Білім

Бес жылда жоғары білімге бөлінген қаржы екі есеге өсті

Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді

Соңғы жылдары Қазақстанда жоғары білім беру саласына айтарлықтай көңіл бөлініп, қомақты қаржы бағытталып келеді. Алайда бұл өсім сапалық өзгеріске алып келді ме? Бұл сұрақ қоғамда жиі талқыланып жүр. Жақында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Тілеген Каскин мемлекеттік аудит қорытындыларын жариялап, саладағы бірқатар жүйелі мәселелерді ашық айтты.

Оның сөзіне сүйенсек, соңғы бес жылда жоғары білімге бөлінетін қаржы көлемі екі есеге жуық өсіп, 246 миллиард теңгеден 472 миллиард теңгеге жеткен. Ал студенттердің саны 625 мыңға дейін артса, мемлекеттік гранттардың көлемі 77 мыңнан асқан. Қарап тұрсаң, көрсеткіш жаман емес. Бірақ мәселе сан емес, сапада болып отыр. Мемлекеттік аудит нәтижесі көрсеткендей, қаржыландырудың артқанына қарамастан, білім беру жүйесінде сапа, ашықтық және нәтижелілік деңгейі тиісті деңгейде өспеген. Сарапшылар мұны салада тұрақты әрі жүйелі стратегиялық бағыттың болмауымен байланыстырады. Соңғы жылдары қабылданған жеті стратегиялық құжаттың басым бөлігі толық іске аспай, мерзімінен бұрын тоқтатылған. Талап күшейтудің орнына, керісінше, жеңілдетілген. Тағы бір алаңдатарлық жайт – халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштердің төмендеуі. Бұрын әлемнің ТОП-700 университеті қатарына енген отандық ЖОО саны 9 болса, бүгінде 6-ға дейін қысқарған. Ал түлектерді жұмыспен қамту деңгейі 73-75 пайыздан 40-41 пайызға дейін төмендеген.

Саладағы бақылау мен цифрлық басқару жүйесі де сын көтермейді. Жоспарлы тексерістер іс жүзінде жүргізілмеген, ал білім деңгейін бағалау тек үш ведомстволық академиямен шектелген. Ең сорақысы – негізгі ақпараттық жүйелердің бір-бірімен интеграцияланбауы. Соның салдарынан студенттер, гранттар мен оқу деректері қолмен енгізіліп, түрлі заң бұзушылықтарға жол ашылған. Тіпті кейбір жағдайларда талапкерлер шетелдік жоғары оқу орындары арқылы ауысып, ҰБТ талаптарын айналып өткен. Сапаны қамтамасыз ету жүйесі де формальды сипатта қалып отыр. Білім беру бағдарламалары еңбек нарығының нақты сұранысымен толық үндеспейді. Мәселен, 2022 жылы басым бағыттар бойынша 9 мыңнан астам грант игерілмей қалған. Оның ішінде 6 мыңнан астамы инженерлік мамандықтарға, ал 3 мыңға жуығы IT саласына тиесілі. Жыл сайын 20 мыңға жуық IT маманы дайындалғанымен, олардың тек 30 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.

Гранттарды бөлу мен есепке алу жүйесінде де кемшіліктер жетерлік. 2023-2024 жылдары қаржының небәрі 40 пайызы ғана бірыңғай оператор арқылы өткен. Бұдан бөлек, 33 жағдайда бұрын оқудан шығарылған азаматтарға қайтадан грант тағайындалған. Жалпы сомасы шамамен 85 миллион теңгені құрайды. Тағы бір күрделі мәселе – студенттердің оқудан шығарылуы мен мемлекет қаржысының қайтарылмауы. Соңғы үш жылда 24 мыңға жуық студент оқудан шығарылып, оларға 19,6 миллиард теңге жұмсалған. Оның ішінде 10 мың студент бойынша жұмсалған қаржы туралы дерек мүлде жоқ. Сонымен қатар магистратураға түсіп, кейін оқудан шығу арқылы міндетті өтеуден жалтару фактілері де анықталған. Бұл бағыттағы ықтимал шығын 10, 8 миллиард т е ң ге ге бағаланып отыр. Инфрақұрылым мен оқу орындарының ішкі басқару жүйесі де жетілдіруді қажет етеді. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасында да бірқат ар тәуекелдер анықталған. Мәселен, 7,7 миллиард теңгеге 340 үміткерге стипендия жеке шешіммен берілген, ал 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс тағайындалған.

Жасанды интеллект бағыты бойынша жоспарланған 54 гранттың тек 5-еуі ғана игерілген. Сауалнама нәтижелері де жағдайдың күрделі екенін көрсетеді: оқытушылардың 46 пайызы жалақыны бәсекеге қабілетсіз деп есептейді. Студенттердің 41 пайызы білім бағдарлама ларын ескірген десе, 45 пайызы университет инфрақұрылымы қазіргі талапқа сай емес екенін айтқан. Жалпы қорытынды біреу: бүгінгі жоғары білім жүйесі нәтиже емес, процесті қаржыландырып отыр. Ал бұл – үлкен қауіп. Себебі, білім – елдің болашағы екенін ескеруіміз керек. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те білім гранттарын бөлуде теңгерімсіздік барын айтып, кадр даярлау мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықтың ұлғайып бара жатқанын атап өтті. Ендеше, басты міндет – қаржыны көбейту емес, оның тиімділігін арттыру. Нақты бақылау орнатып, цифрлық жүйені біріздендіріп, білім сапасын еңбек нарығымен тікелей байланыстыру қажет. Әйтпесе, бөлінген миллиардтар нәтиже бермей, тек қағаз жүзіндегі көрсеткіш болып қала беруі мүмкін.

 

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ