Жеңістен – жеңіске!
Жеңістен – жеңіске!
«Арландар» «Пуэрто-Рико дауылдарының» 3 боксшысын сұлатып салды
Бүкіләлемдік бокс сериясы «Астана арландары» үшін өте сәтті өтіп жатыр. Қарсы келген команданы қалпақпен ұрып алып жатқан қазақстандық боксшылар бесінші маусымның бесінші кезеңінде де жарқын жеңістерімен жанкүйерлерді қуанта алды
Бұл жолы Қарағандыға «Пуэрто-Рико дауылдары» командасы келді. Серия дебютанттары осыған дейінгі кездесулерін жаман өткізбеген болатын. Дегенмен, бұл матчтың сөзсіз фавориттері «Астана арландары» еді. Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де солай болып шықты. Алдымен ең жеңіл салмақтағы (49 келі) оғланымыз Мардан Берікбаев меймандар сапынан шыққан Энтони Ортизді орнына қойды. Ортекедей ойқастаған Ортизді осал боксшы дей алмаймыз. Өз елінің саңлақ спортшысы. Бірақ, Марданның қасында ол техникалық тұрғыдан да, физикалық жағынан да әлсіз екені байқалып тұрды. Орта қашықтықты оңтайлы сақтай білген Берікбаев соққыларын қарсыласының басына да, бүйір тұсына да дәл дарыта біліп, алғашқы ұпайды қоржынға салды. 56 келінің мықтылары сынға түскен екінші кездесу екінші раундта финишіне жетті. Мейірболат Тойытов қарсыласы Гомес Гарибальдиге еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Бірінші раундта бауыр тұсынан соққы алған Гарибальди керме арқанды жағалап, нокдаунға түсті. Орнынан тұрып, жарты минут шайқасқаны сол еді, гонг соғылып, оны құтқарып қалды. Бірақ, екінші раундта алшаң басқан оғланымыз Мейірболат оны бұрышқа тығып, басынан үш соққы, бүйір тұсынан төрт соққы бағыттады. Нокдаунға түскен мейман боксшы кездесуді жалғастыруға ишара білдірмеді. Үшінші кездесуде «Арландардың» капитаны, 69 келідегі оғланымыз Самат Бәшенов Ян Ривераны бес раунд бойы соққының астына алып, оңай жеңді. Осы жекпе-жектен кейін командамыз жеңіске жетіп қойған. Төртінші болып рингке беттеген 75 келідегі өреніміз, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өзінің дебюттік кездесуін бірінші раундта нокаутпен аяқтады. Алғашқы кезең орта тұсына таяғанда Әлімханұлы қарсыласының басына қапталдай бағыттаған соққысын тура қондырды. Есеңгіреп қалған Джеффри Флаз бапкеріне қараған күйі басын шайқап, орнынан қозғалған жоқ. Керемет жеңіс! Осылайша эйфориялық сезімнің құшағында отырғанымызда 91 келідегі оғланымыз Василий Левит түпкілікті нәтижені тіркеді. Ричард Джонсонды бұйым құрлы көрген жоқ. Екі раундта үш мәрте жер бауырлаған Ричард та техникалық нокаутпен жеңіліске ұшырады. Бұл «Арландардың» қатарынан бесінші жеңісі, оның ішінде жерлестеріміз үш кездесуде қарсыластарына соқыр ұпай ұстатпай, 5:0 есебімен басым түсті. Енді Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Арландар» аргентиналық боксшылардан сынақ қабылдайды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».