Экономика

Өңір өнеркәсібі өркендеп келеді

Өңір өнеркәсібі өркендеп келеді

23Аудан әкімі Б.Көпбосынов аудан тұрғындары алдындағы есебінде өткен жылы қол жеткен табыстарды кеңінен сөз етті. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков қатысты. 

Аудан экономикасында өнеркәсіп саласында кәсіпорындар былтыр 13 миллиард 831,8 миллион теңгенің өнімін өндірген. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 13 миллиард 53,6 миллион теңгені құраған еді. Аудандағы үш ірі зауыт, «Меркі қант зауыты» 95600 тонна шекер өнімдерін немесе 10 миллиард 340 миллион теңгенің өнімін өндіріп, аудан бюджетіне 35 миллион 488 мың теңге, «Меркі ірімшік зауыты» 2169,9 тонна сүт 24өнімдері немесе 754 миллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 33 миллион 108 мың теңге, ал «Алкопищепром» ЖШС 759,4 миллион теңгенің өнімін өндіріп, ауданның бюджет қоржынына 462 миллион 947 мың теңге салық түсірген.

Оған қоса орта, шағын және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің барлығы – 5186, оның ішінде 8 орта, шағын – 196, жеке – 3398 және 1584 шаруа қожалықтарында 13575 адам еңбек етуде. Кәсіпкерлік саласы бойынша аудан бюджетіне 1 миллиард 556 миллион 208 мың теңге қаржы түсіп, бұл 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 555,2 миллион теңгеге артық. Енді 2015-2016 жылдары кәсіпкерлік саласында 9 инвестициялық жобаны іске асыру міндеті тұр. Олар «ТаразГринпауер Дженко» ЖШС жылына 18 Мвт электр қуатын, «Гидроэнергокомпания» ЖШС 1,5 Мвт электр қуатын өндіретін ГЭС құрылысы, жеке кәсіпкер «Тоқбергенов» 60 орындық шипажай құрылысын жүргізу, «Lubex» ЖШС, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойынан сервис орталығын ашу, «Плешакова» ЖК 50 орындық бал сататын сауда орнын ашу, «Ақарал» ӨК осы ауылда шарап зауытын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алмақ. Ауданда ауыл шаруашылығы, оның ішінде «Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы аясында ірі жобалар қолға алынып, нәтижесін беруде. Сарымолдаев ауылдық округінен «Нейля-С» шаруа қожалығы өз қаражатына 288 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосып, енді қосымша жай соғып, 500 басқа жеткізуді көздеп отыр. Ал Жамбыл ауылдық округінде «Олжа» ШҚ жоба құны 400 миллион теңгеге 3000 басқа арналған озық инфраструктуралы мал бордақылау кешенін пайдалануға берді. Енді «Актепп» ЖШС 300 миллион теңгеге Сарымолдаев ауылынан 3000 басқа, «АростанТараз» ЖШС Ақтоған ауылынан 3000 басқа, «Меркі Игілік» ШҚ 600 басқа, «Талдыбұлақ» ЖШС 500 басқа арналған мал бордақылау алаңдарын соғуды қолға алмақ. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара малын сатып алу асыра орындалған. Сонымен қатар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы бойынан тауарлы сүт фермаларын құру мәселесі қолға алынуда. «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС арқылы алынған 5 сүт қабылдау танкерлері ауылдық жерлерге орнатылды. Аудандағы көңіл қуантарлық табыстың бірі – елді мекендерді газдандыру сәтімен іске асуда. Мәселен, облыс аумағындағы 377 елді мекеннің 141-і, яғни, 37,4 пайызы газбен қамтылған. Ал Меркіде 44 елді мекеннің 29-ы газдандырылып, енді 10 елді мекенді газдандыру жұмыстары биыл аяқталмақ. Биылғы жылдың өзіне бұл жұмыстары үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 605 миллион теңге қарастырылған. Сонымен барлығы 39 елді мекен, яғни 88,6 пайыз газдандырылып, кезекте тек 5 елді мекен ғана қалмақ. Аудан әкімі өз есебінде сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан өзге де мәселелерге тоқталды. Соның ішінде жұмыспен қамту бөлімі арқылы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыссыздардың тұрақты еңбекпен қамтылғанын, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын тілге тиек етті. Аудан әкімінің есебіне жарыссөзге алғашқы болып шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Совет Қалмағанбетов аудандағы автокөлік жолдарын жаңарту бағытында тиісті орындарға депутаттық сауал жолдағанын айтса, «Меркі ірімшік зауытының» директоры Д.Айтөлен зауыттағы жұмысшылардың қысқармайтынын, еңбек жалақылары сақталатынын айта келе, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолының бойынан зауыт өзінің «Тауарлы сүт фермасын» ашатындығын, оның құрылысы наурыз айында басталатынын хабардар етті. Ол үшін аудан басшылығы арнайы жер телімін бөлген. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Тілеубердиева балабақша мәселесіне тереңірек үңілді. Ауданда былтырғы жылы 20147 сәби өмірге келген. Бұл ауданда демографиялық көрсеткіштің жақсарғанының белгісі. Қазіргі таңда сәбилердің балабақшамен қамтылуы 29 пайызды ғана құрайды. Бұл – облыстағы ең төменгі көрсеткіш. Ауданда жылына 400 бала ғана балабақшамен қамтылып отыр. Аудан өміріндегі түйінді осы мәселені шешу үшін облыстан қаржы бөлінбей, бұл іс алға баспай тұрғандығын алға тартты. Келесі болып сөз алған «Ренат» шаруа қожалығының жетекшісі, ауданның Құрметті азаматы Қ.Тәттіғұлова ауданда соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын айта келе, Қостоған ауылында жаңа салынған емханаға су жүйесі жүргізілмегендігін сын тезіне алды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Иманәлиев ақсақал мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен қолдауды Меркі жұртшылығының да көріп отырғандығына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ауданда газ, электр қуатының тарифтері жиі қымбаттайтынын, оның орынды-орынсыздығын реттейтін антимонополиялық мекемелердің жұмысына алаңдаушылығын білдірді. Ал Жамбыл ауылының тұрғыны еңбек ардагері Ә.Қырғабақов Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асырып отырған аудан басшылығына алғысын жеткізді. Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков сөз алып, былтырғы жылы жарияланған Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындайтын міндеттер мен күні кеше Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Президент тарапынан қойылған тапсырмаларды орындауды басшылыққа ала отырып, биылғы жылы атқарылатын тірліктерді саралады. Ауқымды тірліктер жүктеді.

Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.