 2014-2019 жылдары арасында үш кезеңге бөлінген. «Бірлескен химиялық паркі» акционерлік қоғамының жобаны жүзеге асыру кестесіне сәйкес құрылыстың І кезеңі 2014 жылдың наурыз айында басталса, ал аяқталуы 2015 жылдың қазан айына жоспарланған. Инфрақұрылым бойынша бас-аяғы 2 миллион 396 мың теңге игерілді. Биылғы Индустрияландыру картасына «Kaz Mia» ЖШС мия тамырын өңдейтін зауыт жобасын енгізу жоспарланған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкер Э.Каримова матрас тігін цехын ашуға «Банк центр кредит» АҚ арқылы 21,4 миллион теңге алса, Т. Дошанов арнайы жиһаз цехын кеңейту мақсатында «АТФ» банкінен 5 миллион теңге алды. Көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мәселен, Сауытбек, Бәйдібек ауылдарындағы мектептер құрылысы аяқталып, Еңбекші ауылындағы мектепке қосымша құрылыс жүргізілсе, Бірлік, Бөлтірік ауылдарында есепті жылы жаңа мектеп құрылыстары басталып кетті. Сондай-ақ, 280 орындық екі балабақша Шу қаласы мен Төле би ауылында ашылды. Биыл екі мектепке қосымша құрылыстар жүргізу үшін әрқайсысына 100 миллион теңге қарастырылып отыр. Бірлік ауылында 140 орындық, Төле би ауылының Аша тұрғын үй аумағында 120 орындық балабақша құрылысын салуға 10,0 миллион теңгеден аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға мемлекеттік конкурс өткізу жұмыстары күтілуде. Ауданның 34 елді мекенінің бүгінгі күнге – 17-іне су құбыры жүргізіліп (44%), ондағы тұрғындардың 67 пайызы таза сумен қамтамасыз етіліп отыр. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Далақайнар және Бірлік ауылдарында су құбырлары жүйесінің құрылысы аяқталған. Аудан әкімі өзінің есепті баяндамасында білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы атқарылған жұмыстар легін тізіп өтіп, ондағы қордаланған мәселелерге де тоқталды. Бақытжан Балтабекұлы бүгінгі күн талаптарына сәйкес іс-қимыл бағдарламасының дайын екендігін, ол Үкіметтің, облыс әкімінің бағдарламасына орай өзгертіліп, толықтырылып тұратындығын айтты. Өткен жылдың қорытындысын мұқият тыңдаған тұрғындар өз кезегінде ауызша және жазбаша түрде аудан басшысына ұсыныс, сауалдарын жолдады. Мәселен, Шу қаласында орналасқан ескі әскери мөлтек ауданның қаңырап бос тұрған үйлерінің жайы, Төле би ауылында құрылысы жоспарланған спорт кешені, Тоғай мөлтек ауданына мектеп қажеттілігі туралы мәселелер ортаға салынды. Аудан тұрғыны, темір жол саласының ардагері Тұрсынбай Халықов Шу қаласындағы қордаланған газ проблемасының негізгі себепкерлері – «КазТрансГаз» АҚ-ның жұмысты баяу жүргізіп жатқандығын құлаққағыс етіп, тексеруді ұсынды. Сондай-ақ, ауданда құс өсіру шаруашылығын қолға алуды, кәсіпкерлерге шағын шұжық және макарон өнімдерінің цехын ашуды ұсынды. Шулықтар Бақытжан Балтабекұлына алғыстарын айтып, шешімін күткен мәселелердің түйіні тарқатылатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, аудан басшысының жұмысына оң бағасын беріп тарқасты.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.