"Астана Арланс" "Пуэрто-Рико дауылдарын" айқын басымдықпен жеңді
"Астана Арланс" "Пуэрто-Рико дауылдарын" айқын басымдықпен жеңді
"Астана Арланс" клубы Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында "Пуэрто-Рико дауылдарынан" басым түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
14 ақпан күні Қарағанды қаласында Серік Сәпиев атындағы спорт сарайында өткен кездесуде қазақстандықтар бес жекпе-жекте де жеңіске жетті. Жалпы есеп - 5-0.
44 келіге дейінгі категорияда қазақстандық боксшы Мардан Берікбаев Энтони Ортизден төрт бірдей раундта да басым болып, жеңіске жетті. Мейірболат Тойытов болса Пуэрто-Рико боксшысын бірінші раундтан-ақ нокдаунға түсірді. 56 келі салмақта жұдырықтасқан қазақстандық боксшы Гарибалди Гамезді екінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді. Самат Бәшенов 64 келі салмақта Ривера Янмен кездесіп, қазылар алқасының шешімімен жеңіске қол жеткізді. "Астана Арланс" клубының мақтанышы Жәнібек Әлімханұлы Джеффри Флаз Гуилленді бірінші раундта сұлата құлатып, нокаутпен жеңді. Боксшылар 75 келіге дейінгі салмақ категориясында жұдырықтасты. Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы Бүкіләлемдік бокс сериясына тұңғыш рет шығып отыр. Ал шешуші жекпе-жекке боксшылар 91 келіге дейінгі салмақ категориясында шықты. Василий Левит Пуэрто-Рико боксшысы Ричард Джонсоннан басым түсті. Қазақстандық бірінші раунда өз қарсыласын нокдаунға жіберген болатын. Сөйтіп, "Астана Арланс" боксшысы қарсыласын соңғы раундтарға дейін жеткізбеді.
Осылайша, "Астана Арланс" клубы турнир кестесінде бесінші жеңісіне қол жеткізіп отыр.
Еске сала кетейік, "Астана Арланс" клубы Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында "Америкалық нокаутшыларды" 5:0 есебімен жеңген болатын. Кейін бокс клубының бас менеджері Серік Сәпиев егер кездесу АҚШ-та өтсе, есеп 5:0 болып Қазақстанның пайдасына шешілмесін мойындаған еді.
ақпарат көзі tengrinews.kz