Алқабы астыққа, төскейі төлге толы
Алқабы астыққа, төскейі төлге толы
Тараз қаласының іргесінде жатқан Жамбыл ауданында өткен жылы ауыз толтырып айтарлықтар тірліктер атқарылды. Бір ғана мысал, былтыр ауданда негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 16 миллиард 824 миллион 153 мың теңгені құраған. Жалпы шығарылған өнім көлемі 29 миллиард 986,7 миллион теңге болса, оның ішінде 35,3 пайызы өнеркәсіп, 64,7 пайызы ауыл шаруашылығы салаларының үлесінде. Тұрғындар алдында қорытынды есебін берген аудан әкімі Рүстем Дәулет өз сөзінде осындай оңды көрсеткіштерге көбірек тоқталды. Басқосуға облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев қатысты. Айту керек, ауылшаруашылығында алға басушылық байқалады. Агроқұрылымдардағы егіске жарамды жер көлемі 57 347 гектар болса, есепті кезеңде оның 99,8 пайызы игерілген. Бұл жұртшылықтың жерді жүйелі пайдаланатынын көрсетсе керек. Мысалы, 11 700 гектар жерден дәнді дақылдар толығымен орылып, 9 478 тонна астық бастырылды. Орташа түсім гектарына 8,1 центнерден айналыпты. Майлы дақылдардан 5366 тонна өнім жиналса, 14 879 тонна картоп қазылған. Сонымен қатар, 5 030 гектардан 133 157 тонна көкөніс жиналды. Ауданда жылыжай шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Бүгінде мұнда барлығы 14,2 гектар жерге 283 жылыжай орналасқан. Осы жылыжайлардан 2 айналымда көкөністер өсіріліп, 1333 тонна өнім алынды. Өнімдері негізінен Тараз қаласының базарлары мен облыс аудандарында сатылуда. Сонымен қатар, Қаратөбе ауылдық округінде «Азамат» шаруа қожалығы 1 гектар жерге өнеркәсіп үлгідегі бірыңғай жылыжай кешені құрылысын жүргізуде. Шаруалардың материалдық-техникалық базасы жалпы құны 106,5 миллион теңге тұратын 23 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларымен толықты. Ауданда 16 асыл тұқымды шаруашылық, 7 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойынан мал бордақылау алаңдарын соғу үшін 4 шаруа қожалығына 160,4 гектар жер телімдері берілді. Бұл жерде 240 бас малды бордақылауға арналған фермалардың құрылысы жүргізілетін болады. Тұрғындар индустрияландырудың игілігін айқын сезініп отыр. Былтыр Бектөбе ауылында «БиномСтройДеталь» ЖШС-ның жылына 19,5 мың текше метр панелді үй құрылыс бұйымдарын шығаратын комбинат салу жобасы іске асырылып, кәсіпорын алғашқы сынама өнімдерін шығарды. Бұл өндіріс орнында 65 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жалпы құны 2 миллиард 560 миллион теңгені құрайтын «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС-ның ет өндіретін комбинатының инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша ет комбинатының өндірістік қуаты жылына 1 700 тонна өнім өндіріп, 153 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Сол сияқты Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Құрылыс саласында да қарқын бар. Есепті кезеңде аудан аумағында жалпы көлемі 5 миллиард 767,2 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Түрксіб ауылында 280 орындық балабақша, Жаңаөткел ауылында 50 орындық мектеп, Жамбыл ауылында 10 келушіге арналған медициналық пункт, Тастөбе ауылында 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылды. Ақбұлым, Бесағаш, Тастөбе, Бесжылдық ауылдарында биотермиялық шұңқырлар салынды. Гродеково және Тастөбе ауылдарында ауыз су құбырлары, Аса ауылындағы сарқынды кәріз суын биологиялық тазарту ғимараты, Қаракемер ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталды. Биыл Еңбек ауылында 120 орындық орта мектептің, Жалпақтөбе ауылындағы 280 орындық балабақша мен 100 келушіге арналған емхана, Айша бибі ауылындағы ауыз су құбырларының құрылыстары аяқталатын болады. Жалпақтөбе ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары 2016 жылы аяқталады. Осы жылы Бесағаш ауылындағы Абай бастауыш мектебінің ғимараты шағын орталық етіп қайта жабдықталады. Аса ауылдық округі аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринарлық егу-емдеу үшін арнайы алаң салынады. «Қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» деп Елбасы айтқандай, жол жөндеу мәселесі назардан тыс қалған емес. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен барлығы 202 миллион 988 мың теңге бөлінген болатын. Оның ішінде, 66 миллион 155 мың теңгеге 9 аудандық маңызы бар 13,9 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу және 37,5 шақырым жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 40 миллион 128 мың теңге жолдарды жөндеуге бағытталған. Осы қаржыға Аса, Ақбұлым, Қаратау, Тоғызтарау, Пионер, Қаракемер, Қызылшарық, Өрнек ауылдарының 17 көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2015 жылға автомобиль жолдарын қалыпты ұстауға және жөндеуге барлығы 223 миллион 379 мың теңге бөлініп отыр. Аудан басшысы өз есебінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, құқық қорғау салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасады. Сондай-ақ, өткен жылғы есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысын да ұмыт қалдырған жоқ. – Былтыр сіздермен өткізген есептік кездесулерде түскен ұсыныстардың 17-сі бақылауға алынған болатын. Олардың орындалу барысы туралы хабарлама жергілікті баспасөз беттерінде тоқсан сайын жарияланып тұрды. Бүгінге 16 ұсыныс бойынша нақты шешімдер қабылданып, орындалды. Қалған 1 ұсыныс бойынша, яғни Б.Момышұлы орта мектебінің жанындағы бұрынғы жатақхана ғимаратын жөндеу мәселесі кейінге қалдырылып отыр. Бұл мәселенің орындалуы бақылаудан алынбайды, – деді Р. Дәулет. Жарыссөз барысында сөз сөйлеген тұрғындар аудан басшысының есепті мерзімде атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді алға тартты. Өрнек ауылының тұрғыны, зейнеткер Әшір Мырзаев ауданда 27 елді мекеннің газдандырылғанын айта келе ендігі кезекте қалған елді мекендердің көгілдір отынға қол жеткізуіне көмек көрсетуді сұрады. Аса ауылының тұрғыны Жақсылық Сәлемов осы ауылдың орталық көшесінде қаңырап бос тұрған төрт қабатты 2 тұрғын үйді қалпына келтіру қажеттігін айтты. Бесағаш ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Жетібай Бөрібеков бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтың мектеп ішінде орналасқанына қынжылыс білдірді. «Мектеп жанында бос тұрған ғимаратты жөндеп, соны шағын орталықтың игілігіне берсек, нұр үстіне нұр болар еді», – деді ол. Ал Құмтиын ауылының тұрғыны Жарылқасын Смайылұлы егістікті суару мәселесі төңірегінде ой бөлісті. Жиында жазбаша да сұрақтар түсті. Оның барлығына аудан әкімі Рүстем Дәулет жан-жақты жауап берді. Есеп беру кездесуінде облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев сөз сөйлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысынан хабардар етті. Сонымен қатар, ауданда атқарылуы тиіс жұмыстардың да аз еместігін алға тартты.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.