Мемлекет шекарасындағы маңызды нүкте
Қазақ халқы ежелден-ақ туған жерінің әрбір қарыс жерін қасық қаны қалғанша қорғаған халық. Себебі мемлекеттің шекарасы – ел тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры. Бағзы заманнан бері ата-баба аманатына адалдықтың жарқын үлгісі – бүгінгі күннің шекара сақшылары. Әулиеата өңірінде де ел сенімін ақтап, шекара шебінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген сарбаздар сол рухтың бүгінгі жалғасы іспетті. Солардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне бағынысты «Жасөркен» шекара бөлімшесінің жігіттері. Шекараның кез келген нүктесіндегі ахуалды дер кезінде жөндеп, шекара шебінің арасындағы үйлесімді байланысты қамтамасыз ету – осы бөлімше қызметкерлерінің күнделікті жұмысы.
Атап өтейік, бұл шекара бөлімшесінің іргетасы 2012 жылы қаланған. Қазіргі таңда бөлімшеге Данияр Баширов басшылық етеді. Оның айтуынша, мұнда қару-жарақ пен байланыс құралдарының жарамдылығы, кезекшілікке шығар алдындағы (наряд) нұсқама, қауіпсіздік талаптары, қызметтік құжаттардың дәлдігі және жеке құрамның моральдықпсихологиялық дайындығының барлығы бір жүйемен, бір ырғақпен жүргізіледі.
Айта кетейік, былтырғы жылы «Жасөркен» шекара бөлімшесінің батыр жігіттері таулы аймақта барымташылық фактісінің алдын алып, бас-аяғы 107 жылқының елімізге енуіне жол бермеген. Бұл жылқыларды барымташылар Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына заңсыз өткізбек болған. Сол секілді биыл қаңтар айынан бері бөлімше 5 мемлекеттік шекара бұзушыны құрықтаған. Олардың екеуі күрд ұлтының өкілі болса, үшеуі Пәкістан Республикасының азаматтары. Олардың Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат беретін құжаттары, оның ішінде жеке басын растайтын куәліктері болмаған. Сол себепті ресми өткізу пункттері арқылы өте алмай, шекараны заңсыз жолмен кесіп өтпек болған.
Жас та болса үлкен әскери ұжымға басшылық ететін Данияр Төлеуқажыұлы 2026 жылдың 13 сәуірінен бері «Жасөркен» шекара бөлімшесінің бастығы болып еңбек етіп келеді. Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Айтпақшы, аталған бөлімшедегі кеңсе, қызмет атқару орындары және жеке құрамға арналған жатын бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Бұдан бөлек бөлімше аумағында офицерлер құрамына арналған тұрғын үй бар. Онда осы жерде қызмет ететін офицерлер өз отбасыларымен бірге тұрады. Әскери қызметшілерге арналған жатақхана да қарастырылған. Келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілердің бір бөлігі 50 пайыздық жүйемен орналастырылады, яғни олардың жатын орнының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Қалған бөлігі үшін тұрғын үй төлемдері берілетіндей жағдай жасалған. Бүгінгі таңда бөлімшеде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздармен тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, жергілікті мәдени орталықтармен, мешіт имамдарымен кездесулер өткізіліп тұрады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы кинотеатрлар мен музейлерге экскурсиялар ұйымдастырылады.
Мұнда шекара бөлімшесі ашылған жылдан бері еңбек етіп жүрген әскери қызметкер бар. Ол – бөлімше старшинасы, ІІІ сынып сержанты Ербол Баймұхамбетов. Бұл жігіт 2012 жылы жас сарбаз ретінде қызметін бастап, бүгінге дейін осы бөлімшеде үздіксіз еңбек етіп келеді. Ербол жас әскери қызметшілермен жұмыс жүргізіп, оларды тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді.
– Бөлімшеде табан аудармай қызмет етіп келе жатқаныма біраз жыл болды. Осы уақыт ішінде талай сарбазбен бірге жұмыс істедік. Олардың арасында бүгінде осы салада қызметін жалғастырып жүргендері де, басқа бағытты таңдағандары да бар. Бірақ қай жерде жүрсе де хабарласып, жағдайымызды сұрап, іздеп тұрады. Бұл – біздің еңбектің текке кетпегенінің белгісі, – дейді Ербол Сыдықұлы.
Бөлімшеде еліміздің әр өңірінен шақырылған жас сарбаздар кезекшілік атқарып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауда. Олардың қатарында Қызылорда және Түркістан облыстарынан келген әскери қызметшілер де бар. Қызметке келгендеріне шамамен 7 айға жуықтаған жауынгерлер темірдей тәртіпке толықтай бейімделген. Тіпті мұндағы өмірді ұнатып, келісімшарт негізінде қызметін жа лғастыруды жо спарлап жүргендері де кездеседі. Соның бірі – Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Ербол Әміров.
Киелі Түркістан өлкесінен келген жігіттің бірі – Ерсұлтан Мәуленұлы. Ол қатарластары арасында ұйымшылдығымен, сабырлылығымен және тапсырманы тиянақты орындауымен ерекшеленеді.
Қорыта айтқанда, еліміздің шекарасы – тәуелсіздігіміздің тірегі. Ал о сы шекараны күзетіп жүрген сарбаздар мен офицерлердің тынымсыз еңбегі – бүкіл халықтың қауіпсіздігінің кепілі. Олардың қажырлы еңбегі арқасында әрбір әскери бөлімше үздіксіз байланыспен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы «Жасөркен» шекара бөлімшесінің әскери ұжымы республика бойынша «Үздік бөлімше» атануы – шекарашылардың «Қырағылық – басты қаруымыз» деген ұраны осы бөлімнің қызметіне де толық сай келеді.
Есен ӨТЕУЛІ