Экономика

Әлемнің әміршісі – еңбек

Әлемнің әміршісі – еңбек

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен облыста өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөніндегі есепті баспасөз бетінен оқи отырып, өткен бір жылдың өзінде өңірде қыруар жұмыс атқарылғанын аңғару қиын емес. Осы орайда Елбасының «Дамудың сыры бірлікте, табыстың сыры тірлікте» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Мынаны қараңыз: былтыр облыста негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 225,1 миллиард теңгені құраған. Бұл аз ақша емес. Бір ғана денсаулық сақтау саласында өткен жылы 25 жаңа нысан іске қосылды. Тараз қаласында 300 төсектік көпсалалы қалалық аурухана мен 200 төсектік облыстық перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Ал білім беру саласында 23 балабақша мен 9 шағын орталық ашылған. Түптеп келгенде, облыста құрылыс қарқынды жүргізілуде. Ал қарқынды құрылыс – экономикалық дамудың даусыз дәлелі. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының да өңірдің өсіп-өркендеуіне тигізіп жатқан пайдасы орасан зор. Оны мен бағдарлама қатысушысы ретінде нық сеніммен айта аламын. Осы орайда облыс басшысына өзім басшылық ететін «Talas Invest Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы атынан Қаратау қаласындағы натрий цианиді зауытының құрылысына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіргім келеді. Мемлекеттің қолдауымен зауыттың инфрақұрылымын жүргізуге 1 миллиард 469 мың теңге қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде автожолдар салынып, телефон және сыртқы электр жүйелері жүргізілді. Зауыт ауыз су, техникалық су, кәріз жүйелерімен қамтылды. Баршаға белгілі, жаңа зауыт былтырғы шілде айының басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындысына орай өткен телекөпір арқылы іске қосылды. Химия өндірісінің қарқын алуы – еліміздегі экономиканы әртараптандыру саясатының нәтижесінде қол жеткізген жетістіктердің бірі. Қаратау қаласындағы натрий цианидін шығаратын зауыт осы сөзіміздің айқын айғағы. Телекөпір арқылы республика назарын облысымызға аударсақ, онда облыс басшылығының айрықша қолтаңбасы жатыр. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз түзу. Мен облыстық мәслихаттың депутаты, әрі өндірістің ұйымдастырушысы ретінде өткен жылы облыста Индустрияландыру картасының шеңберінде 22,8 миллиард теңгеге алты инвестициялық жобаның жүзеге асқанына қуанамын. Соның нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жұмыстар бюджет қоржынын толықтырып қана қоймай, елдің тұрмыс-тіршілігін түзейді, ырыс-несібесін молайтады. «Әлемнің әміршісі – еңбек» деп Елбасы айтқандай, адал еңбек қана бізді кез-келген қиындықтан алып шығады.

Бақтияр АЛДАШОВ, «Talas Invest Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Талас ауданы.