Қазына қаржысы шенеуніктердің меншігі емес
Қазына қаржысы шенеуніктердің меншігі емес
Үкіметтің кешегі өткен кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттің дамуы мен имиджіне қатысты пайымды пікірлерімен бөлісіп, тың тапсырмалар берді. Президенттің мемлекеттік шенеуніктерді мемлекеттік қызметті бизнеске айналдырмауға және қазір тергеуде жүрген әкімдер мен мемлекеттік орган басшыларының қателіктерін қайталамауға шақыруы кімге де болсын ой салуы керек. – Бүгін, үлкен өкініш пен ренішіме қарай, мен үш облыс әкімінің тергеуде жүргенін айтуға тиіспін. Министрліктер мен ведомстволардың бірқатар жетекшілері де қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Сіздердің араларыңызда ешқайсы олардың қатарын толтырғысы келмейді ғой деп үміттенемін, – деген Елбасы мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания қызметшілерін қарапайымдылық пен үнемшілдіктің жарқын мысалы болуға шақырды. «Мемқызметкерлердің жұмысы бизнеске, мемлекет ақшаларын фирмаларға, өз таныс-білістеріне, достары мен туыстарына таратуға айналмауы тиіс. Реніш мынада, қаншама жыл адамды әртүрлі лауазымда дайындайсың, шыдайсың, әлпештейсің, өсіресің, ал келгенде... «Команда жинап жатырмыз» дейді. Команда сосын бандыға айналады. Атырау облысындағыдай, – деп наразылығын білдірді Мемлекет басшысы. Шынында да қазына қаржысы ол лауазымды шенеуніктердің жеке игілігі емес. Ол – қалың елдің несібесі. Оның үстіне әлем елдерін дағдарыс шырмауы матап жатқан қазіргі кезеңде біздің мемлекетіміз де тиімділік тетіктерін қарастыруда. Отанға деген адалдық пен жауапкершілік болған жерде ғана біз тығырықтан жол тауып шыға аламыз.
Жандар КӘРІБАЕВ, қоғам қайраткері, саясаттанушы.