ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРАДЫ
ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРАДЫ
Бейбіт ЖАҚАШЕВ, ТИГУ-дің доценті, экономист.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік саясаттағы салмақты орнымен қатар, түрлі экономикалық мәселелерді барынша оңтайлы шешу туралы ұсыныстары мен ұстанымы қашанда ел сенімінен шығып, халықты тығырық пен тұйыққа тіреген емес. Бүгінде әлемнің әр түкпірінен түрлі деңгейде көрініс тауып жатқан саяси шиеленістер мен экономикалық құлдыраулар кезеңінде Президент Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде осы мәселелердің елімізде белең алмауының жолын нұсқады. Айта кетейік, қарапайым халықтан бастап, әр саланы терең зерттеп жүрген мамандардың барлығының дерлік ойынан шыққан озық бастамалар айтылды. «Барлық жерде экономиканың қатал саясатын, бюджет шығыстарын оңтайландыруды жүргізу керек. Жаңа бастамаларды жақсы кезеңге дейін кейінге қалдырайық. Ойға алынған істерді аяғына дейін жеткізейік. Бұл мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, ұлттық компанияларға қатысты. Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарын 700 миллиард теңгеге дейін немесе жалпы шығыс көлемінің 10 пайызы мөлшерінде қысқартуды тапсырамын. Бірақ, мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері өзгермеуі керек» деген еді Елбасы сол басқосуда. Байқап отырғанымыздай, қандай да бір қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда көптеген елдерде халықтың әлеуметтік жағдайының күрт төмендеп кететіні аңғарылады. Ал Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайының бірінші кезекке қойылуы, түптеп келгенде, ел үшін үлкен тәуекелге бару. Ал елде туындаған экономикалық мәселелерге Еуразиялық экономикалық одағы мен Кеден одағын кінәлайтын азаматтарға да тиісті жауабы берілді. Атап айтқанда, еліміздің аталған одақтарға кіруі мемлекет экономикасына ешқандай салқынын тигізген жоқ. Уақытша туындап отырған бұл келеңсіздік Ресей рублінің құлдырауы мен қазақстандық ішкі нарықтағы қысымның күшеюі салдарынан болып отырғанын мәлімдеді Елбасы. Ресей рублінің құлдырауына байланысты сатып алушылар көрші елдің тауарын жаппай сатып алып, соның салдарынан өзіміздің отандық өндірушілер біршама шығынға ұшырағаны рас. Дейтұрғанмен, екі ел Президенті мен Премьер-Министрлері арасында жүргізілген келіссөздердің арқасында бұл мәселе де оң шешімін табатын болды. Сондықтан, тауар өндірушілердің де, тұтынушылардың да алаңдауына еш себеп жоқ. Елбасы ұсынған «Қазақстанда жасалған» акциясы ауқымды жобаға айналып, халықтың қолдауына ие болып кетсе, онда экономикадағы жаңа бір серпілістің болатыны сөзсіз. Тараз қаласы.