Бәрі де елдің мүддесі
Бәрі де елдің мүддесі
Жұмат САҚЫПБЕКОВ, аудан әкімдігі
кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі жүрегі елім деп соққан кез-келген азаматты бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Рас, әлемде қаржылық қиындықтар орын алып жатқандықтан бұл мәселе бізді де ойландырмай қоймайды. Бірақ, Елбасының салмақты сөзі абыржуға ешқандай да негіз жоқ екенін ұқтырғандай. «Тағы да айтқым келеді, біздің қазақстандық экономикада айтарлықтай дағдарыс жоқ. Ғаламдық дағдарыс – сыртқы фактор. Бірінші жағымсыз фактор – мұнайдың екі есе арзандауы: маусымда – жүзден жоғары, қазір – 50-ден төмен. Негізгі экспорттық тауарлар – металл, тыңайтқыштар және тағы да басқалардың бағасы төмендеп жатыр. Екінші маңызды фактор – экономикалық дағдарыс, Ресей рублінің құнсыздануы, Ресейдегі рецессия. Экономикалық әріптестік және даму ұйымы елдерінде 43 миллион жұмыссыз бар, 850 миллионнан астам адам аштықта. Еуроаймақта жұмыссыздық деңгейі – 11,5 пайыз. Жалпы әлемдік жағдай, ал біз сол әлемнің бөлшегіміз және бұл бізге әсер етпей қоймайды. Міне, біз әсерін сезіп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы. Президент өткен жылдың соңында жариялаған «Нұрлы жол» бағдарламасы осы тығырықтан алып шығатын тура бағыт екенін тағы да ескертті. «Көп іс жағымсыз тенденцияларды жұмсарту үшін жасалды. «Нұрлы жол» бағдарламасы – қиын жағдайдағы өсудің бастауы», – деді Елбасы. Мемлекет басшысының отандық тауарлар туралы бастамасы да құптарлық. «Қазақстанда жасалған» деген акцияны бастайық. Барлық сауда орындарында қазақстандық тауарлардың секциясы болсын. Қазақстандықтарға қиын жағдайда патриот болып, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырайық. Баламалы түрде – бұл біздің азаматтарымыздың экономикамызға көрсеткен көмегі болады», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне. Түптеп келгенде, осының бәрі де елдің қамы. Сондықтан да біз мұны жүрекпен сезіне отырып, кең көлемде қолдау көрсетуіміз керек.
Сарысу ауданы.