Саясат

Тараз - татулық бесігі

Тараз - татулық бесігі

Биылғы жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы жыл. Қазақ хандығының – 550, Ұлы Жеңістің – 70, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай колледжімізде іс-шаралар жоспары жасалынып, тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Көп ұлтты ел болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» деп атап көрсеткендей, оқу орнында әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған 200 студент білім алуда. Ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім идеяларын жастардың санасына сіңіру мақсатында 2-9 ақпан аралығында «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірліктің, келісім мен достықтың символы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында тарих пәнінің оқытушысы Ләйля Ералиева ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында білімгерлерге «толеранттылық», «конфессия», «тұрақтылық», «диаспора» ұғымдары туралы кеңінен түсінік берілді. Аталған іс-шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісінің орынбасары, философия ғылымының кандидаты Парида Мамедова қатысты. Іс-шара «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірліктің, келісім мен достықтың символы» атты фестивальмен жалғасын тапты. Фестивальды №13 Тараз темір жол колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Нұржан Нұралиев және ардагер ұстаз Хасан Құрбанов ашып берді. Фестивальдың құрметті қонағы болып Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Тараз қаласының Құрметті азаматы, Тараз темір жол колледжінің түлегі Федор Клименко шақырылып, құттықтау сөз сөйледі. Шара барысында колледждегі 16 топтың білімгерлері түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен, мәдениетімен, өнерімен тереңірек таныстырып, білімгерлерді тәнті етті. Колледжде өткізілген іс-шаралар «тілі басқа болса да тілегі бір» білімгерлердің достық пен ынтымақтың, бірліктің, татулықтың туы астында білім алып жатқанын дәлелдеді.

Гүлназ Мұраталиева, №13 Тараз темір жол колледжі директорының оқу-әдістемелік орынбасары.