Әр азамат патриот болса
Әр азамат патриот болса
Қуандық Шолақ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әрқилы маңызды жайлар қозғалды. Соның бірі Мемлекет Президентінің ел азаматтарын патриот болуға шақырғаны десек қателеспейміз. Әлбетте, әрбір қазақстандықтың жүрегінде туған елге, жерге, Отанға деген махаббаттардың жиынтығын құрайтын ұлтжандылық сезімі алғы шепте тұрмағы ләзім. Отанға деген махаббат отбасынан басталады десек, бойдағы патриотизмнің қылаң беруі әрқилы көрініс табатыны белгілі. Соның бірі Елбасымыз айтқандай, отандық өнімге деген оң көзқарас болып отыр. Өйткені, отандық тауарларымызға деген сұраныстың ар жағында Отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет те жатқанын аңғаруға болады. Бұл тұрғыда көреген көшбасшымыздың өзі: «Қазақстанда жасалған» деген акцияны бастайық. Барлық сауда орындарында қазақстандық тауарлардың секциясы болсын. Қазақстандықтарға қиын жағдайда патриот болып, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырайық. Баламалы түрде бұл біздің азаматтарымыздың экономикамызға көрсеткен көмегі болады» – деп ашық та айқын мәлімдеді. Әлбетте, әр азамат патриот бола отырып, қазақстандық тауарлардың айналымына атсалыса алады. Бұл – қазіргідей қиын кезеңде өз жоғымызды түгендеп, барымызды асырып, ішкі беріктігімізді қамтамасыз етудің бір жолы. Елбасымыз айтқандай, кез-келген қазақстандық патриот болса, ел игілігі үшін ерен істердің атқарылуына бел буа кіріссе, біз бағындырмайтын белес жоқ. Баһадүр Бауыржан Момышұлы айтқандай, әрбіріміз «Елім дегенде еміреніп, жұртымыз дегенде жұмылып» қызмет етсек, ел ырысы ешқашан ортая қоймас.
Т. Рысқұлов ауданы.