Жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындыққа 25 миллиард теңге бөлінеді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен осы аптада өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде өткен жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

Жиында Энергетика вицеминистрі Сұңғат Есімханов, KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады. Үкімет басшысы өткен жылу беру маусымы аса бір қауіпті апаттық жағдайларсыз аяқталғанын атап өтті. Электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны былтырмен салыстырғанда 15 пайызға азайды. 17 мың МВт электр энергиясы өндіріліп, тарихи ең жоғары деңгейге қол жеткізілді. Бұл өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары. «Аталған фактілер өткен қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының едәуір жоғары болғанын білдіреді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды және коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды.

«Тарифті инве стицияға айырбаст ау» бағдарламасы аясында биыл электр стансаларын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына шамамен 384 миллиард теңге қаралған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Сондай-ақ еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Тек биылдың өзінде 130 шақырым жылу желілері мен 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған. Аталған шаралар желілердің тозу деңгейін тиісінше 48 және 62 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Олжас Бектенов.

Бұл ретте Премьер-министр ведомстволар мен әкімдіктердің жөндеу жұмыстарының көлемі мен оларды қаржыландыруды қысқартуға жол бермеуі қажеттігіне назар аударды. Әрбір мұндай факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданады. Осыған байланысты «KEGOC» компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп, 25 мамырға дейін ұлттық маңызы бар стансаларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекітуді тапсырды.

Сондай-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін өңірлерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қаржылық қолдау көрсетілетіні атап өтілді. Энергия көздері мен желілік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастыру қажет. Жылу желілерін дер кезінде әрі сапалы сынақтан өткізу керек. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуы тиіс.

Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Үкімет резервінен 25 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды. Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға, сондайақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды. Олжас Бектенов бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын және қол жеткізілген нәтижелерді бақылауда ұстау қажет екенін баса айтты. Өңірлерде энергия нысандарының дайындық паспорттарын алмайтын жағдайлар тіркелетін болса, оған өңір әкімдері тікелей жауапты болады. Өңір әкімдіктеріне екі апта мерзімде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына нақты кірісу тапсырылды.

Энергетика министрлігіне Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен теміржол тұйықтарында отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 1 триллионнан астам қаражат жұмсалады

Үкімет отырысында Энергетика вицеминистрі өткен кезеңнің қорытындылары мен энергия нысандарының техникалық жайкүйі туралы айтты. «2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы аяқталды. Әріптестермен бірігіп жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында ол тұрақты өтті. Жылыту кезеңінде ірі технологиялық бұзушылықтар орын алған жоқ. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді. 2025 жылы электр стансаларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру алдыңғы кезең деңгейінен 348 миллиард теңгеге дейін 6 пайызға ұлғайтылды. Жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 16 пайызға ұлғайтылып, 129 миллиард теңгеге дейін жеткізілді.

Электр стансаларында жөндеу кестесіне сәйкес 10 энергия блокта, 63 қазандықта, 39 турбинада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр желілерінде 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станса жөнделді. 323 шақырым жылу желісі реконструкцияланып, ауыстырылды. Бұл электр стансаларының негізгі жабдықтарының тозуын 53 пайызға, электр желілерінің тозуын 66,2 пайызға және жылу желілерінің тозуын 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді», – деді Сұңғат Есімханов. Аталған шаралар жылыту маусымының тұрақты өтуіне және елдің энергетикалық кәсіпорындарының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге тікелей әсер еткен. Мәселен, 2025 жылғы желтоқсанда электр генерациясының максимумына қол жеткізілді және ол 17273 МВт құрады, бұл өткен кезеңдегі деңгейінен 7 пайызға артық. Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамау жағдайларының саны 65-тен 21 жағдайға дейін үш есе қысқарған.

Электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар 12 пайызға, ал электр стансалары бойынша 15 пайызға қысқарды. Көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті шеңберінде тиісті тексеру шаралары жүргізіліп, осындай жағдайлар қайталанбас үшін тиісті ұсынымдар берілген. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу электр орталықтарының рейтингі жақсарды. Осылайша, 5 жылу электр орталығы қызыл аймақтан сарыға және 3 жылу электр орталығы сарыдан жасылға көшкен.

Оның айтуынша, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі – маңызды проблемалық мәселе. Энергия өндіруші ұйымдардың «QazaqGazAimaq» акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 37 миллиард теңгеден асты. Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде электр стансаларында бекітілген кестеге сәйкес биыл 9 энергия блокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 4 энергия блокта, 18 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізілуде. 1 қазандық пен 1 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. Электр стансаларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 384 миллиард теңге деңгейінде жоспарланған, бұл өткен жылғы деңгейден 9 пайызға жоғары. Электр желілерінде 1,2 мың шақырым электр беру желісі, 54 қосалқы станса жөнделген. Жылу желілері бойынша реконструкциялау және жөндеу жоспары 377 шақырымды құрайды. Жұмыстар гидравликалық және температуралық сынақтар аяқталғаннан кейін басталып жатыр. Қазіргі уақытта 7 өңірде басталған, қалғандарында алдағы аптада басталады. Жөндеу жұмыстары график бойынша жүргізілуде, бүгінде артта қалушылық жоқ.

Алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін министрлік барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырса, Энергетикалық қадағалау комитеті іс-шаралардың орындалуын қатаң қадағалайтын болады. Энергетика министрлігі әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп энергетикалық кәсіпорындарды алдағы күзгіқысқы кезеңге сапалы дайындау бойынша жұмысты жалғастырмақ.

Елімізде электр энергиясын өндіру артқан

Жиында KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов өткен күзгі-қысқы кезеңнің қорытындылары және алдағы 2026- 2027 жылдарға дайындық туралы айтты.

Олар: Екібастұз ГРЭС1 – 8 блок, Екібастұз ГРЭС-2 – 2 блок, «ЕЭК» акционерлік қоғамы – 7 блок, Жамбыл ГРЭС-і – 4 блок. Сонымен қатар жоспарланған қуатты іске қосуды қамтамасыз ету, жүйелік оператормен келісілген мерзімде негізгі генерациялайтын және электр желілік жабдықтарды жөндеуді жоспар бойынша орындау, жылу электр стансаларындағы көмірдің нормативтік қорларын қаматамасыз етіп, газ электр стансалары үшін газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету және Жамбыл ГРЭСін жеткілікті көлемде отынмен, салқындатқыш сумен қамтамасыз ету мәселелерін алдын ала шешу қажет.

Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінде «Қазақстан біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы бойынша барлық жұмыстар өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. «Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» әуе желілері бойынша құрылыс алаңдарына материалдар жеткізіліп, құрылыс-монтаждау, іргетастар мен тіректерді орнату, сымдарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба жүзеге асқаннан кейін «Алматы – Жамбыл» учаскесінде желінің өткізу қабілеті 1100 МВт-тан 1500 МВтқа дейін артады.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау – өзекті мәселе

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде инвесторлар құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы тосқауылдарды жою және шетелдік капиталды тарту жұмысын күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңеске мемлекеттік органдардың, Бас прокуратура, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басшылары, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері қатысты.

Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, көп деңгейлі қолдау тетігі шеңберінде инвесторлар құқықтарын қорғау жөнінде кешенді шаралар қабылдауда. Жуырда ғана құрылған Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бизнесті толғандыратын мәселелерді жедел шешуге белсенді әрі нақты қатысуда. Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб проактивті режимде жұмыс істеуде, биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жалпы құны 25,5 миллиард долларды құрайтын 44 жоба қаралды.

Инвестициялық штаб тапсырмаларының орындалуын бақылауды Бас прокуратура жүзеге асырады. Сонымен қатар барлық өңірде әкімдердің басшылығымен және прокурорлардың қатысуымен штабтар жұмыс істейді. Әкімдіктер тарапынан тоқсан сайынғы стратегиялық сессиялар өткізу тәжірибесі енгізілген, онда түйткілді мәселелер талқыланып, бизнеспен бірлесіп «инвестицияларға тапсырыстар» бекітіледі. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау облыстары және Алматы қаласында материалдарды дайындау деңгейі жоғары әрі 100 пайыз мақұлдау тіркеліп отыр. Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратураның өзара іс-қимылы аясында Инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жол картасы әзірленді. Келісімшарттар жасау және сүйемелдеу рәсімдерін жетілдіру, жер телімдерін беруді оңтайландыру, сондай-ақ инвестициялық кураторлықты дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан жүйелі көзқарас пен жедел ден қоюды талап ететін мәселелер сақталып отырғанын атап өтті. Инвесторлар мен бизнес өкілдерінен келіп түскен өтініштерді қарау барысында жол беруге болмайтын жергілікті деңгейде көзбояушылық және әкімшілік созбалаңға салу фактілері бар. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев ағымдағы жағдай туралы баяндады. Министрліктің мәліметі бойынша, биылғы бірінші тоқсанда тізілімге инвесторлардан 273 өтініш түсіп, олардың жартысына жуығы оң шешімін тапқан. Олардың басым бөлігі салықтық әкімшілендіру, кедендік рәсімдер, жерді пайдалану, қала құрылысы және басқа да мәселелерге қатысты.

Атап айтқанда, екі жыл ішінде клиникалық-диагностикалық зертханалар желісіне қатысты жоспардан тыс бес салықтық тексеруді бастау фактілері атап өтілді. Бұл ретте бұрынғы тексерулер процестік бұзушылықтарға байланысты, сондай-ақ «прокурорлық сүзгі» шеңберінде жойылды. Нәтижесінде мәселе бизнестің пайдасына шешілді. Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы осы жылдың бірінші тоқсанында бизнестен келіп түскен 213 өтініш бойынша мәселелер шешілгенін хабарлады. Оның 40 пайызы толығымен қанағаттандырылса, 50 пайызы бойынша кәсіпкерлерге құқықтық түсініктемелер берілген. Комитеттің мәліметінше, биыл 600 инвестордың құқы қорғалған, бұл ретте бүгінгі таңда әрбір өтініш қайта бағыттаусыз қаралуда.

Осы ретте қабылданған оң шешімдердің қатарында Алматы облысындағы қағаз материалдарын өндіретін көпсалалы компанияны отандық өндірушілер тізіліміне енгізу, Атырау облысында ірі энергетикалық жобаны жүзеге асыратын инвестордың инженерлік желілерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бар.

«Инвесторлардан келіп түсетін әрбір өтініштің артында, шын мәнінде капиталды орналастыру, жаңа өндірістер ашу және қолданыстағы өндірістерді кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру туралы шешімдер тұрғанын үнемі назарға алу керек. Сондықтан инвесторлардың мәселелерін жедел реттеу – бұл мемлекеттік аппараттың инвестициялар тарту бағытындағы жұмысының тиімділігін көрсетеді. Мемлекеттік органдардың өтініштерге жауап беруден жалтаратын немесе жауапкершілікті біріне бірі ысыратын лауазымды тұлғаларға қатысты ең қатаң шаралар қабылданатын болады. Бұл ұлттық компаниялар мен жалпы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына да қатысты. Мұнда екіұшты жауап болмауы керек, инвестордың әрбір өтініші нақты шешімді талап етеді», – деген Премьер-министр инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тежейтін себептердің жүйелік сипаты бар екенін атап өтті.

Негізгі проблемалар мемлекеттік органдар арасында үйлестірудің жеткіліксіз болуымен, жауапкершілікті бөлудің бұлыңғырлымен, мемлекеттік қызметтердің регламенттелген мерзімдерінің бұзылуымен және жергілікті жерлерде бақылаудың әлсіздігімен байланысты. Әкімдіктердің жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Өңір басшыларына негізгі инвестициялық жобаларды «қолмен басқару» режимінде сүйемелдеу, туындайтын кедергілерді уақтылы жою және инвесторларға жер учаскелерін, инфрақұрылымды және рұқсат құжаттарын беру кезінде көзбояушылыққа жол бермеу тапсырылды.

Сонымен бірге Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны толтырудың баяу қарқыны да атап өтілді. Бүгінгі таңда ҰЦИП-қа жалпы сомасы шамамен 100 триллион теңгеге 3 мыңнан астам жоба енгізілген. Жүйеге 400-ден астам жоба әлі жүктелмеген, бұл аймақтардағы нақты ахуалды бұрмалайды.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов инвестициялық циклдің жаңа архитектурасы шеңберінде сыртқы контурды күшейту тәсілдері туралы баяндады. Компания АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Малайзия және Катар сияқты жеті негізгі елде толыққанды қатысуын қалыптастырды. Шетелдегі өкілдіктер «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін инвесторларды қолдау орталықтарына айналдырылады. Бұл ретте инвесторға жобаны пысықтау кезеңінде Қазақстанға келудің қажеті болмайды, мәселелер шетелдегі кеңселер арқылы сол жерде шешіледі.

Жиын қорытындысы бойынша қандай тапсырмалар берілді?

● Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша әкімшілік кедергілерді анықтау және жою мақсатында заңнамаға ревизия жүргізу. Өтініштерді талдау қорытындысы бойынша анықталған заңдылықтар мен институционалдық шектеулер негізінде нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау.

● Инвесторлардың өтініштері бойынша оларды «бір цифрлық терезе» қағидаты негізінде мониторингтеу және жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, жедел әрекет ету бойынша жүйелі жұмысты жолға қою. Барлық инвестициялық жобаларды Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға (ҰЦИП) енгізуді аяқтау, сондай-ақ инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы хабар алмасу функциясы бар платформаның мобильді қосымшасын іске қосуды жеделдету. Елімізде жүзеге асырылған және жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалар бірыңғай цифрлық контурда шоғырландырылуы тиіс.

● Сыртқы бағыттағы жұмысты күшейту бойынша Kazakh Invest-ке СІМ-мен бірлесіп шетелдегі өкілдіктерді толыққанды іске қосу үшін ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелерді жедел шешу, сондай-ақ Kazakh Invest-тің барлық шетелдік кеңселерінің жұмысын стандарттауды қамтамасыз ету тапсырылды.

● Инвестициялық келісімшарттар мен жер мәселелері бойынша инвесторларға рұқсат беру құжаттарын инвестициялық келісімшарттарды келісу және қол қою мерзімдерін түбегейлі қысқарта отырып, пакеттік қағидат бойынша ұсыну тапсырылды. Сонымен қатар жер ресурстарын басқаруға қатысты шашыраңқы ақпараттық жүйелерді бірыңғай цифрлық контурға біріктіру қажет.

● Барлық ХҚКО-ларда инвесторларға қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған терезелер ашылып, мемлекеттік қызметтер басым және жедел тәртіпте көрсетілуі тиіс. Облыстық және аудандық ХҚКО директорларын өңірлік инвестициялық штабтардың құрамына енгізу.

● «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және отандық инвесторлармен өзара іс-қимылдың бірыңғай регламентін бекіту қажет.

● Инвесторларға салықтық жеңілдіктер беруге қатысты тәсілдерді атаулылық, экономикалық тиімділік және бұрын көрсетілген салықтық емес мемлекеттік қолдау шараларын ескере отырып әзірлеу міндеті қойылды.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП