Мәдікенов неден қателесті?
Мәдікенов неден қателесті?
Апта аралығында өткен еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы Мойынқұм аудандық прокуратурасының «Заң бұзушылықты жою туралы» ұсынысында көрсетілген фактілер бойынша Мойынқұм ауданының әкімі Б. Мәдікеновке қатысты жүргізілген қызметтік тексерудің қорытындысын қараудан басталған. Кеңесте белгілі болғандай аудандық прокуратураның ұсынысында Мойынқұм ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын орындау барысындағы жұмысының заңдылығын тексеру үдерісінде аудан әкімі Б. Мәдікеновтің 2014 жылдың 10 маусымында №130-ө санды өкімімен бұрын сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасап, сот үкімімен тиісті жазасын алған М. Есіркепов деген азаматты аталған орталықтың директоры лауазымына қабылдағандығы анықталғандығы, сол сияқты, аудандық прокуратураның келтірген наразылығынан кейін аудан әкімінің 2014 жылдың 8 желтоқсандағы № 285-ө өкімімен қызметінен босатылғандығы айтылады. Прокуратура тексеруі аудан әкімі мен оның аппаратындағы жауапты қызметкерлердің заң талаптарын бұрмалап, аумақтағы білдей бір мекеменің орынтағына отырғызған адамы, бұрынырақта осы Мойынқұм ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып істеген және лауазымды қызмет атқарған кезінде басқа адамдарға зиян келтіру мақсатында ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізгендігі әшкереленген жан болып шыққан. Әрі сыбайлас жемқорлыққа жататын сол қылмыстық әрекеті үшін Мойынқұм аудандық сотының 2011 жылғы 10 тамыздағы үкімімен оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған екен. Кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабының ережелері негізінде бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналып, бір жыл сынақ мерзімі тағайындалыпты. Ал еліміздегі Еңбек кодексінің 231-бабы 2-тармағының талаптары, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды азаматтық қызметте басқарушылық функциялары жүктелетін лауазымға қабылдауға жол бермейді. Бәлкім, нақ сондықтан да болар, М. Есіркеповті «Жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры етіп тағайындау туралы аудан әкіміне ұсыныс берген Мойынқұм ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы С.Сатылғановтың және келісім алу үшін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж. Баубековтің атына жолданған аудан әкімі Б. Мәдікеновтің ұсыныс-хаттарында орталық директорлығына кандидат М. Есіркеповтің бұрын сотталғандығы туралы мәліметтер келтірілмепті. Мойынқұм аудандық прокуратурасының ұсынысы негізінде Тәртіптік кеңестің хатшылығы қызметтік тексеру жүргізген кезде, хатшылық қызметкерлеріне берген түсініктемелерінде аудан әкімі Болат Мәдікенов орталық директорлығы лауазымына тағайындалған М. Есіркеповтың бұрын сотталғандығынан хабарсыз болғандығын, құжаттарды дайындау барысында аудан әкімі аппараты тиісті бөлімдерінің мәселеге қатысты тексеру жүргізуді ұмыт қалдырғанын, ал аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Ж. Көшеков керісінше аудан әкімінің М. Есіркеповтің жасаған қылмысы үшін бұрын заң тарапынан тиісті жазасын алғандығын өзінен ести тұра оны жұмысқа қабылдау туралы өкімнің жобасын әзірлеу туралы нұсқау бергендігін жазған. Өңірдегі атқарушы билік жүйесінде орын алған осынау келеңсіздік жағдайға қатысты түсініктеме берген аудан әкімі аппаратының басшысы А. Баялиев орталық директоры М. Есіркеповты жұмысқа дайындау барысында оның жеке іс-құжаттарын аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесі дайындағандықтан, тікелей бақылау жасамағандығын атап көрсетіпті. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғ.Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен кеңес жүргізілген қызметтік тексеру бойынша анықталған деректерді талқылай келе облыс әкімі К. Көкірекбаевқа Мойынқұм ауданының әкімі Б. Мәдікеновті ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі талаптарына қайшы әрекет жасағаны үшін қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартуды ұсынды. Сондай-ақ, Тәртіптік кеңес жемқорлыққа жағдай туғызатын қадамға барғаны үшін Мойынқұм ауданы әкім аппаратының басшысы А. Баялиевті, аппараттың персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Ж. Көшековті еліміздің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының тиісті баптары бойынша атқаратын қызметінен босату туралы құзырлы органға ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылдады. Тәртіптік кеңесте Мойынқұм, Қордай және Байзақ аудандарының тәртіптік комиссияларының жұмысы туралы да мәселе қаралып, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана және Алматы қалаларындағы, облыстардағы тәртіптік кеңестері туралы» Ереженің талаптарына сәйкес тиісті шешім қабылданды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».