Табысы тасыған Тараз
Табысы тасыған Тараз
Қала әкімі өз есебінде, сонымен қатар, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, кәсіпкерлерге өз бизнестерін өркендетуге мүмкіндік беретін қолайлы жағдай туғызу үшін өнеркәсіп шоғырланған аймағындағы 43,5 гектар жерге Индустриялық аймақ құру жоспарланып отырғанын жеткізді. Айту керек, есепті кезеңде тіркелген 5960 кәсіпкердің 5645-і белсенді әрекетке көшіпті. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 76 кәсіпорын мемлекет тарапынан қаржылай көмек алып, қаланың өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында «Ғылыми-клиникалық «Жүрек» кардиохирургиялық орталығы, «Дос-Нар» сауда кешені бар. Бұдан өзге де сауда орындары ашылып, 200-ден аса адам жұмыспен қамтылуда. Қала аумағында санитарлық талаптарға сай келмейтін кездейсоқ сауда орындарын ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Жаз айларында қаладағы ең қолайлы аймақтарда жеміс-жидек, бақша өнімдерін сату үшін уақытша сауда алаңдары ашылды. Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында, Жамбыл даңғылында орналасқан коммуналдық базарда, «Жамбыл сауда-саттық компаниясы» серіктестігінің 10 сауда павильондарында төмен бағамен тауарлар мен өнімдер сатылуда. Апта сайын коммуналдық базарда жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Күз айларында қала тұрғындарын арзандатылған бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін тікелей шаруа қожалықтарымен келісімдер жүргізіліп, сапалы өнімдер делдалсыз тұрғындарға жеткізілуде. Негізгі азық-түлік тауарлар бағаларының өсіміне жол бермеу мақсатында орталық «Достық» алаңында апта сайын сенбілік, жексенбілік жәрмеңкелер өткізу дәстүрі қалыптасты. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевтың тікелей тапсырмасына орай бағаны тұрақтындыру, халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар өз жалғасын табады. Тараз қаласында туристік кластерді дамыту басты назарда. Баршаға белгілі, бұрынғы базар орнында тарихи маңызы бар республикалық дәрежедегі «Ежелгі Тараз» қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жылдан-жылға өз жалғасын тауып, біршама нәтижелерге қол жеткізілді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына отандық және шетелдік археолог ғалымдар қатысып, қаланың толық тарихы, оның пайда болуы мен дамуы жайлы мәліметтер жинақталуда. Қазба жұмыстары барысында құнды жәдігерлер табылған соң, бүгінде тұрғындар тарапынан оның маңыздылығына оң пікір қалыптасып отыр. Қазба орындарының жанынан қоғамдық-мәдени орталықтар мен қонақ үйлер соғылып, тарихи және туристік орталыққа айналатын болады. Бүгінгі таңда базар орнында «Тараз МОЛЛ» ірі сауда кешенінің құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта «Көне Тараз» жобасы жүзеге асырылмақ. Жоба аясында көне мәдени жәдігерлермен қатар заманауи мұражай, сауда, ойын-сауық, мәдени және туристік нысандар инфрақұрылымы жасалады. «Көне Тараз» тарихи-мәдени ауданын құру арқылы өңірде туристік нысандарды дамытудың кешенді іс-шараларын іске асыру жоспарлануда. Қала әкімі Нұржан Календеров, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, жолдарды жөндеу, көшелерді абаттандыру, тұрғын үйлер салу бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Шаһар аумағын кеңейту, көрші аудандардан 5954 гектар жерді қосу арқылы «Көлтоған» алқабынан 1500 адамға жер телімі бөлініпті. Осы арқылы қала тұрғындарының жекеменшік үй құрылысына деген сұранысы қамтамасыз етілуде. Білім саласына жыл сайынғы қала бюджетінің 70 пайызға жуығы қарастырылады екен. Қаладағы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қомақты қаржы бөлінуде. Облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 413,9 миллион теңге бөлініп, 5 мектепке және 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл білім саласының бюджеті 16 миллиард 192 миллион 715 мың теңгеге жоспарланған. Соның шеңберінде «Бәйтерек», «Арай» мөлтек аудандарында соғылып жатқан 280 орындық балабақша биылғы жылы пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау саласында «Астана» мөлтек ауданы маңында орналасқан 300 орындық көп салалы аурухананың, Сабалақов көшесінің бойында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәдениет және спорт саласында да қол жеткен табыстар жетерлік. Қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткен жылы 400-ден аса мәдени іс-шаралар өткізіліпті. «Шалғай Қарасу», «Салтанат» мөлтек аудандарында және ТарМПИ-де білімгерлердің бос уақытында спортпен шұғылдануына жағдай жасалып, жасанды төсенішімен кіші футбол алаңшалары ашылды. Әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар туралы айтқан кезде Нұржан Сәбитұлы қалада техникалық мамандардың тапшы екендігіне көптің назарын аударды. – Өркениет көшіне ілескен көрікті де, еңселі шаһар болу үшін алда талай істер атқарылуы керек. Осы межелі жұмыстарды атқаруда білікті мамандар өте қажет. Қалада техникалық мамандықтар: құрылысшы, дәнекерлеуші, білікті жобалаушылар, инженерлер, медицина мамандарына сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта жастар мамандық таңдауда гуманитарлық салаға басымдық беруде. Жыл сайын жүздеп оқу орнын бітіріп жатқан қаржыгерлер, экономистер, заңгерлерге жұмыс орындары табыла бермейді. Бұл орайда «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыруға қарастырылған 83 миллион теңгеге 629 жас түлек өз мамандықтары бойынша алғашқы тәжірибелерін алса, олардың 278-і тұрақты жұмыс орнына ие болды. Кез-келген адам бір саланы толықтай игеріп, білікті маман болуға ұмтылуы тиіс, – деді Н. Календеров. Қала әкімі биыл аталып өтілетін мерекелік даталарды да ұмыт қалдырған жоқ. Облыс орталығында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды шаралар өтеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өту шеңберінде Ыбырайым Сүлейменовке арналған ескерткіш орнату және «Мәңгі алау», «Даңқ» скверін абаттандыру көзделуде. Сонымен қатар, 130 соғыс ардагері мен мүгедегіне біржолғы көмек ретінде 150 мың теңге және 237 тылда жұмыс істеп, Кеңес одағының орден, медалдарымен марапатталған азаматтардың әрқайсысына 10 мың теңге көлемінде көмек беру қарастырылды. Есепті баяндама аяқталған соң, жарыссөзге кезек берілді. Алғаш болып сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Кәрішал Дәуренбеков қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол Олжабаев көшесіне жаңа технология бойынша газ құбыры тартылғанын, алайда, соның салдарынан көшедегі асфальттың 70 пайызы істен шыққанын жеткізіп, осы олқылықты түзету керектігін жеткізді. Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық филиалының төрайымы Жанна Мамашова тұрғындардың қоғамдық көліктердегі жолақыны арзандату туралы өтінішпен жиі келетінін алға тартып, «Қалада муниципалды автопарк құру туралы жоспар бар ма?» деген сұрағын қойды. «Қарасай» иінінің тұрғыны Маржан Кертаева қала орталығымен байланыстыратын қоғамдық көліктің аздығын сөз етті. «600 түтіні бар аумақта жалғыз №46 автобус қатынайды. Бұл бізге аздық етуде. Осы мәселеге назар аударып, тағы бір автобус бағытын ашсаңыздар», – деді ол. Қала тұрғыны Бекболат Сейдахметов «Қайнар», «Мичурин», «Ақ жол» иініндегі жұртшылықтың электр энергиясы мен газ мәселесінен қиындық көріп отырғанын тілге тиек етті. Ауған соғысының ардагері Қайрат Малдыбаев интернационал жауынгерлер үшін қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру мәселесін шешіп бергені үшін қала әкіміне алғысын білдірді. Жиында тұрғындар тарапынан өзге де бірқатар сұрақтар қойылды. Сауалын жазбаша жолдағандар да болды. Олардың бәріне де қала басшысы жан-жақты жауап берді. Есепті кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер болғанын, қай салада болсын табысты тірліктер атқарылғанын айтты. Бекболат Серікбекұлы сонымен қатар алдағы міндеттердің де ауқымды екенін, түйінді мәселелерді шешуді кешеуілдетпеу керектігін ескертті.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
«Ақ жол».Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.