Қытайдағы қарлығаштар
Қытайдағы қарлығаштар
ұлттық мәдениетімізді ұлықтап жүр
Әлемнің алпауыт мемлекеттерінде білім алып, ілім қуып жүрген қазақ жастары жетерлік және олардың саны жыл санап артып келеді. Шетелдегі білімгерлердің қатарында жамбылдықтар да жоқ емес. Ең қуаныштысы, жат топырақта оқып жүрген қандастарымыз ұлт құндылықтарын дәріптеуде, мәдениетіміз бен өнерімізді паш етуде. Мұны Қытайдың Кайфен қаласындағы Хынань университетінде оқитын Гүлназ Қарынтаеваның туған ауылындағы мектеп ұстаздарына жазған хатынан айқын аңғарасыз.
Аспан асты еліндегі жерлесіміз Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылында туған. Гүлназ Мадиярқызы сондағы Ақтоған орта мектебінде білім алып жүргенде-ақ оқу үлгерімінің жоғарылығымен, бишілік өнерімен көзге көрінген-ді. Өткен жылы ғана білім ошағын абыроймен тәмамдаған жеткіншекті арманы Қытайға жетелепті. Бүгінде Қытай тілі мен мәдениеті факультетінің дайындық курсында оқитын қаракөзіміз көрші елдегі қазақ жастарымен де қоян-қолтық араласып тұратын көрінеді. Гүлназ өзі оқыған мектебіне жазған хатында өзге мемлекетте білім алудың машақатын, ағылшын тілін меңгермей әлемдік университеттердің табалдырығын аттау мүмкін еместігін айтқан. Ол ауылындағы іні-сіңлілеріне былай жазады: «Мен өз замандастарымның барлығы дерлік халықаралық деңгейдегі оқу орындарында оқығанын қалаймын. Өйткені, өзге мемлекеттің озығын үйреніп, жетілген азамат ертең өз ұлтының болашағына қызмет ететініне кәміл сенемін. Мектебімдегі балалар да соған ұмтылса екен. Ал ол үшін ағылшын тілін міндетті түрде үйрену қажет». Гүлназдың хатынан, әсіресе, ұстаздарына деген ілтипаты бөлек екенін байқаймыз. «Құрметті менің ұстаздарым! Оқушыларыңыздың арманына қол созуына септескен – сіздердің еңбектеріңіз. Әр қиындыққа кезіккенде сіздердің ақылдарыңыз бен нақылдарыңызды есіме аламын және осылайша жеңіске жетемін. Менің бойым мен ойыма сіңірген білім нәрлеріңіз маған ғұмыр бойы азық болатынына күмәнім жоқ. Әсіресе, Гаухар (Бурбекова – ағылшын тілі пәні мұғалімі), Хадиша (Оразова – тарих пәні мұғалімі) апайларым, сіздердің бейнелеріңіз бен әр сөздеріңіз санамда әбден жатталып қалған. Өйткені, мен сіздердің тағылымдарыңызбен жетілдім, бой түзедім. Сондықтан барша ұстаздарыма шексіз алғысымды айтқым келеді» депті үшбүу хатта қарындасымыз. Айтпақшы, Гүлназ Мадиярқызы жазбасында Қытайдағы қазақ жастарының ұйымшылдығын да сөз етіпті. «Біз Кайфенде өткен үлкен мәдени шарада қазақтың халық биін билеп, зор қошеметке бөлендік. Қытайлықтардың өнерімізге риза болғандары сондай, жергілікті басылымға суретімізбен жариялапты. Бұл – біздің ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізге деген мақтанышымызды арттырып, шабыт сыйлады. Ең бастысы, қазақ биімен өзге ұлтты тамсандырғанымызға мәзбіз» дейді ол.
Асхат РАЙҚҰЛ, журналист.