Экономика

Ірі кәсіпорындар меморандумға қол қойды

Ірі кәсіпорындар меморандумға қол қойды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың облыстағы жұмыс сапары барысында жұмысшылардың еңбек құқығы мен кепілдігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты жиын өтті. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, ірі кәсіпорындардың басшылары мен кәсіподақ комитетінің өкілдері қатысты. Басқосуда жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиын соңында аймақ әкімдерімен, кәсіпорын басшылары, кәсіподақ комитеттері және ұлттық компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы екі бағыттағы бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Мұның мақсаты біріншіден, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдігін қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастық, екіншіден, өндіріс барысында жергілікті және қазақстандық үлесті қамтамасыз ету болып табылады. Барлығы 17 меморандум жасалды. Оның 6-сы – ірі кәсіпорын жұмысшыларының еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты құжат. Аталған кәсіпорындарда барлығы 20 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Ал қалған 11 меморандум өндіріс барысында жергілікті және қазақстандық үлесті қамтамасыз етуге арналған. Аталған меморандумдардың жалпы құны – шамамен 11 миллиард теңге. Сондай-ақ, өңірде жұмысшылар мен кәсіподақ арасындағы байланысты нығайту, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты 79 кәсіпорынмен меморандумға қол қою жоспарлануда. Бүгінде облыста 5699 кәсіпорын болса, оның 2812-сімен немесе 49,3 пайызымен ұжымдық келісім-шарт жасалған. Әлеуметтік серіктестік туралы меморандум жасау жалғасуда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың биылғы 21 қаңтардағы әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша республикалық үш жақты комиссияның отырысында берген хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында өндірістік процесті, еңбек құқығын қамтамасыз ету және қызметкерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мәселелері туралы облыс аумағында әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасында меморандумдарға қол қою жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге өндірістік процесті, еңбек құқығын қамтамасыз ету және қызметкерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мәселелері туралы әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасында 19756 жұмысшыны қамтитын 64 ұйымда меморандумға қол қойылды. Оның 19-ы жұмысшыларының саны 16783 ірі кәсіпорындар, ал 45-і жұмысшыларының саны 2973 орта және шағын кәсіпорындар. Жергілікті әкімдіктер жұмыс беруші және кәсіподақ органдарымен бірлесіп, меморандумдар жасау ісін жалғастыруда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.