Саясат

«Cоседушкидің» сәні мен әні

«Cоседушкидің» сәні мен әні

Қазақстан халқы Ассамблеясының 2013 жылғы ХХ сессиясы «Қазақстан-2050: Бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген тақырыппен өткен болатын. Бұған Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сол алқалы жиында мынадай түсініктеме берген еді: «Неге біз бұлай айта аламыз? Өйткені, бір халық – бұл барлығымыз үшін ортақ мүдделер. Бір ел – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. Бір тағдыр – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер». Ал Ассамблеяның былтырғы өткен кезекті сессиясында: «Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар» деп біздің елімізде ұлтаралық достық қатынастың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте атап көрсетті. Міне осылай татулықты тірлігіміздің тірегіне айналдыра білгендіктен де көпұлтты мемлекетімізде ұлттар достығы мен ел бірлігі барлық табыстарымыздың негізіне айналып отыр. Қазақстан Республикасы – көп ұлтты мемлекет. 17 миллион адамнан асқан еліміздің халқы 140-тан аса ұлттар мен ұлыс өкілдерінен тұрады. Олардың арасындағы татулық пен келісім еліміз үшін шешуші мәнге ие. Саяси тұрақтылықтың да тұғыры сол келісім мен татулықта болғандықтан, Елбасы да, ел билігі де бұл мәселені жіті бақылауда ұстайды. Сондықтан да біздің елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде мерекеленеді.

Ал 1995 жылы еліміздегі ұлттық саясатты жүзеге асырушы, республикалық және өңірлік, жергілікті ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын біріктіруші қоғамдық институт ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық келісім мен татулықты сақтаудағы және нығайтудағы маңызы орасан. Мұны жыл сайынғы іс нәтижелерінен де көріп келеміз. Құрылғанына жиырма жыл толуына байланысты былтырдан бері кең көлемде аталып өтіп отырған ассамблеялық мерекелік бағдарлама жергілікті тармақтары арқылы бүкілхалықтық іс-шараға айналуда. Бүкіл еліміздегі тәрізді, отыздан аса ұлттық этнос өкілдері тұратын Қордай өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы алты аудандық этномәдени бірлестіктері арқылы жүргізілуде. Көп ұлтты ауданымыздағы қазақ, славян, әзірбайжан-түрік-күрді, татар-башқұрт, шешен-ингуш, дүнген этномәдени бірлестіктері өзара тығыз қарым-қатынаста өңірдегі көп этносты қоғамның мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін үйлесімді өркендетуге атсалысуда бай тәжірибе жинаған. Этномәдени орталықтарының әрқайсысы жиырмадан елуге дейін адам қатысатын көркемөнер үйірмелері арқылы жыл сайынғы Наурыз, Бірінші мамыр, Тәуелсіздік күні мерекелерінде өз ұлтының мәдениеті мен дәстүрін жарқырата көрсететін қызықты бағдарламалар ұйымдастырады. Мәселен, біздің славян этномәдени бірлестігінің жанында 1999 жылдан бері жұмыс істейтін «Соседушки» ұлттық өнер ұжымы аудан көлеміндегі барлық мерекелік іс-шаралардың бел ортасынан табылады. Ансамбль құрамындағы елу адамның арасында орыс ұлтының дәстүрлерін жетік білетін егде өнерпаздармен қатар, жастар да баршылық. Сондай-ақ, біздің өнер ұжымы Мәдениет күндері, достық фестивальдары, форумдарға, Қырғызстанмен шекаралық ынтымақтастық аясында өткізілетін іс-шараларға да белсене қатысады. Аудандағы барлық этномәдени бірлестіктер «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалымен бірлесе отырып халықтар достығы мен ынтымақтастығын сақтауға септесу арқылы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Аудандағы этномәдени бірлестіктері өзге ұлттар өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретудің әртүрлі әдістері мен үлгілерін қолдануда. Мәселен, дүнген этносы жинақы тұратын елді мекендерде мемлекеттік тіл шағын орталықтар арқылы оқытылуда. Жергілікті этномәдени бірлестіктерінің жұмысын жандандыруға облыстық ассамблея жылжымалы жұмыс тәжірибесімен барынша ықпал етуде. Мәселен, «Біз – қазақстандықтармыз!» жобасын іске асыру аясында ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, жоғары оқу орындарының ғалымдары ауданға келіп, шалғай ауылдарда семинар-тренингтер өткізіп тұрады. Осындай көшпелі семинарлар өткен жылы Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында өтті. Ондағы көшпелі көрмелерде әртүрлі этностық топтардың өкілдері болып табылатын облыстағы суретшілер мен қолөнершілердің ең үздік жұмыстары қойылды, сондай-ақ спорттық жарыстар, шахмат турнирлері, бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныптары, қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесулер тәрізді іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ортақ мақсат жолында біргеміз» атты фестивальмен аяқталып отырды. Ауданда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына жиырма жыл толуына байланысты мерекелік шаралар кең ауқымда жүргізілуде. Этномәдени бірлестіктері жергілікті тарихшылармен, кітапхана және мұрағат қызметкерлерімен бірлесіп, Қазақстанға келген ұлттар мен ұлыстардың тарихы туралы деректер мен құжаттарды жинақтауға қатысты. Адамдар араласқанда ынтымақ нығая түседі деген ұғым бар. Көп ұлтты еліміздегі тәрізді біздің өңірде де ұлттар достығына айрықша мән беріледі. Өйткені, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Этностық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықтың сақталуының кілті осында. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асуы еліміз халқының ауызбіршілігімен тікелей байланысты екендігін қордайлықтар да жадынан шығармайды. Этномәдени бірлестіктерінің жұмысын жандандыра түсуге ауданда барынша жағдай туғызылуда. Мәселен, өткен жылы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жүргізуге 1 миллион теңге бөлініп игерілген болса, биыл бұл мақсатқа 3 миллион теңге қарастырылуы ұлтаралық ынтымақтастық шараларын бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізуге жол ашатын болады.

Ольга Сбитнева, аудандық мәслихаттың депутаты, славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

Қордай ауданы.