Тазалық -тәртіптен, тәртіп – жауапкершіліктен басталады
Қала тазалығы – тек коммуналдық қызметтің жұмысы ғана емес, бұл – қоғам мәдениетінің айнасы. Соңғы жылдары бұл мәселе мемлекеттік деңгейде де ерекше назарға алынып келеді. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында және түрлі жиындарда тазалық пен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы да – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.
– «Тазалық әр адамның өзінен басталуы керек. Біз қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыруымыз қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.
Бұл сөз – жай ұран емес, бұл – әр азаматқа бағытталған нақты үндеу. Себебі қала тазалығы тек бюджет пен техникаға емес, ең алдымен адамдардың сана-сезіміне байланысты. Тараз – тарих пен тағылым тоғысқан көне шаһар. Бұл қалада өткеннің ізі де, бүгіннің тынысы да қатар сезіледі. Қандай қала болсын, оның шынайы келбеті асқақ ғимараттарымен емес, ең алдымен тазалығымен, тәртібімен, тұрғындарының мәдениетімен бағаланады. Көшенің әр бұрышы, әр ағаштың түбі, әр ауланың тазалығы – бұл тек коммуналдық қызметтің ғана емес, тұтас қоғамның айнасы. Дана халқымыз «Тазалық – саулық негізі», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған. Бұл тәмсілдер бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі тазалық – тек сыртқы көрініс емес, ол адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші іспетті. Осы орайда Тараз қаласының тазалығы мен көркеюіне сүбелі үлес қосып келе жатқан мекемелердің бірі – «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС. Бұл кәсіпорын 1998 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. 2025 жылдан бері кәсіпорынды Ғалымжан Қайназаров басқарады. Оның айтуынша, жүйедегі негізгі өзгеріс адамға көңіл бөлуден басталған.
«Біз үшін ең бастысы – қаланың тазалығы ғана емес, сол тазалықты қамтамасыз етіп жүрген адамдардың жағдайы. Қызметкерлердің еңбегі бағаланғанда ғана нәтиже тұрақты болады», – дейді ол.
Айта кету керек соңғы жылдары мекемеде әлеуметтік қолдау күшейген. Қызметкерлерге арнайы берілетін бір мезгіл ыстық тамақ пен айранның сапасы жақсарған, одан бөлек тұрмыстық жағдайлар жасалып, киім-кешек пен құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жалақы мөлшері екі есеге өсіп, 206 мың теңгеге дейін жеткен.
Таңғы қала – көзге көрінбейтін еңбек
Қала шырт ұйқыда жатқанда басталатын тіршілік бар. Таңғы бесте жұмысқа кірісетін коммуналдық қызметкерлер үшін уақыттың әр минуты маңызды. Себебі қала оянғанша көшелерді ретке келтіріп үлгерулері керек. «Еңбектің наны тәтті» демекші, жол тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы Жұмабек Сағындықов 2010 жылдан бері осы салада тынбай еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, бұл жұмыстың қиындығы да, жауапкершілігі де жоғары:
– Біз тазалық жұмыстарын жүргізбесек, бір күннің ішінде-ақ қоқысқа толған қала болып өзгеріп кетеді. Таңертең тазалап кетеміз, кешке қарай қайтадан қоқыс пайда болады. Бірақ біз ертеңіне тағы келіп, жүйелі жұмысымызға кірісеміз. Бұл – біздің басты міндетіміз, әрі біз өз жұмысымызға аса жауапкершілікпен қарауды жөн санаймыз, – дейді ол.
Оның әріптесі Сайлаукүл Сағындықованың айтуынша:
– «Жұмыс ауыр. Қыста суық, жазда ыстық. Бірақ біз мұндай ауа райына әбден дағдыланғанбыз. Қиыны – адамдардың өзі тазалықты сақтамайды. Сол кезде еңбегіңнің бағаланбағанын сезесің», – дейді ол.
Бұл сөздер – жай ғана эмоция емес, бұл – жүйелі мәселенің көрінісі. Қала тазалығы тек қызметкерлердің еңбегімен ғана емес, тұрғындардың мәдениетімен де өлшенеді.
Бір жердегі кідіріс бүкіл жүйеге әсер етеді
Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару – қаланың санитарлық жағдайындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Бұл салада 2006 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жүргізушілер Салидин Құрманқұлов пен Ержан Құдайбергенов үшін әр күн – нақты жоспар мен тәртіпке бағынған жұмыс.
– Қоқыс уақытында шығарылмаса, оның салдары бірден көрінеді. Сондықтан бізде кідіріс болмауы керек, – дейді Салидин Саргаскаевич.
– Бұл жұмыс демалыссыз жүреді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан біз таңертең жұмысқа шығамыз. Өйткені тазалық басты орында, – дейді Ержан Тұрсынбайұлы.
Бұл сөздердің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі қала тазалығы – дәл осы тәртіпке байланысты. Диспетчер Ғани Дөненбаев бұл процестің үйлесімді жүруін қамтамасыз етеді:
– Бір жердегі кідіріс бүкіл жүйеге әсер етуі мүмкін. Сондықтан бәрін бақылап отыру керек, – дейді ол.
Су мәселесі – күрделі түйін
Қаладағы тағы бір өзекті мәселе – ирригациялық жүйелердің жағдайы. Соңғы жылдары қардың күрт еруі салдарынан кейбір аумақтарды су басу жағдайлары тіркелген. Аға гидротехник Мағауия Утельбаев бұл мәселенің тек табиғатқа байланысты емес екенін айтады: – Менің негізгі жұмысым саябақтардағы газондарды суару. Одан бөлек басқа да жұмыстарды қатар алып жүреміз, – дейді ол.
Ал механизация бөлімінің трактор жүргізушісі Дәурен Қырқынбаев ауыр техниканың көмегімен осы мәселелерді шешуге атсалысады: – Кейбір жерлерге техникамен жету қиын. Бірақ біз мұндай қиындықтарға да төтеп бере отырып, жұмысымызды бар ыждақаттылықпен атқарамыз, – дейді ол.
Сонымен қатар мекеменің көгалдандыру учаскесінің меңгерушісі Гүлнара Оразалинаның міндеті де аса мұқияттылықты талап етеді. Еңбек өтіліне 20 жыл толған ол гүл егу жұмыстарымен айналысады. Айтуынша, бұл іс оның жанының бір бөлшегі іспетті. Ал қызметкерлердің жұмысына деген сүйіспеншілігі жұмыстың өнімділігін арттыра түсетіні сөзсіз. Қала тазалығы тек коммуналдық қызметке жүктелмеуі тиіс. Бұл – әр адамның жауапкершілігі. Кейбір аулалардағы жағдай осының әлі де өзекті екенін көрсетеді. Қоқысты бейберекет тастау, ортақ аумаққа немқұрайлы қарау – тек тәртіпсіздік емес – мәдениет деңгейінің көрсеткіші. Қала – ортақ үйіміз дейтін болсақ, ал сол ортақ үйдің тазалығы әрбір тұрғынға байланысты.
Мақпал СҮЙІНБАЙ