Әлеумет

Ардагерді ардақтады

Ардагерді ардақтады

4

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов бастаған полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен қалалық ардагерлер ұйымының өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Астапович Петр Романовичтің 90 жасқа толған туған күніне орай шаңырағына арнайы барып құттықтап қайтты. 

Облыстың бас полицейі Бекет Иманұлы: «Ұрпақ үшін жаумен жағаласып шейіт болған боздақтардың, арамызда жүрген ардагерлердің еңбегі өлшеусіз. Оларды ардақтап, бағалай білуге міндеттіміз. Жас ұрпақтың бақыты үшін отқа түскен ардагерлерді еш уақытта ұмытпаймыз», – деп қарияны туған күнімен және келе жатқан Жеңістің мерейлі жылымен құттықтап зор құрметін білдірді. Отставкадағы полиция полковнигі, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өрнек Смайлов: «Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан мұндай ардагерлерге қандай сый-құрмет жасаса да жарасады. Тек мерекелерде ғана емес, жыл бойы ұмытпай, қолдан келген қамқорлықты білдіріп отыру қажет. Әрбір ардагер мұндай қамқорлықты сезінуі тиіс», – деп, мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің «90 жасқа толуына орай» медалін табыс етті. Петр ақсақалдың иығына құндыз жағалы оюлы шапан жабылып, қаржылай сыйлық та гүл шоғымен бірге ұсынылды. Астапович Петр Романович «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, соғыстағы ерлігі үшін алған медальдары да өте көп. Облыстық ІІД құрметті ардагері, бірнеше жыл бойы ішкі істер басқармасы Жедел қызмет, тағы басқа да бөлімдердің бастығы қызметтерін атқарған, отставкадағы майор. Кейінгі ұрпақ өз батырларын қастерлеп, олардың ерлік істерін өнеге етіп ардақтағандары ләзім.

Шынар САҒИЕВА,  «Ақ жол».