Әлеумет

Үшбастан келген үшбүу хат...

Үшбастан келген үшбүу хат...

Бүгінде кейбір елді мекендердегі нәпақа табатын бірден-бір жұмыс орны да, ауылдағы көз тоқтатып, қарайтын көрікті ғимарат та, мәдениет ошағы да бір ғана мектеп екені жасырын емес. Ауыл жұртшылығының алданышы да сол. Баласы, немересі осы жерде білім алады, өздері де ара-тұра сонда барып, перзенттерінің қатысуымен өтетін мұғалімдердің мерекеге орай ұйымдастырған концерттерін тамашалайды. Ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмай, жалғауға негіз болып отырған жалғыз мекен осы. Тіршілік қамын күйттеген тұрғындардың көңіліне бұл да медет.

с саусақтай жақсы білетіні сондықтан. Оларды алаңдататыны елді мекеннің ертеңі, жастардың болашағы екені белгілі. Редакциямызға Сарысу ауданы Үшбас ауылынан келген үшбүу хатта да тұрғындар осы мәселені көтеріпті. Баяғы білім ошағына оқытуға қолайлы жағдай жасалса деген тілек қой қолға қалам алғызған. «Сонау 1940 жылдары осы Сарысу ауданының Көкжон өңіріндегі 10 колхоздың басын қосып, аудан көлеміндегі алғашқы екі онжылдық мектептің бірі Үшбас ауылында ашылған еді. Осы жерде білім алған көптеген азаматтар бүгінде облыста, республикада жауапты қызметтер атқарып жүр. Айтпағымыз ол емес, мәселе мектептің қазіргі жай-күйінде» деп басталады хат. Хатты оқи отырып, мектептің қысқаша тарихымен танысқандай болдық. 1947 жылы орта мектеп аудан орталығына көшіріліп, Үшбастағы білім ошағында бастауыш мектеп ашылыпты. Кейін оған қайтадан орта мектептің мәртебесі берілген көрінеді. Бұл да болса, тұрғындардың көңіліне медеу, әрине. Балаларының жоғары сыныпты басқа ауылға қатынап оқығанынан гөрі оларға тиімдісі осы емес пе? Бірақ, мектеп ғимараты кезінде екі пәтерлі тұрғын үйдің есебінен соғылған, сондықтан оқу кабинеттері тар, спорт зал, кітапхана, зертханалары жоқ. Тұрғындарды да қынжылтатыны осы екен. «Бір кабинетте екі сыныптың оқушылары қосылып оқиды. Жаңа мектеп салу туралы мәселе көтерілгеніне 7-8 жылдың жүзі болды. 5-6 жыл бұрын 3,5 миллион теңге қаржыға 80 орындық мектеп ғимаратының жобалық-cметалық құжаты дайындалған. Ол құжат облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жатыр. Кейін оқушы санына қарай 50 орындық мектепке арналған құрылыс нысанының құжатын жасатуға қайтадан 4 миллион теңге қаржы бөлінді. Сол кезде бізді мектеп мәселесі 2011-2012 жылдардың жоспарына енеді деп сендірген», – дейді олар. Негізі біздің басылым бұл мәселені екінші мәрте көтеріп отыр. Үш жыл бұрын газет көтерген проблеманы назарға алып, облыстық білім басқармасы басшысының сол кездегі орынбасары Б. Жамангөзов: «Үшбас ауылындағы 55 орындық бастауыш мектептің құрылысы облысты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына 2015 жылға енгізілген» деп жауап берген еді. Уәделі кез де келіп жетті. Қандай да бір жылы хабар күткен үшбастықтар тағы да қолдарына қалам алды... Осы жолы да Үшбас ауылының тұрғындарының өтінішін аяқсыз қалдырмау үшін мән-жайды нақты түсіндіріп беруін сұрап, тиісті мекемеге тағы да қайырылдық. Осы мәселеге қатысты облыстық білім басқармасының басшысы С. Құрманбекова былай деп жауап береді: «Негізі білім нысандарының құрылысы басым инвестициялық жобалардың тiзбесi Үкіметтің 2011 жылғы 29 қаңтардағы «Нысаналы даму трансферттерін бөлу қағидасын бекіту туралы» №40 Қаулысының 5-тармағына сәйкес жасалады. Мұнда көрсетілгендей, алдымен апатты жағдайдағы білім нысандарының, үш ауысымды мектептерге, одан кейін ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан білім ғимараттарының, оқушы орны және мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы мәселесі шешілуі керек. Бүгінде облыста 19 апатты, 3 үш ауысымды мектеп бар. Сондықтан, облыстық білім басқармасы аталған мектептерді басты назарға алып отыр. Үшбас ауылындағы негізгі мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Ал облыс бойынша ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан 145 білім мекемесі бар. Оның 61-і – орта, 26-сы – негізгі, 58-і – бастауыш мектеп. Ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан білім мекемелерінің арасында бірінші кезекте оқушы саны көп орта мектептердің құрылысына баса көңіл бөлінеді. Басқарманың келісімінсіз 2008 жылы 14 сәуірде Үшбас мектебінің жобалау-сметалық құжаттамасы аудандық бюджет есебінен тиісті қаржы бөлініп, 80 орындық орта мектепке арналып дайындалған болатын. Алайда, құрылыс нормалары мен ережелеріне өзгеріс енгізілуіне байланысты, 2011 жылы 19 қыркүйекте 55 орындық бастауыш мектепке арналған құжат қайта оңтайландырылып жасалды. Негізі Экономика және сауда министрлігінің 2004 жылғы 27 қазандағы №388 бұйрығымен бекітілген 3.02-25-2004 Құрылыс нормалары мен ережелерінің 4.2.4 тармағына сәйкес, ғимарат сыйымдылығын анықтау кезінде 1 ауысымды оқытуды есепке алғанда, бастауыш, негізгі (1-9 сынып) сыныптардағы оқушылар 100 пайыз, жоғары сыныптардағы оқушылар 75 пайыз назарға алынуы тиіс. Ал қазіргі кезде Үшбас мектебінде 51 бала білім алуда. Бастауыш сыныпта 27 оқушы (мектепалды даярлық сыныбын қоса алғанда) бар. Білім алушылар саны соңғы 5 жылда еш өзгеріссіз қалып отыр (2010 жылы – 53, 2011 жылы – 55, 2012 жылы – 55, 2013 жылы – 53, 2014 жылы – 51). Осы жайларды ескере келе, облыстық білім басқармасы Үшбас ауылында 55 орындық бастауыш мектеп салуға қажеттілік жоқ деп есептейді. Сарысу аудандық білім бөлімінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №125 хатының негізінде Үшбас негізгі мектебінің педагог қызметкерлерінің сапалық құрамы талапқа сай еместігі анықталып отыр. Үкіметтің 2007 жылғы №452 қаулысымен бекітілген «Білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарының» 3-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, негізгі орта білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жоғары және бірінші санатты мұғалімдерінің үлесі олардың жалпы санының 30 пайызынан кем болмауы тиіс. Үшбас негізгі мектебінде бұл көрсеткіш 15 пайызды құрайды. Аталған мектепте 20 мұғалім қызмет етсе, оның 13-і (65%) оқу орнын сырттай бітірген. Сонымен қатар, мектепте негізгі пәндердің мұғалімдері жетіспейді. Осыған байланысты орыс тілінен – 4 сағат, информатика пәнінен – 3 сағат, география пәнінен 6 сағат бос жұмыс орнына конкурс жарияланған. Үшбас ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан Ә.Бүркітбаев атындағы ауылда жобалық қуаты 400 орындық, типтік ғимаратта орналасқан М.Әуезов атындағы орта мектебі бар. Бүгінгі күні аталған мектепте 166 оқушы білім алуда. Оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін М.Әуезов атындағы орта мектебінің жанынан Үшбас ауылының жоғары сынып оқушыларына арнап, 50 орындық интернат ашқан тиімді». Тұрғындар көңілін алаңдатқан мәселенің түйіні осы болып тұр. Сала мамандары алға тартып отырғандай, үшбастықтар да 2013 жылдан бері ауылда 50-ден астам оқушы ғана білім алып жатқанын жасырмайды. Бірақ, олар басшылардың осы ауылдың 16 жасөспірімі қазір амалсыздан басқа мектептерде оқып жатқанын неліктен ескермей отырғанын түсінбей дал. Егер 16 білім алушы өз алтын ұяларына қайтып оралса, жағдай біршама өзгерер ме еді?! Үкімет қаулысына сәйкес, шағын елді мекендердің бала саны аз негізгі мектептерінде 40, ал жалпы орта білім беретін мектептерде 80-нен астам оқушы болуы керек екені белгілі. Сондықтан, басқа жақта оқып жатқан балаларды осы мектепке тартса, бәлкім бұл мәселені оң шешуге ықпал етер! Қалай айтсақ та, көңілдің тұрлауы жоқ ауылда жастар да тұрақтамайды. Ал ауыл қазақтың алтын бесігі емес пе? Тағы бір елді мекенді тоздырып, жұртта қалдырғаннан не ұтамыз? Мектеп салынбайтын болған соң, тұрғындар шетінен ауылдан көшіп жатыр екен. Өйткені, ата-аналары балаларды тасымалдап оқытуға немесе бұрынғыдай интернатқа орналастыруға қарсы. Ертеректе интернатта орын алған қайғылы жағдайдан кейін көпшілігі перзентін назардан тыс қалдырғысы келмейді. Түсініктірек болуы үшін, хатта баяндалған жайды тарқата айтсақ. Бұл оқиға 1980 жылдың желтоқсан айында болған екен. Бір күні интернатта жатып оқыған 7-сынып оқушысы үйіне барам деп шығып, боранда адасып кетеді. Бұл жердің ауа райы Жуалы ауданына ұқсас, бұрқасын бораны апталап басылмайды дейді тұрғындар. Содан «аһ» ұрған туыстары қыз баланың мәйітін тек қар кетіп, көктем туғанда бір-ақ тапқан. Арада отыз жылдай уақыт өтсе де, көпшілігі оны әлі ұмыта алмай жүр...

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Үшбас ауылы, Сарысу ауданы.