Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...
Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...
немесе тағы да Валентин әулие туралы
Демалыс күні таза ауамен тынығу ниетінде далада біраз жүріп қайтатыным бар еді. Өткен жексенбіде сол әдетіммен саябақты аралап, оныншы мөлтек ауданында орналасқан пәтеріме жаяулатып қайтып келе жатып, қиылыстағы «Қайқармет» аталып кеткен шағын базарға бас сұқтым. Майда-шүйде сатамыз деп барын жайып қоятын сатушылардың маңынан өте бергенім сол еді, «валентинка» деп аталып кеткен түрлі-түсті жылтырақ, көздің жауын алатын қаптаған құттықтау қағаздары көзіме шағылысып қоя берді. Ол «валентинкаларда» не жазылған дейсіз ғой сонда?! Анайылығы ақтарылып тұрған «Ты – мой, я – твоя!», «Мой страстный!», «Я помню первый поцелуй!», «Зайчик мой!», «Я не забуду наше первое свидание!» сияқты және соларға ұқсас мәтіндегі «махаббат хаттары» ішінен «Мен сені сүйем» деп жазылған қазақшасын да кездестірдім. Бұл ғана емес, қаладағы көңіл көтеруге арналған орындар мен мейрамханалар да осы күн жақындаған сайын сыртқа жарнамаларын жарыса жаңартып, «Валентинге» қандай тосын сыйлар күтіп тұрғанын білмекке шақырып әуре. Демек, біреулер айтып жүргендей «Қасиетті Валентин күні» ешкімге зияны жоқ жай ғана «бейкүнә» мереке емес, ұрпақтың тамырын улап жатқан қасірет екеніне осылар арқылы тағы бір көз жеткіздім. Өз ойыммен іштей арпалысып, санам санға бөлініп үйге қайттым.
Осыған орай өңіріміздегі ойлы жас пен жасамыстың пікірін өзгелерге ой салар деген ниетпен жариялағанды жөн көрдік.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Оразбек Өскенбаев, қала тұрғыны:
– Санасы ояу ата-ана бұл мереке жақындаған сайын қынжылады. Өйткені, олар өз балаларының түпкі негізі ар-ожданға және әдептілікке қайшы келетін жеңілтек сезімге беріліп көңіл көтеруін және тәрбиелік мәні мүлдем жоқ осындай төмен деңгейлі мерекелерге қатысуын қаламайды. Мұсылман адам махаббат сезімін біреуге білдіру ісіне жеңіл қарамауы қажет, ол өзінің жүректен шығатын ыстық сезімін көрінгеннің қолына ұстата салмай, болашақта отбасын құруға және де өзінің адал жарына сақтап жүруі тиіс. Қараңғылықтың құрбаны болған Валентинді дәріптемей, «Махаббат күні» деп бір күнді белгілеп алып, оны ел көлемінде тойлауды негізге алсақ, жарасып-ақ кетер еді.
Шәміл Бүркітұлы, Т.Рысқұлов аудандық Жастар орталығының қызметкері:
– Меніңше, бізге махаббат күні мүлдем керек емес. Неге десеңіз, махаббат – еленбей қалатын зат емес, тобыр болып тойлайтын сезім емес, жекеленген жүректердің ішкі иірімінен шығатын дүние. Осынау нәзік сезімді жалпақ жұртқа жариялап, айқайлап айта беру оның қасиетін кеміткен үстіне кеміте бермек. Бұл тұста ұлы Абайдың «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» қағидасын бір еске алып қойған жөн. Сосын, Валентин күнін Қыз Жібек күніне ауыстырып, алдына «ұлттық» деген сөз қосқаннан аса қатты өзгеріс бола қоя ма дейтін күмән бар. Себебі, қосылғыштардың орны ауысқанмен қосынды өзгермейді. 14 ақпанда болатын жағдай басқа бір белгіленген күні де қайталана беру қаупі бар. Мұндай әрекетпен ұлттық рухты оятам деу – жай тірлік деп ойлаймын. Өйткені, Төлеген мен Қыз Жібек, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббаты ешқандай күнге тәуелді болған жоқ еді.