Табыс бар, тоқмейілсу жоқ
Табыс бар, тоқмейілсу жоқ
Жылдағы дәстүр бойынша әр деңгейдегі әкімдердің жергілікті халық алдындағы есеп беру жиындары жалғасын тауып жатыр. Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылындағы Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімі Жарылқасын Айтақовтың жылқы жылын қорытындылаған жиыны өтті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты.
Есепті жиында сөз алған Жарылқасын Әбдіғапарұлы жыл ішінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, салалар бойынша өсу динамикасын тәптіштеп тұрып айтып берді. Өңір басшысының сөзіне сенсек, жылқы жылында Тұрар атындағы ауданның ауыл шаруашылық тауар өндірушілері жыл-он екі айда 12 миллиард теңгенің тауарын өндіріпті. Егістік жерлер де толық игеріліп, жоспар жүз пайыз орындалған. Мал шаруашылығының да адымы алшаң. Бұл бағыттағы тиянақты тірлік өз нәтижесін бергені айқын. Нәтижесінде көрсеткіштегі өсім 101 пайызды құрап отыр. Ауданның сегіз шаруа қожалығы асыл тұқымды қой шаруашылығының өрісін кеңейтсе, алты шаруашылық мүйізді ірі қараның санын еселеуге еңбек етуде. Сонымен қатар бір шаруа қожалық асыл тұқымды жылқының қарасын аттыруға тер төгіп жүр екен. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 295 бас сиыр, 11 бас асыл тұқымды бұқа сатып алыныпты. «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары бойынша да көңіл көншітерлік жұмыстар атқарылып жатыр. Лизингке техника алуда да аудан алдыңғы қатарлылардың санатында. Жыл ішінде 624, 4 миллион теңгеге 54 дана техника алынған. Заманауи талапқа сай сол техника бүгінде сапалы өнім алуға өз септігін тигізуде. Түрлі деңгейдегі субсидияларды алу да өз деңгейінде жүріп жатыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан «Тауарлы сүт фермаларын» орналастыру туралы тапсырманы жүзеге асыру бағытында автотрасса бойында жер телімдері бар шаруашылықтардың тізімін жасау жұмыстары жалғасуда. Өңірде суды үнемдеу мақсатында бүгінгі таңда 35,26 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізіліпті. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС американдық «Амако» фирмасының «Веллюй» технологиясы бойынша 300 гектар алқапты жаңбырлатып суару әдісіне негіздепті. Серіктестік алдағы уақытта 3000 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізіп, дефицитті жоюды мақсат етіп отыр. Өңірде өнеркәсіп саласы да өркен жайып келеді. Жалпы ауданда барлық сала бойынша өсім байқалғанымен, білім саласында өткен жылы олқылықтар орын алыпты. ҰБТ бойынша аудан жылқы жылында төмен көрсеткіш көрсетіп, нәтижесінде үш бірдей мектеп директорлары жылы орындарын босатқан. Биыл аталмыш сынаққа дайындық үрдісі қазірден мықтап қолға алынған. Нәтижесі қандай болатынын алдағы уақытта көретін боламыз. Ауданда 8 мәдениет үйі, 12 клуб, 1 кинотеатр, 1 жылжымалы автоклуб, 5 халықтық атағы бар өнер ұжымдары бар. Сонымен қатар 36 кітапхана халыққа мәдени қызмет көрсетуде. «Тамаша» ойын-сауық отауы мен екі фольклорлық ансамбль өз жұмыстарын жүйелі атқарып жатыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында Қорағаты, Құмарық, Көкдөнен ауылдарындағы Мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Луговой, Қарақыстақ ауылдық Мәдениет үйлері мен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйіне 183 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жалпы, ауданда барлық салада даму бар, даңғаза жоқ. Мұны жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков те атап өтті. «Сіздермен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Меркі өңірінде бірқатар көрсеткіштер төмен. Жалпы алғанда Тұрар Рысқұлов ауданында даму динамикасы айқын аңғарылады. Алдағы уақытта да сол қарқынмен жұмыс жасау керек. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет қаражаты қысқарғанымен, жұмысшылардың жалақысы мен қызмет орны сақталуы тиіс екенін атап өтті. Осы бағытта жұмысты жүйелі жүргізген ләзім. Қаржы қысқарды екен деп қарап отырмаймыз. Басталған құрылыстар әрмен қарай жалғасын табады. Ал басталмаған жұмыстарға жобалық-сметалық құжаттар жасауға асықпаңыздар. Ол құжат үш жылдан соң жарамсыз болып қалады да, бюджет қаржысы негізсіз жұмсалған болып шығады. Сондықтан, әр қадамдарыңызға сақ болыңыздар. Аудан да, облыс та дамудың даңғыл жолына түсті. Біз барлық қиындықты еңсереміз. Сол бағытта жұмыс жасаймыз. Отандық өнімнің сапасын да, өнімділігін де арттыруымыз керек», – деді Бекболат Серікбекұлы өз ойын түйіп. Жарыссөзге шыққан «Ақтоған» шаруа қожалығының басшысы Сейітхасан Ахаев, Луговой ауылдық округінің әкімі Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов және өзгелер аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деп баға берді. Ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын жазбаша жолдап, көңіл көншітерлік жауаптар алды. Ал Жарылқасын Айтақов жиын соңында: «Ауданда берекелі бірліктің арқасында тындырымды тірліктер атқарылып жатыр. Қой жылында да барлық қиындыққа мойымай, біраз жетістіктерге бірге жететін боламыз», – деп өз ойымен бөлісті.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.