Қоғам

Жас буын полиция жұмысымен жақынырақ танысты

Облыстық полиция департаментінде өткен «Ашық есік күні» жасөспірімдер үшін мазмұнды әрі тағылымы мол шараға айналды. Арнайы ұйымдастырылған экскурсияға Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысып, ішкі істер органдарының тарихы мен қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шараға 50-ден астам жас қатысушы жиналды. Олардың қатарында ішкі істер органдары ардагерлерінің отбасы мүшелері де болды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, жас буынның бойында елге қызмет етуге деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Экскурсия барысында қатысушылар департаменттің тарихи мұражайын аралап, құқық қорғау саласының қалыптасу кезеңдері мен даму жолынан сыр шертетін құнды деректермен танысты. Әсіресе Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы көркемфильм жасөспірімдерге ерекше әсер қалдырды. Батырдың ерлігі арқылы Отанға адал қызмет етудің, антына берік болудың мәні кеңінен насихатталды. Сонымен қатар іс-шара барысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің өмір жолы туралы да айтылып, олардың ерлігіне тағзым жасалды. Бұл жастардың санасында батылдық, жауапкершілік және патриоттық сезімдерді қалыптастыруға ықпал етті.

Кездесу аясында полиция қызметкерлері өздерінің күнделікті жұмысы, қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі туралы жан-жақты мәлімет берді. Ашық форматта өткен диалог барысында оқушылар мен студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Құқықтық тәрбиеге бағытталған әңгімелер құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілік мәселелерін қамтыды. Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар санасына сіңіруде ерекше маңызға ие.

Тәрбиелік мәні зор бұл кездесу жасөспірімдердің құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашаққа деген көзқарасын айқындауға да септігін тигізді. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандық иелерінің еңбегі мен жауапкершілігін өз көздерімен көрген жастар үшін бұл күн ұмытылмас әсерге толы болды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ