«Біз ерлік жасап, медаль алайын деп соғысқан жоқпыз»
Қазақстан халқы биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығын атап өтуге дайындалуда. Бұл біздің ортақ тарихымыздағы маңызды дата. Бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттің саясында өмір сүріп жатқанымыз үшін сұрапыл соғысқа қатысып, қасықтай қаны қалғанша Отаны үшін «жан алып – жан берген», аталарымыз бен әкелеріміздің, аналарымыз бен әпкелеріміздің алдында қарыздармыз. Олардың ерлігі ешқашан ұмыт қалмауға тиіс.
941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарына ең ауыр сын болды. Бұл соғыста 27 миллион адам жанын қиып, жарты миллионға жуық адам әскери трибунал сотына тартылды. Олар Отанын сатқаны және қорғаудан бас тартқаны үшін айыпталды. Біздің еліміздің әрбір 4-ші тұрғыны майданға және өнеркәсіптік жұмысқа тартылды. Олардың көпшілігі туған жеріне қайтпады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының Батыры атағына барлығы 11 мың 649 адам ие болған, соның ішінде 500 жауынгер «қазақстандықтар» деп есептелген болатын. Алайда соңғы жылдары анықталған түпкілікті деректер бойынша 615 қазақстандық сарбаздар мен офицерлер Кеңес Одағының Батыры атанған, солардың қатарында 109 жауынгер («Халық Қаһарманы» атағын алғандарды қосқанда) қазақтар болған. Ұлы Отан соғысы кейінгі ұрпақтың есінде мәңгілік сақталады.
Сұм соғыстың ауыртпашылығын бір кісідей көрген жанның бірі – жерлесіміз, тарихшы-ғалым, бүгінде ағайын-туыстары мен қызметтес болған жақындары 100 жасқа толғанын атап, ас беріп, Құран оқытып жатқан Көкіш аға Рысбай еді. Ол 1926 жылы ақпанның 22-інде Мойынқұм ауданы Карл Маркс атындағы ( қа зіргі Қылышбай) ауылында қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келген. Балалық шағы қиын-қыстау кезеңде өтті. Шу қаласындағы мектепте оқуын бітіріп, әрі қарай жоғары білімін жалғастырмақ болып, елімізге қажетті мамандықтың бірін меңгеруді мақсат еткен, оның алға қойған мақсатын іске асыруға кенеттен бұрқ еткен соғыс өрті өзгертіп жіберді. Иә, 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап басып кірді. Бақытты дәурен сүріп шаттанғанбыз, Өмірге массаттанып мақтанғанбыз. Отанға күнбатыстан жау шапқанда, Сап түзеп қан майданға аттанғанбыз, – деп жырлаған Қасым Аманжолов секілді Көкіш аға да елін қорғауға майданға аттанды.
Көкіш Рысбай Ұлы Отан соғысына 1942 жылдың қыркүйек айында өз өтінішімен, 16 жасында, яғни қабырғасы қатпай жатып әскерге алынады. Пойызбен ұзақ жол жүріп Ресей жеріне жеткен жігіттерді 1942 жылдың қазан айында Саратов облысындағы Ершов бекетінде Перекопное селосына түсіріп бір ай жауынгерлік ұрыс тәсілдеріне дайындайды. Батыс майданының 190- шы атқыштар дивизиясында ұрысқа кіреді. Әскери шені – қатардағы жауынгер. Кеңес әскерінің фашист басқыншыларымен барлық бағытта қиян-кескі ұрыстар жүргізіп жатқан кезі. Бетпе-бет ұрыстарда ширақ қимылдарымен көзге түскен жауынгер Сталинград майданында кейін 1-ші Украин майданы құрамындағы 70- ші дивизия, 24 полктың сапында Украинаның Переяслав және Киев қалаларын Днепрден өту жорықтарына және Житомир қалаларын азат ету шайқастарына қатардағы жауынгер, рота, батальон комсоргі, рота парторгі болып қатысады. 1944 жылдың тамызынан 1945 жылдың шілдесіне дейін ол Шығыс Еуропа елдерін: Польша, Чехословакия, Германияны нацистік басқыншылардан азат етуге тікелей атсалысты.
Айтпақшы, Құдайдың құдіреті шығар, 1945 жылы 9 мамырда Берлинде жеңіс тойын тойлап, осы қалада майданда жүрген туған ағасы Көрпешпен кездейсоқ кездесіп қалады. Бұл да тарихтың бір таңғаларлық парағы. 1949 жылдың қаңтар айында Кеңес әскері қатарынан капитан шенінде елге оралады. Одан кейін соғыстан кейін әлі толық есін жия алмай қиналып жатқан жерлестеріне қолғабыс көрсетіп, 1949 жылдың ақпан айынан 1952 жылдың мамыр айы аралығында облыстық ішкі істер басқармасында саяси бөлімде қызмет атқарады. Жұмыс істеп жүріп, ол Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1951 жылы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесін, 1956 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіреді. 1952 жылдың шілде 1954 жылдың қараша айы аралығында облыстық атқару комитетінде маман-қызметкер, 1954 жылдың қараша айынан 1969 жылдың мамыр айы аралығында облыстық радиохабар тарату комитетінде төраға, 1969 жылдың маусым айынан 1971 жылдың мамыр айы аралығында республикалық Қазақстан баспасында редактор, 1971- 1975 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы қызметін атқарады.
Көкіш Рысбай өмірін тек еңбекке ғана емес, ғылыми қызметке де арнады. Қызметінің ауырлығына, уақтының тарлығына қарамай, ізденуге мүмкіндік тауып, ғылыммен айналысты. Архив ақтару, түнде түрлі әдебиеттер оқып, білімін байыту, жазған-терген деректерін жүйелеу сияқты жұмыстар негізгі қызметімен қатар жүріп жатты. 1974 жылы Ұлттық ғылым академиясында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1975 жылдың маусымында ғылыми және педагогикалық жұмысқа кірісті. Жамбылдағы суару және құрылыс институтында доцент, партия комитетінің хатшысы, аға ғылыми қызметкер болды. 1990 жылы тарих ғылымы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғап, мерейі өсіп, профессорлық атақ алды. Сонымен қатар, ол Жамбыл облысының партия комитетінің мүшесі, облыстың онамастикалық комиссияның төрағасы, «Білім» қоғамының лекторы, облыстық және қалалық кеңестердің депутаты болды және де басқа түрлі қоғамдық істермен айналысты.
1998-2004 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Х.А.Ясауи атындағы Тараз институты, 2008 жылдан өмірінің соңына дейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқытушылық қызмет атқарып, жоғары білімді мамандар дайындауға өз үлесін қосты, тарих тақырыбында көптеген ғылыми еңбектер жазып, оқу құралдарын, бірнеше монографиялар дайындады. Оқытушылық қызметі барысында ол 1 ғылым докторының, 2 ғылым кандидатының, 16 тарих магистрінің ғылыми жетекшісі болып, лайықты ізбасар дайындады. Тарихшы-профессор Көкіш Рысбай кәсіби саласында – тарихта сенімді білімге ие маман атанды. Осы саладағы оның жетістіктері – жоғары оқу орындары үшін «Қазақстан тарихы» пәнінің баламалы бағдарламасын дайындау, ол Қазақстан Республикасы Білім министрлігі тарапынан қабылданып, оқуға ұсынылды. Осы аттас оқулық қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет қайта басылып, студенттер арасында үлкен сұранысқа ие болды. 2005-2008 жылдары ол толықтырылып, қайта шығарылды.
2002 жылы Көкіш Рысбайдың «Ежелгі Тараз» монографиясы, 2006 жылы «Жамбыл облысы» монографиясы, 2009 жылы «Егемен Қазақ елі» атты оқулығы баспалардан жарық көрді. Ол сондай-ақ әртүрлі басылымдарда жарияланған 14 ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы, көптеген ғылыми, әлеуметтік-саяси және әлеуметтік тақырыптарда 186 мақаласы бар. Соғыс және еңбек ардагері Көкіш Рысбай 16 орден және медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2012 жылдың маусымында Өңірлік басқару академиясының президиумының шешімімен оған академик атағы берілді. Көкіш ағаның көзін көргендер әлі де ортамызда бар. Соның бірі – белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжан.
Оның айтуынша, Көкіш Рысбай ер көңілді, еркін мінезді азамат болған. Бірде ол ертеде болған мынадай бір қызықты оқиғаны айтқаны бар. Өз заманында әртүрлі ірі қызметтер атқарған, оның ішінде Қазақстан телерадиокомитеті төрағасының орынбасары да болған Санжар Жандосов әкесі Ораз Жандосовтың жүріп өткен жолымен сапарға шығады. Әрине, Алматыда да, Ташкентте де қызмет атқарған Ораз Жамбыл облысының үстін басып, ары-бері талай рет өткені түсінікті. Бәлкім, әулеттерінің басына түскен ауыр қайғысын ойлады ма, әлде әкесін еске салар ештеңе көре алмай пұшайман болды ма, кім білсін, әйтеуір Санжар сапар үстінде көңілсіз жүреді. Қасындағылар қанша әңгіме, әзіл айтып жатса да езу тартып күліп, еңсесі көтерілмейді. Қазақтың қонақжайлылығымен қойындасып, дастарқанының төріне шығып алған сұйық асқа да зауқы соқпайды. Қонақтың бұлай жүргені мейман күтушіге мін, елдікке сын. Бірге жүргендердің барлығының амалы таусылғанда, Көкіш көкеміз өзінің тапқырлығымен Санжардың шерлі жүрегіне жол табады.
– Сіз, тап қазір әкеңіз отырған тастың үстінде отырсыз, – дейді Көкіш аға Күйіктің асуындағы бұлақтың басында дамылдаған кезде.
– Жан-жағыңызға жақсылап қарап алыңыз, бұл сіздің әкеңіз аялдап, әсер алған тарихи жер.
– Оны немен дәлелдейсіз? – дейді ғой Санжар.
Сонда облыстық радионың төрағасы өзінің қаражаяу журналист емес, ел мен жердің тарихын жақсы білетін керемет өлкетанушы екенін де көрсетеді. Алуан-алуан мысалдар айтып, Тараз–Ташкент күрежолының бойындағы асуға ол кезде атың да, түйең де, тіпті көлігінің де алқынып шығатынын, демек бұл бұлаққа аялдап, сусындайтынын бұлтартпастай етіп дәлелдеп берді. Бұған дейін әкесі туралы қолмен ұстап, көзбен көретіндей ештеңе таппай, іштен тынып келе жатқан Санжар сол кезде мына бұлақты да, қойтасты да әкесінің көзін көрген жәдігерге балап, көңілденіп сала береді. Көкіш көкемізді әріптестерінің әлі күнге дейін ұмытпай жүруі – оның ер көңілдігін бағалағандығы. Ал ер көңілділік – оқумен емес, кісіге Құдай берген мінезімен, ата-бабасының тегімен келіп, тәрбие-дәстүрімен жетілетін ерекше асыл қасиет.
...Әлі есімде, 2009 жылдың қараша айының 6-ында көрнекті ақын Жақсылық Сәтібеков ағамыз телефон соғып: – Сағындық, інім, амансың ба? Ертең – қарашаның 7-сі, яғни біздер үшін мереке болып есептелген күн. Көкіш ағаңды (тарих ғылымдарының докторы, профессор Көкіш Рыспаев – С.О.) және сені қонаққа шақырып отырмын. Кездеспегенімізге біраз уақыт болды, үйге кел, бас қосып біраз әңгіме-дүкен құралық, – деп Жақаң қонаққа шақырды. Ертеңіне белгілеген уақытта Желтоқсан мен Көшек батыр (Сухе Батор) көшесінің қиылысындағы көп қабатты үйге барып, ақын ағаның пәтерінің есік қоңырауын бастым.
Есікті ашқан Әзиза жеңешем: – Кел, қайным, Көкіш ағаларың жаңа әзірде ғана келді, өзіңді күтіп отырмыз, – деп жылы шыраймен қарсы алды. Ағаларға сәлем беріп, амандықсаулық сұрасып, дастархан басына жайғастым. Асхана жақтан қазанда бүлк-бүлк қайнап жатқан жас еттің исі аңқиды. Ақ дастарханда жаңа піскен ыстық сары бауырсақ, ірімшік-құрт, жент-тары, өрік-мейіз және тағы басқа тәттілер самсып тұр. Тарих пен шежіреге жүйрік Көкіш ағам көсіле әңгіме айтып отырды. Біраз уақыт сол ағамыздың әңгімесіне көңіл аудардық. Ер көңілді, сөзге тапқыр, әңгіме-қалжыңға жүйрік Көкіш Рысбайұлы әңгіме айтқанда майын тамызып, ойнақы тілмен қызықты етіп жеткізіп, тыңдаушысын зеріктірмейді... Иә, бұл кісі туралы ел аузында талай қызықты әңгіме бар. Мысалы, бірде іссапармен алыстағы ауылдың біріне үгіт-саясат жұмысымен барады. Күндізгі кездесуді тәмамдап, кеш бата жергілікті парторгтың үйіне шай ішуге аялдайды.
Дастарқан басында: «Көкіш көке, қызылдан ба, ақтан ба?» деген жігітке «Інім, таусылмайтынынан құй, соңында жетпей қалып, түн ішінде сол, бүгіндері қасқалдақтың қанындай болған «шарап-сусынды» іздеп қиналып қалмаңдар...» деп елді күлдіріпті. Бірде облысқа келген жазушыақындар арасында имиген бір жазушыны танымай, қасындағы жігіттен «Мына біреу сұрақ белгілерің кім?» депті. Шынында да әлгі кісінің сыртқы пошымы сұрақ белгіге өте ұқсас болыпты. Тізе берсек Көкіш ағаның нешебір қызықты әзіл әңгімелері жеткілікті. Бұрынырақта «Меркі» шипажайында бірге демалғанымыз бар. Сонда жасына қарамай өзен бойын бізбен жарыса жүріп аралап, тау-тасқа еш қиналмай сергек көтерілетін. Шахмат десе алдына жан салмайтын. Топ жиып алып, тапжылмай ертелі-кеш шахмат тақтасының төңірегінде жүргенін көресің.
Жай отырмайды, әңгімесі мен әзілі қатар жүреді. Сөйтіп, төңірегіне жиналғандарды мәз-мәйрам етіп отырады. Тағы бір ерекшелігі, ағамыздың өмірге, денсаулыққа деген өз көзқарасы болатын. Бір байқағаным, ол жүргенде әрдайым бойын тіп-тік және қызметке де одан қайтқанда да 5-6 шақырым жерді жаяу жүруді өмірінің соңына дейін әдет етіп өтті. Таңертең 10-15 минут денешынықтырумен айналысып, апта жібермей моншаға барады. Артық салмақ мүлдем жоқ, пышақпен қырып алғандай. Жүрісі жылдам, қимылы ширақ, жүрегі таза, пейілі кең. Әлгі халық арасында «аузын ашса жүрегі көрінеді» дегендей Көкіш аға ақкөңіл, бауырмал, сөзге жүйрік азамат. Денсаулықты қалай сақтау керек дегенімізде ағамыз:
«Моншадан кейін «наркомдық норманы» тартып алып, одан кейін пияз туралған, қара бұрыш салынған буы бұрқыраған ыстық сорпа ішіп, жаяу жүруді дағдыға айналдырсаңдар еш ұтылмайсыңдар. Денсаулық – зор байлық. Оған сергектікпен қарау керек...» деп отырушы еді әңгіме ретіне қарай кейде қалжыңға жол беріп. Көкіш ағаның тауып айтар ұтқыр сөздері, қағытпа әзіл-қалжыңдары әсте естен кете қоймас. Ол өмірде қарапайым, ойы озық, тапқыр, адами қасиеттері мол, жүрген ортасында сыйлы, терең білімді де білгір жан еді. Жер дүниені сілкінтіп, жарты әлемді шарпыған соғыстың көзі тірі куәгері болған Көкіш аға Рысбай 2013 жылы сәуірде 87 жасында өмірден озды. Германияны өз жерінде тұншықтыруға үлес қосқан майдангер Көкіш аға тірі болғанда бүгінде өмірінің жүз жылдығын тойлап жатар еді. Қайран, уыста сусыған құмдай өткінші, жалған дүние-ай! Оған не тоқтау бар? Уақыт шіркін сынаптай сырғып өте бермек...
– Біз ерлік жасап, көзге түсейін, орден алып, медаль алайын деп соғысқан жоқпыз. Біздің қажырымыз бойымызда, қайратымыз тасып тұрған шақпен соғыс уақыты қатар келді. Сын сағатта Отан алдындағы борышымызды өтедік. Алайда соғыстың қасіретін соңымыздағы ұрпақ көрмесе екен, – деп отырушы еді майдангер, тарихшы ғалым-академик, еңбек ардагері Көкіш аға өткен сұрапыл соғыс жылдарын күрсіне еске алып. Көкіш ағаны еске алғанда Мұқағали Мақатаевтың мына бір жыр жолдары еріксіз ойға келеді:
«Санаулы ай, санаулы жыл.
Санай жүріп самайлар ағарды кіл.
Уақытты не пайда санағаннан,
Алатұғын өмірде бағаңды біл.
Қанша күнің, санап көр текке кетті,
Қанша жанды санап көр, өкпелеттің.
Адамдықтан адасып қаншама рет,
Қаншама рет ауытқып, шетке кеттің?!
Қанша жүрек түбінде тұрақ тептің,
Қанша жанның жүзіне шуақ септің?
Қаншама рет қуанып бардың-дағы,
Қанша адамның алдынан жылап кеттің.
Ал, қанеки, санап көр, санағышым!
Сарқылмастан тұрғанда сана-күшің.
Не жақсылық көрсетті адам саған?
Не жақсылық жасадың адам үшін?»
Жерінің тұтастығы мен бейбіт заман үшін қасық қаны қалғанша соғысқан майдангерлеріміздің, одан аман-есен туған жеріне оралып, бейбіт өмірге араласып, Отанымыздың жарқын болашағы мен келешек ұрпақтың бақытты өмірі үшін аянбай, бар күшжігерін ел игілігіне, оның экономикасы мен ғылымын жетілдіруге барынша үлес қосқан Көкіш Рысбайұлы секілді ардақты азаматтардың есімін ұлықтау – парыз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі