Талабына нұр жауған Нұрбол
Талабына нұр жауған Нұрбол
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қолға алынғалы бері талай тірліктің тасы өрге домалағаны белгілі. Әсіресе, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұртқа серпін бергені рас. Бұл бағдарламаның шарапатын көріп, шаруасын түзегендердің бірі – Шу ауданының тұрғыны Нұрбол Тіленшиев. Туып-өскен Балуан Шолақ ауылында тұрмысын жалғастырып, ұсақ-түйек тірліктен нәпақасын тауып жүрген азамат теледидар арқылы өзге емес, өз ауылдасының аталмыш бағдарламаның екінші бағыты аясында көмек алғанын көреді. Бұрын-соңды күнделікті күйбеңіне көңілі толмай, қайтсем көшке қосылам деп жүрген Нұрболға бұл бірден түрткі болған көрінеді. Ауылды жерде егін егіп, мал өсірем десең, мүмкіндік мол. Бірақ, қаражатсыз қолы қысқа болып отырған оған есік алдында байлаулы тұрған бірлі-жарымды түлігін місе тұтуға тура келетін. Әлгі хабар құлағына тиісімен, ертесіне-ақ орталыққа тартқан шаруа аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарымен кеңесіп, қажетті құжаттарды жинауға кірісіп кетеді. Бар ойы – несие алып, оны несібеге айналдыру. Көп ұзамай, бизнес жобаны ұйымдастыру бойынша Тараз қаласына оқу курсына жіберіледі. Бір апта бойы оқытушылардың әр сабағын мұқият тыңдап, ынтасы одан ары қуаттана түседі. «Бұл курста бізге қолға «тиын» тисе, дайын дүниені сатып алуға құмартпау керектігін, керісінше, артыңда із қалатындай іске салып, бір күнмен ғана өмір сүруден аулақ болу қажеттігін санамызға әбден сіңірді», – дейді ол. Шаруасын аяққа тұрғызуға шын ниеттеніп, сенімі алға жетелеген ауыл азаматы ақша келгенше, қарап жүрмей күзге таман қора-жайды дайындай бастайды. Жұмысшы жалдағанға жағдайы келмейтінін біліп, күннің атысы, кештің батысы жалғыз өзі кірпіш құюға кіріседі. Негізінен, Нұрбол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 2 миллион теңге көлемінде несие алуды көздеген, бірақ кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкінің құнына сай 1 миллион 400 мың теңге қолына тиеді. Содан соң 56 бас қойды базардан емес, бір шаруа қожалықтың отарынан сатып алады. «Малдың бас-аяғын шашыратпай, бір жерден алудың тиімділігі – құжатты реттеуді күрделендірмейді екен. Оның үстіне, қарапайым шаруа адамы үшін бұл – бас қатыратын мәселе. Осы орайда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының мамандарына алғыс айтқым келеді. Олардың көмегі болмағанда, бір емес, бірнеше мәрте Тараз қаласына сандалар едім» деген Б.Тіленшиевтің ендігі ойы – алған малдың басын еселеу. Әкесінен қалған ауыл маңындағы жеріне 80 мың теңге салып, жоңышқа егеді де, жемшөптің мәселесін де біржақты етіп қояды. Ауыл баласы боп өскенмен, бұрын мұндай шаруамен айналыспағандықтан алғашында бабын білмегендігін жасырмайды. Алайда, істі біліп, кәсіпті келістіру үшін «білмеймін» деп кейін шегінуге болмайтынын ұққан ол, алған несиесінен құтылғаннан кейін, бір орында кідіріп қалмайтындығына көз жеткізді. Қолынан талай іс келетін Тіленшиев темір дәнекерлеуді де шебер меңгерген. Ендігі жоспары – техникалық қызмет көрсету тұрағын ашып, 30 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына шабылатын ауылдастарына септігін тигізу. Бұл уақыттың еншісіндегі жоспар болғанмен, Нұрболдың бүгінгі ынта-ниетіне қарап, тірлігінің баянды боларына сенім күшейе түсетіндей.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.