Кей көрсеткіштердің төмен болуының себебі неде?
Ел индустриясы мен инновациялық мүмкіндіктерін арттыруда шетел инвесторларының оң ықпалы айрықша. Мұны сан түрлі жобалар аясында бой көтерген өнеркәсіп нысандары мен дер кезінде қолға алынған байыпты бастамалар дәйектей түседі. Демек, инвестициялық жобалар – экономика дамуының қайнар көзі. Ал оған басымдық беру – қай мемлекеттің болмасын ел басқарудағы басты қағидаттарының бірі. Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары Әулиеата өңірі инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып үлгерді.
Бүгінде облыстың әлеуметтікэкономикалық жағдайы қарыштап дамып келеді. Бір ғана мысал, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 72 пайызға артқан. Бұдан бөлек облыс экономикасының өсім үлесі – 118,4 пайызды құрап отыр. Бұл туралы бірер күн бұрын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде белгілі болды. Жалпы, жиын барысында 2026 жылдың қаңтарнаурыз айларындағы облыстың әлеуметтікэкономикалық даму қорытындылары қаралды.
Басқосуда ең әуелі облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Оның айтуынша, есепті кезеңде экономика лық өсімнің оң динамикасы барлық салалардағы өндіріс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіліпті.
Мұнан соң Нұржан Сәбитұлы биылдан бастап енгізілген облыс әкімдігіне қарасты басқармалар, аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің жұмысына мониторинг жүргізудің жаңа жүйесін қысқаша түсіндірді. Ол өз сөзінде аталған жүйе бірнеше облыстың озық үлгілері негізінде облыс әкімі аппаратымен бірлесіп әзірленген арнайы методика бойынша жасалғанын жеткізді. Айта кетейік, бұл методология 5 негізгі бағыт пен 76 көрсеткіштен тұрады. Осы мониторинг нәтижесі бойынша мемлекеттік органдардың жұмысына баға беріліп, қорытындысы облыс әкімінің назарына ұсынылмақ. Соның нәтижесінде тиісті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары баяндамашының есебінде қамтылған бірқатар кемшіліктерге де тоқталды.
Бұдан кейін бірқатар аудан әкімдері бұл мәселенің мәнжайын, жағдайды оңалту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын баяндады. Мәселен, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов көрсеткіштің төмендеуіне «Меркі қант зауытының» қаңтар-наурыз айларында жұмыс істемеуі себеп болғанын жасырмады. Қазіргі таңда зауыт 40 мың тонна шикізатқа (тростник) келісімшарт жасап, өңдеуді бастаған. Бүгінгі күнге 7520 тонна шикізат жеткізіліп, 6 144 тоннасы өңделіп, 5 215 тонна қант өндіріліпті.
Аудан басшылығы бірінші жартыжылдықта көрсеткіштерді толық қалпына келтіруге уәде беріп отыр. Ал Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, күн электр стансасының жарықты аз өндіруінен көрсеткіш төмен деңгейде қалыптасыпты. Сол секілді Байзақ ауданы әкімі Олжас Баққараев көрсеткіштің төмендеуіне аудан аумағындағы бірқатар кәсіпорындардың, атап айтқанда Қызыл Жұлдыз ауылындағы макарон цехының, Талас ауылындағы сүт өнімдері мен шұжық цехтарының, сондай-ақ «Кастом Бокс» гофрокартон зауытының Тараз қаласының әкімшілік шекарасына өтіп кетуі себеп болғанын айтты. Бұған қоса жаңадан ашылған кірпіш зауытының шатыры қалың қарды көтере алмай құлап, жұмысы уақытша тоқтап қалған. Қазіргі таңда аталған зауыт жұмысы қайта жанданып, жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жоспарды орындау көзделіп отыр екен.
Сонымен қатар жиында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұрланұлы аудандағы өңдеу өнеркәсібінің төмендеуі «Аманкелді» газ өңдеу зауытына жеткізілетін шикізат көлемінің азаюына байланысты орын алғанын тілге тиек етті. Аудандағы өндіріс көлемінің 8 0 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі екен. Бүгінгі күнге сәуір айында 10 мың тонна шикізат жеткізілсе, осы айда қосымша 7 мың тонна әкелінеді. Ал мал шаруашылығындағы кемшіліктерге жеке қосалқы шаруашылықтарда мал басының кемуі себеп. Қазіргі кезде бұл мәселе жаңа туған төлдерді есепке қосу арқылы шешіліп жатыр. Соның нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша мал саны қайта қалпына келеді деп күтілуде. Аудан әкімінің орынбасары осы жұмыстардың нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш толық орындалатын болады деп сендірді.
Сондай-ақ аталған жиынның күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек пен Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен қаржының игерілуі туралы есеп берді. Басқосу соңында Нұржан Календеров жүргізілген мониторинг талдауы бойынша бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен жауап алып, атқамінерлерге кемшілікті түзетуді тапсырды.
Есен ӨТЕУЛІ