Экономика

Ел өркенін өсіретін ерен жобалар

Ел өркенін өсіретін ерен жобалар

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 30 мамырдағы №554 Қаулысымен Жамбыл облысында жергілікті мәндегі мониторингке жатқызылатын қызмет және жұмыс, тауар сатып алатын кәсіпорындардың жаңа тізімі бекітілді. Олар: «Тараз металлургия зауыты» ЖШС, «Жамбыл гипс» АҚ, «ТаразКожОбувь» ЖШС, «Та-Мак» ЖШС және «Фабрика ПОШ-Тараз». Бұл кәсіпорындар сатып алған тауарлары, жұмыс және қызметтері туралы «НАРМС «NADLoC» АҚ-ның «қазақстандық қамту» порталына тоқсан сайын есеп беріп отырады.

2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыстың жүйе құраушы кәсіпорындары бойынша сатып алу көлемі 107,2 миллион теңгені, оның ішінде жергілікті мәндегі үлес – 41,9, сатып алу тауарларындағы жергілікті мәндегі үлес – 16,6, жұмыс және қызмет сатып алу 100 пайызды құрады. Осы мерзімде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде және облыстың кәсіпорындарында тауар, жұмыс және қызмет сатып алудың жалпы құны 5,8 миллиард теңгені құрады. Жергілікті мәндегі жалпы үлес – 77,6, оның ішінде тауар сатып алу – 64,6, ал жұмыс пен қызмет көрсету 86,7 пайызды құрады. 2014 жылдың тоғыз айында жергілікті мәндегі тауар, жұмыс және қызметті мемлекеттік мекемелер және жүйе құраушы кәсіпорындардан сатып алу 67 пайызды құрады немесе жоспарлы индикаторға жетті. Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін мақсатты жұмыс жүргізілуде: жүйе құраушы кәсіпорындарда қазақстандық қамтуды ұлғайту бойынша нақты жоспар жасалған. Инвестициялар және даму министрлігіне тоқсан сайын есеп ұсынылады. Облыстың отандық тауар өндірушілерінің тізімі жасалып, олар республиканың басқа аймақтарына, «NADLoC» АҚ-на, ірі компаниялар мен кәсіпорындарға жіберілді. Тізім УПП сайтына орналастырылып, тұрақты жаңартылып және толықтырылып тұрады. Ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіліп, көрме, семинарлар ұйымдастырылады. 2014 жылдың 15 мамырында аймақта өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесіне облыстың 56 кәсіпорны қатысты. Онда лауреат және жеңімпаз болғандар Астанадағы республикалық конкурста бақтарын сынады. «Қазақстандық қамту» республикалық форумына облыс кәсіпорындарының жыл сайын қатысуы және әріптестік бағдарламаның дамытылуы қамтамасыз етілуде. Аталған бағдарлама аясында облыстағы жүйеқұраушы кәсіпорындардың шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қолдау үшін тауар, жұмыс және қызметті сатып алу жолында жұмыс жүргізілуде. 2014 жылы облыстың моноқалаларындағы шағын кәсіпорындар тауар, жұмыс және қызмет жөнінде («Таlas Investment» ЖШС, «Казфосфат» ЖШС, «ЕвроХим удобрение» ЖШС) ірі компанияларымен 1,2 миллиард теңгеге келісім-шарт жасады. 2015 жылдың 2 ақпанында облыс қызметкерлерінің еңбек құқығы мен кепілдігін қамтамасыз ету және өндірістік үдерістерді тұрақтандыру мәселелері бойынша өткізілген кеңесте екі бағытта меморандумдарға қол қойылды. Біріншісі – жұмыскерлердің еңбек құқығы мен кепілдігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық, екіншісі – өндіріс үдерісінде жергілікті және қазақстандық қамтуды дамыту. Жұмысшылардың еңбек құқығы және кепілдігін қамтамасыз ету саласында «Казфосфат» ЖШС, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесі, «Алтын алмас» АҚ, «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы – «Тараз локомотив жөндеу депосы», «КазТрансГазАймақ» АҚ – Жамбыл өндірістік филиалы және «Тараз металлургия зауыты» ЖШС сияқты аймақтағы ірі кәсіпорындармен 6 меморандумға қол қойылды. Ұлттық компаниялар және ірі кәсіпорындарда қызмет және тауар сатып алуда қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету мәселесі бойынша 10 меморандумға, оның ішінде, облыстық және ірі кәсіпорындар арасында жергілікті мәндегі үлесті дамыту мәселесі бойынша 4 меморандумға, жергілікті мәндегі үлесті дамыту мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Казфосфат» ЖШС 1 меморандумға, жергілікті өндірістегі өнімдерді жеткізу мәселесі бойынша облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарының арасында ынтымақтастық туралы 5 меморандумға қол қойылды. Меморандумдардағы ақшаның жалпы сомасы 11,2 миллиард теңгені құрады. Жергілікті және қазақстандық қамтуды дамыту бойынша меморандумдарға қол қою жұмысы үстіміздегі жылы қалалық және аудандық деңгейлерде жалғастырылады. Өндірістік және еңбек үдерістерін тұрақтандыру мақсатында облыстың 29 кәсіпорнында еңбек заңдылығының нормасын сақтау жөнінде мониторинг жүргізілуде. Бұған қоса, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2015 жылдың 9 ақпанына дейін жекелеген жұмыс берушілер, кәсіподақ бөлімшелері және жергілікті атқарушы органдары арасында 64 меморандумға (19756 жұмыскер) қол қойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылады, барлық саланы және кәсіпорындарды қамту көзделуде. Бүгінде аймақта 12 мемлекеттің инвесторларының қатысуымен инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Облыста жалпы құны 3,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын шетелдік капиталдың тартылуымен 15 инвестициялық жоба ел игілігіне айналуда. Тағы да 18 инвестициялық жоба қаралуда. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен мынадай жобалар қолға алынады: «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС базасында қытайлық «Далиян Хэви Индастриз» компаниясының қатысуымен жалпы құны 30 миллион АҚШ долларын құрайтын ферроқорытпа өндірісі жаңғыртылып, жаңа жылу пешінің құрылысы салынады. Қытайлық компаниямен меморандумға қол қойылды. «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы аумағында қытайлық СМЕС компаниясы және «Химиялық біріккен корпорация» ЖШС-ның қатысуымен жалпы құны 105 миллион АҚШ долларын құрайтын глифосат және үш хлорлы фосфор өндірісі қолға алынады. Қытайлық компаниямен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы аумағында қытайлық «Вэй Чжун» мұнай өңдеуші және энергетика компаниясымен метанол өндірісі бойынша зауыттың құрылысы жүргізіледі. Келіссөздер нәтижесінде қытайлық компаниямен және еркін экономикалық аймақ компаниясының басшыларымен меморандумға қол қойылды. «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы аумағында қытайлық «Вэй Чжун» мұнай өңдеуші және энергетика компаниясының қатысуымен сұйық табиғи газ өндірісі бойынша зауыт құрылысы салынады. Қытайлық компаниямен және еркін экономикалық аймақ компаниясының басшыларымен меморандумға қол қойылды. Қытайлық «New Era» энергетикалық корпорациясының қатысуымен 31,2 миллион АҚШ долларына Қордай ауданындағы «Изен-Су» ЖШС жел электр стансасының қуатын 21 мегаватқа дейін ұлғайту көзделуде. Қытайлық компаниямен келісім-шартқа қол қойылды. «New Era» энергетикалық корпорациясының қатысуымен 13 миллион АҚШ долларына Қордай ауданындағы «КазЭкоВатт» ЖШС күн электр стансасының қуатын 10 МВт-қа дейін ұлғайтады. Тараз қаласында қытайлық Kaidi компаниясының қатысуымен 198 миллион АҚШ долларына ТЭЦ-4 кәсіпорны жаңартылады және қайта жарақтандырылады. Келіссөз жүргізілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру облыс экономикасын серпінді дамытуға мүмкіндік береді.