«Тарта жесең тай қалады…»

132

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткені жайлы радиодан естіп, ондағы қаузалған мәселелерден хабардар болдық. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Алдағы уақытта орын алуы мүмкін қиындықтарды еңсеру жолында біз елдің қаржысын үнемдеуіміз керек. Мен алдағы бір ай ішінде Үкіметке бюджет қаражатын 10 пайызға қысқартуды тапсырамын. Жұмыс орындарын сақтай отырып, үнемге үйренуіміз керек» дей келе, әртүрлі ас та төк мерейтойларға да шектеу қойылу керектігін тілге тиек етті.
Қазір еліміз үшін ең ұтқыр амал мемлекет қазынасын үнемдеу болып отыр. Айталық, бір тұлғаның мерейтойы болатын болса, соған арнап жүздеген қазақ үй тігіліп, ат шаптырып, бәйге беріліп жатады. Мақұл, ұлт мақтаныштарын қастерлеу үшін ондай ұлықтаулар қажет-ақ десек те, әлемнің алпауыт елдерінің өзі араны ашылған дағдарысқа тойтарыс бере алмай отырған тұста, енді ғана өркендеп, өркениеті дамыған елдер қатарына қосылған біздің елге дағдарыстың алдын алу үшін үнемге жүгіну бірінші кезекте тұруы керек. Елбасы айтқандай, ондай үлкен мерейтойларға мемлекет қазынасынан қыруар қаржы шығындамай, жекелей қалталы азаматтар мен мәдениет жанашырлары тарапынан демеушілер табылып, қолдау болып жатса, құба-құп. Онда оған ешқандай дау жоқ. Болмаса, көлемді сомадағы шығынды қажет етпейтін конференциялармен шектелсек, ел Президентінің дегенімен үндесіп, қордағы ақшаға әжептәуір үнем болар еді.
Қазақ қаншалықты тойшыл, қуанышқа келгенде оңды-солды шашылар жомарт көңіл халық болғанымен, ысыраптың жетегінде алақан сипап қалатындай ойсыз емес. Демек, көреген Көшбасшымыз бұл ретте де халқының қамы үшін осындай талапқа барып отыр. Қашаннан бірлікке келгенде бірауыздылық танытатын еліміз бұл тұрғыда да түсіністік төңірегіне топтасады деп сенеміз. Дана қазақтың өзі «Тарта жесең тай қалады…» деп бұл турасында әдемі топшылағанын айтсақ та жеткілікті.

Баттал Жаңабаев,
облыстың Құрметті
азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support